Дана Нұржігіт қарапайым халықтың қаржылық сауатын көтеру керектігін айтты
Сенатор Дана Нұржігіт халықтың қаржылық сауаттылығын көтермей, кредит беруге болмайтын айтты. Депутаттың айтуынша, кейбір азаматтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнес бастау үшін кредит алып, оны ақыр соңында жеке басының шаруасына жұмсап жібереді, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутат сенаттың бүгінгі отырысында ауыл шаруашылығы саласында кредит беру мәселесіне тоқталды. Осы орайда Нұржігіт жақында "Даму" қорында жұмыс істейтін журналист әріптесімен кездесіп, сөйлескенін жеткізді. Ол кісі "Даму" қорына түсетін сұрақтармен айналысады. Сөйтіп, тікелей халықпен жұмын істейді. Маманның сөзіне қарағанда, халықтың қаржылық сауаттылығы өте төмен. Ал сұрақтардың басым бөлігі жеке бастың шаруасынан аспай жатады.
"Тек "Мен несие ала аламын ба?", "Мен осыған дейінгі несиелерді сіздер арқылы жаба аламын ба?" деген сияқты сұрақтардың аясынан шықпайды екен. Сосын "Өрлеу", "Бастау" сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алдым, бизнес бастайтын болдым деп ақшаны алады, ал кейін үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, я болмаса, құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. "Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің? "десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады", - дейді Нұржігіт.
Депутаттың ойынша, халықтың қаржылық сауаттылығын көтермей, ақшаны бөлудің қажеті жоқ.
"Қаржылық сауаттылықты көтермей, ауыл шаруашылығындағы бизнес бастау жобаларын жіті бақыламай, нақты сұрақтарды қоя білетін адамдар алдына келмей, ақшаны бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Міне, осыған жіті назар аударылса екен деймін", - деп атап көрсетті Нұржігіт.