Жақсылық Үшкемпіров: «Күрес намыстан туады»

Oinet.kz 24-04-2019 1714

              8c042aab65db2b71b292f32ec49241f2.jpg                      

          Халқы сүйген, халқын сүйген елге белгілі тұлғалармен жүздесу жастар үшін таптырмас рухани азық. Олардың өмір жолдары, өнегеге толы ғұмырларынан өскелең ұрпақ үлгі алары сөзсіз. 

        Аты аңызға айналған, кезінде бүкіл Кеңес Одағын мойындатқан спортшы Жақсылық Үшкемпіров өмір жолындағы қызықтар мен қиындықтары жайлы Оңтүстік жастарымен бөлісті. Палуанмен Шымкенттегі Оңтүстік Қазақастан мемлекеттік педагогикалық институтында өткен кездесуге жиналған студенттердің қарасы көп болды. Грек-рим күресінен XXII олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы жиналған көпшілікке алғысын білдіре отырып,  чемпион дәрежесіне қалай жеткендігін әңгімелеп берді.  «Жастайымнан спортқа қызықсам да спортшы боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға келген кезім еді. Бірінші курста денешынықтыру сабағынан шаңғы, коньки тебуден өте алмай, емтиханнан құлай жаздағанмын. Ондай спорттың түрлерін ауыл баласы қайдан білсін. Содан бір күні жаттығу залында жаттықтырушымыз боз кілемді жайып тастап маған «күресе аласың ба?» деді. Ауылда жігіттермен күресетініміз бар ғой, «ия» дедім. Бар ойым емтиханнан құламай, сынақ кітапшамды алу болды. Бірінші қарсыласты оп-опай жер иіскеттім. Екінші, үшіншісін де шақ келтірмедім. Мұғалім менің талабымды көріп «сен жарыстарға қытсуың керек» деп он бес күннен кейін біріншілікке қатыстырды. Бағым жанып, жеңіп шықтым. Шәкіртінің озғанына ұстаз да риза, сынақ кітапшасын алғанға менде риза болдым. Осылай-осылай түрлі сайыстарда бағымды сынап, шыңдала бердім. Менің сонда түсінгенім күрес намыстан туады екен. Мәскеуде өткен олимпиаданы да намыстың күшімен және халықтың зор қошеметімен, қолдауымен жеңіп шықтым. Алаңға шыққан сәтте стадионда отырған халықтың бәрін қазақем деп елестетіп, елімнің намысын қалай да болса қорғауым керек деген ой тұрды менде. Мықты қарсыласыма қарап тұрып іштей не осы жерде өлем не жеңем деген мақсатпен шығып, чемпион атандым. Айтайын дегенім намысқа тырысып, алдына айқын мақсат қоя білген адам жетістікке жетеді»,- дейді ол.

           Кездесуге қазақ спортына еңбегі сіңген бірқатар спортшылар мен Жақсылық Үшкемпіровтың шәкірттері де келді. Ізбасарларын халыққа таныстырған ол институт ұжымына осы шаңырақтан болашақ чемпиондар шыға берсін деген тілегін жеткізді. Бүгінде ата кәсіппен айналысып жүрген жаны жайсаң спортшы  жастарға қанша жылқысының барын да жасырмады. «Спорттан өз орнымды тауып, шәкірт тәрбиелеген соң өз мамандығым бойынша яғни мал шаруашылығымен айналыстым. Жылқы мінезді қазаққа мал шаруашылықпен айналысу жанының рахаты ғой. Аз ғана мал басымен бастаған кәсібім бүгінде өркендеу үстінде. Қазір екі мың жылқы, бес мың ірі қара мал өсіріп отырған жайым бар. Ештеңе оңайлықпен келмейді. Төрт түлік малға да бала-шағаңа жасайтындай күтім керек, көңіл бөлу қажет. Ең бастысы талмай еңбек ету. Сонда ғана кәсіптің көзін табуға болады»,- деп кездесу барысында спортшы болашақ педагогтарға кеңесін берді.  

   Жиын барысында оқу ордасының ұжымы сыйлы қонаққа жырдан шашу шашып, арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ студенттер қазақ спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған Жақсылық ағаға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, келелі әңгіме жүргізді.

          Айта кетейік, аталмыш институттың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев игі жақсылармен мұндай жүздесулерді алғаш рет ұйымдастырып отырған жоқ. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанға танымал әнші Роза Рымбаева да қара шаңырақта қонақта болған еді. Кездесуді жүргізіп отырған оқу орнының басшысы мұндай жүздесулер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді.  

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Сүйеніш Құдыбаев: «Жапонша есімім - қатты дауыл, алып тау!»
«Астана» клубының бұрынғы ойыншысы легионерлердің жалақысын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу