Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз

Oinet.kz 18-12-2014 1032

12 маусымда Бразилияда футболдан кезекті, ХХ әлем чемпионаты басталады. Доп додасы қарсаңында «Рейтинг» әлем футболының 10 үздік майталманы туралы сыр шертеді. Газетіміздің өткен санындағы кейіпкеріміз – даңқты бразилиялық Пеле болса, бұл жолы әлемдік футбол чемпионаттары тарихында тамаша ойынымен тәнті еткен қорғаушы, кезінде Германия (ГФР) құрамасының әйгілі капитаны болған Франц Беккенбауэр туралы әңгімелейміз.

Screenshot_2.jpg

Нағыз әмбебап

Ойлылығы мен салмақтылығына орай «Жасыл алаңдағы абыз» атанған футболшы қарапайым пошта қызметкерінің отбасында туып-өскен екен. 16 жасында-ақ өзі дүниеге келген Мюнхен қаласының «Бавария» клубына қабылданған бозбала әуелі сол қапталдағы қорғаушы болып ойнапты. Бірде командадағы орталық қорғаушы жарақаттанып қалып, бапкерлер оның міндетін болашағынан көп үміт күттіріп жүрген Францқа жүктейді. Жас талант жаңа орында да мүлтіксіз ойнайды. Көп ұзамай оған артқы шепке көбірек көңіл бөлетін орталық жартылай қорғаушының міндеті сеніп тапсырылады. Жан-жақты қабілетті жігіттің қимылынан жұрт бұл жолы да мін таба алмайды. «Командаға нағыз әмбебап шебер келді, енді «Баварияның» болашағына сеніммен қарауға болады» деп жазыпты сол кезеңде «Suddeutsche Zeitung» газеті. Расында да, соған дейін Батыс Германияның үздік командалары – «Гамбург», «Кельн» және «Боруссияның» (Менхенгладбах) көлеңкесінде қалып келген мюнхендік клуб Франц Беккенбауэрдің көмегімен ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңынан бастап елдің нағыз мақтанышына айналды.

Ол ұлттық құрамаға 20 жасында, яғни, 1965 жылы шақырылды. Бас бапкер Хельмут Шеннің жігіттері ағылшын жерінде өтетін әлем чемпионатына кезекті іріктеу матчын Швецияда өткізуге әзірленіп жатқан-ды. Францтың құрамадағы дебюті сәтті болды: команда 2:1 есебімен жеңіске жетті, ал ол алаңға негізгі құрамда шығып, мамандардан өте жоғары баға алды. Оның ГФР құрамасындағы он жылдан астам уақытқа созылған тамаша карьерасы осылай басталған-ды.

Аяқта – доп, иықта – гипс

Беккенбауэр жасыл алаңда тек өз міндетін мүлтіксіз атқарумен қатар қажет тұста алғы шепте де белсенділік танытуға әуес-тін. Өзі қатысқан алғашқы әлем чемпионатында ол осы қасиетін өте ұтымды пайдалана білді. Англияда ұйымдастырылған 1966 жылғы доп додасында ол қарсыластар қақпасына 4 доп енгізді! Ол әдетте таяу маңдағы әріптестерімен допты қысқа пастар арқылы қақпақылдап әкеліп, қақпашымен жекпе-жек шығуға әуес еді. Турнирдегі төрт голының үшеуін осылай соққан даңқты неміс командаластарына да талай ұрымтал сәттер ұйымдастырып берді. Алайда, ГФР құрамасы финалда Англиядан ұтылды (2:4).

Ағылшындардан есе қайтарудың сәті төрт жылдан соң, яғни, 1970 жылы Мексикада өткен біріншіліктің ширек финалында түсті. Шыны керек, ойын немістер үшін өте сәтсіз басталды, олар 70-минутқа дейін 0:2 есебімен ұтылып жатты. Ұлы футболшылардың өз командасын қиын-қыстау кезеңнен құтқарып алып шығатынын дәлелдегісі келгендей, Франц Беккенбауэр  алыстан нысананы дәл көздеп, әріптестерінің кеудесінде үміт отын оятты. Қалған уақытта Англия құрамасы немістердің тегеурінді шабуылдарына қарсы тұра алмады. 81-минутта Уве Зеелер есепті теңестірді, ал қосымша уақытта Герд Мюллер жеңіс добын соқты – 3:2. 

Жартылай финалдағы Италия – ГФР (4:3) матчы да қызықты өтті. Өкінішке қарай, Франц екінші таймдағы бір қақтығыста иығын шығарып алып, кездесу біткенше дәрігерлер қойып берген гипспен ойнады (ол кезде екі-ақ ойыншы алмастыруға рұқсат етілетін және немістер ол екі мүмкіндікті де пайдаланып қойған-ды). Үшінші орын үшін болған кездесуде Вольфганг Оверат соққан жалғыз гол ГФР құрамасына қола жүлдені алып берді.     

Қарапайым жұлдыз

Неміс футболы үшін де, Франц Беккенбауэр үшін де тарихи кезең – 70-жылдар еді. 1972 жылы ГФР құрамасы Еуропа чемпионы атанды (финалда олар КСРО командасын талқандап тастады – 3:0). Ал араға екі жыл салып, «Кайзер Франц» пен оның серіктері әлем чемпионы атанды. 

«Мен әу бастағы мақсаттарымыздың бәрін алаңда ойдағыдай іске асыра алған ойыншыларыма қарыздармын, – деді чемпионаттан соң құраманың бас бапкері Хельмут Шен. – Әсіресе команда капитаны Франц Беккенбауэрдің еңбесі ересен. Ол басшылық пен команда арасындағы алтын көпір іспетті еді. Оның алаңға жәй шыққанының өзін мен табыстың елу пайызы деп санаймын. Үнемі қорғаныста жүретін ол алдыңғы шептегі әріптестерінің кемшілігін дер кезінде байқап, ескертіп отырды. Бірақ өзгелерге ақыл-кеңес бере жүріп, Франц бір рет те өзінің жұлдыз екенін баса көрсеткен емес...».

...Футболшы армандайтын барлық атақты дерлік жеңіп алған Франц Беккенбауэр 1984-1990 жылдар аралығында ұлттық құраманы жаттықтырды. Оның бапкерлік лицензиясы жоқ-ты, сондықтан да ресми түрде «команданың шефі» немесе «техникалық менеджері» деп аталды. Дегенмен, құраманың бүкіл билігі соның қолында болды. Ол басқарған ГФР футболшылары 1986 жылғы әлем біріншілігінде – күміс, 1988 жылғы Еуропа чемпионатында – қола, 1990 жылғы дүниежүзілік додада – алтын алқа тақты. «Тек жеке өмірімде ғана жеңіліс таптым» депті ол бір сұхбатында. Әйтсе де, оның жеке өмірін де аса сәтсіз деуге болмас: үш рет үйленген Францтың бес баласы бар.

Ф.Беккенбауэр – қазір де әлемдегі ең даңқты тұлғалардың бірі. Оның бейнесі телеэкрандардан түспейді. Бүгінде ол – Неміс футбол одағының вице-президенті, «Баварияның» басты қамқоршысы және өз атындағы қордың басшысы.

Screenshot_3.jpg

Франц Беккенбауэр туралы деректер:

1945 жылдың 11 қыркүйегінде Мюнхенде (ГФР) туған;

Еуропаның екі дүркін үздік футболшысы (1972, 1976), Германияда мұндай атаққа төрт  рет ие болған (1966, 1968, 1974, 1976);

1972 жылғы Еуропа чемпионы, 1974 жылғы әлем чемпионы;

Үш әлем чемпионатына қатысып, үш түрлі жүлдеге ие болған (1966 – күміс, 1970 – қола, 1974- алтын);

Әлем чемпионатының финалдық турнирлерінде 18 ойын өткізіп, 5 гол соққан;

Германия (ГФР) құрамасының сапында 103 ойын өткізіп, 14 гол соққан;

«Бавария (Мюнхен) және «Космос» (АҚШ) клубтарында өнер көрсеткен;

УЕФА Чемпиондар кубогының үш дүркін иегері (1974, 1975, 1976);

Футболшы ретінде де (1974), бас бапкер ретінде де (1990) әлем чемпионы атанған дүниедегі бразилиялық Марио Загаллодан кейінгі екінші адам.

Сәкен Сыбанбай

Бапкері Головкинді «жақсылықты білмейтін сараң» деп атады
Бекзат Саттархановтың соңғы сұхбаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу