Қайрат Әбдел, футболшы: «Арманым – Қазақстанды әлемге таныту»

Oinet.kz 20-06-2017 1264

Қайрат Әбдел.jpg

Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген Қайрат Әбдел болашағынан зор үміт күттіретін футболшы. Шымкент қаласындағы №7 Олимпиада резервін дайындайтын балалар және жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінде тәлім алған. Қазіргі таңда екінші лигадағы «СДЮШОР №7» (бұрынғы БИІК) командасының негізгі құрамында ойнайды. «СДЮШОР №7» сапында Қазақстан біріншілігінде 18 жасқа дейінгілер арасында 2013, 2014, 2015 жылдары бірінші орын алды. «Turk Holidays» халықаралаық турнирінде екінші орыннан көрінді. 

Біз команда сапында ойындарда ерекше көзге түсіп жүрген Қайратпен сұхбаттасқан едік. 

- Қайрат футболға келуіңе не себеп болды? 

- Кішкентай кезімде үй бетін көрмеппін. Таңертең көшеге шығып кетіп, түн ортасында бір-ақ оралады екем. Көшедегі достарым футболмен «ауыратын». Көше былай тұрсын, бүкіл ауылдан доп теппейтін баланы емге табу мүмкін емес. Таңертеңнен қара кешке дейін көшені бермей футбол ойнайтын едік. Көшеден ары-бері өткен көлік жүргізушілер бізді балағаттап өтетін. Себебі, доп қуалап, жүріп келе жатқан машинаның астына түсіп кете жаздайтынбыз. Егер доп тесіліп қалса, сол күні мүлдем көңіл-күйіміз болмайды. Не істерімізді білмей, екі қолымыз қалтамызға сыймай, естен адасып кете жаздаушы едік. Себебі, футболға деген махаббатымыз өте зор болатын. 2002 жылы футболдан әлем біріншілігі өтіп, Бразилия жеңіс тұғырынан көрінді. Сондағы қуанғанымызды-ай! Финалда әйгілі неміс қақпашысы Оливер Кан қорғаған қақпаға теңбіл допты 2 рет қатар тоғытқан сары жейделі Роналдуға еліктеп өстік. Әрқашан жымиып жүретін Рональдиню секілді болсақ дедік. Солардай жұлдыз болуды армандадық. Арамызда «Роналдо» деген жазуы бар жейдені тауып кигені – ең бақыттысы еді. Егер базардан ондай жейде таппасақ, біз жейдемізге сүйікті футболшымыздың есімін жазып қоятынды шығардық. Сонда ерекше шабыттанып кететінбіз.

Сонымен, менің футболға деген махаббатымды көрген әкем аудандағы футбол секциясына жетектеп апарды. Мұнда әжептеуір тәжірибе жинап, командамен бірге түрлі аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жара бастадық. Себебі, мен футболға асқан жауапкершілікпен қарадым. Менің әлеуетімді көрген әкем «бұдан бірдеңе шығатын секілді» деп, мені  9 сыныптан соң Шымкентке алып келді. Жаттықтырушым - Ғалымжан Төлегенов атты кісі болды. Ол менің футболға деген құштарлығымды одан әрмен арттырды.   

18 жасқа дейін бірінші лигада ойнадым. Одан кейін ересектер арасындағы екінші лигаға өттім. Биыл екінші жылы қатарынан осында ойнап жатырмын. Біз өткен жылы аталған лигада маусымды бесінші орынмен аяқтадық. Сондағы қателіктерімізді сараптап, жөндеп, биыл екінші орында келе жатырмыз. Бұл маусым қарашаның бел ортасында аяқталады. Алда әлі көптеген ойындар бар. Егер осы формамыздан, қадамымыздан жаңылмасақ, онда келесі жылы бірінші лигаға өтуге мүмкіндік өте жоғары. Себебі, мұнда алғашқы қос орыннан көрінгендер бірінші лигаға өтеді. Одан кейін премьер лигаға өтсек дейміз. Одан ары қарай... Жалпы, айта берсем, адамда арман таусылмайды ғой. 

2015 жылы «Ордабасы» клубының жастар сапында (академия) ойнадым. Мұнда бар болғаны бір маусым болсам да, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеттім десем болады. Сол жылы премьер лигадада ойнайтын 16 команданың жастар құрамалары арасында өткен «Арман» турнирінде 2-орын алдық. Бұл мен үшін өте үлкен серпіліс болды. Дегенмен, келесі мусымда мен өзімнің бұрынғы командама қайта оралдым. Мансабымды осында жалғыстырғым келді. Құдды жүрегім осында қалып кеткендей. 

Бүгінде мен студентпін. «Парасат» колледжінде білім аламын. Оқуға да, ойынға да уақыт табуға тырысамын. Бүгінде бос уақытымда әдеби кітаптар оқимын. 

Және демалысымды ата-анама арнаймын. Сол кісілермен әңгімелесіп,жандарында ұзақ болғым келеді. Себебі, отбасы – ең басты байлық. Футбол-футбол деп жүріп ата-анаңды, бауырларыңды ұмытып кетуге болмайды.  

- Футболмен оқуды қатар алып жүру қиын емес пе?

- Футбол ойнаған қиын. Шаршатып жібереді. Кейде сабақ оқыған оңай ма деп ойлап қоямын. Көпшілік біз туралы, яғни футболшылар туралы небір әңгімелер айтады. «Анда-санда бір доп теуіп қойып, мол жалақы алып жүр. Шіркін біз де футболшы болсақ қой» дегендей. Ал, шындығында мүлдем бұлай емес. Қате пікір. Сіздерге өтірік болар, футболшылар стреске жиі түседі. Себебі, олар да ет пен сүйектен жаралған, сезім мүшелері бар адамдар. Біз, футболшылар қауымы әрбір жеңіске шын қуансақ, жеңілісті өте ауыр қабылдаймыз. Жеңілсең басшылар, жанкүйерлер басыңнан сипай қоймайды. Маусым басында басшылар қойған талаптар мен міндеттер бар. Біз соны орындау керекпіз. Бұл заңды. Онсыз болмайды. Мектеп директоры, біздің команданың құрылтайшысы Нұрлан Орынбаев футбол десе ішкен асын жерге қоятын жан. Ол бізге әрқашан қолдау көрсетеді. Мектепте материалдық-техникалық база өте жақсы. Бізге шын жүрегімен сеніп, әрқайсысымызды өз баласындай көріп, қамқорлық жасап жүрген Нұрлан ағамызды жерге қаратқымыз келмейді. Сондықтан да биыл біз міндетті түрде алғашқы қос орыннан көрініп, келесі маусымда бірінші лигада ойын өрнегін көрсетуді жоспарладық.  

Лигада ешқандай осал команда жоқ. Бүгін сен турнир кестесінде бірінші орында тұрған команданы жеңіп, келесі кездесуде соңғы орындағы командадан жеңіліп қалуың бек мүмкін. Сондықтан әрқашан формада болуың керек. Және тек сен ғана емес, бүкіл командаң. Себебі, футбол – командалық ойын. Біздің командада психологиялық ахуал тамаша десем болады. Бәріміз бір үйдің балаларындай тату-тәттіміз. Кез-келген мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмыла білеміз. 

Жарысқа таң азанынан күн батқанша дайындаламыз дей алмаймын. Бұл денсаулыққа зиян. Әр нәрсенің өз нормасы бар. Мысалы, біз күніне 2-2,5 сағат жаттығамыз. Осы жеткілікті. 

Апта сайын 1 ойын өтеді. Бірінші апта үйде ойнасақ, келесі апта басқа қалаларға шығамыз. Бұл бір жағы қиын. Сыртқа шыққанда психологиялық тұрғыда дайын болып баруың керек. Ондағы жанкүйерлер сенің мысыңды басқысы келіп тұрады. Алаңда болсын, алаң сыртында болсын. Сондықтан да біз әрбір сөзді көңілімізге ала бермей, ал мақтауға семірмей, өзімізді салқынқанды ұстауға тырысамыз. Бұл футболшыға керек бірінші қасиет.

Менің арманым – Қазақстан құрамасында ойнап, Пеле, Марадона секілді елімізді әлемге таныту.   

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

«Астана»-«Манчестер Юнайтед». Билет бағасы 55 мың теңге
Головкин мен Роналду бірлесіп жаңа жоба дайындамақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу