Келінінен зәбір көрген ене ақыры көз жұмды

Oinet.kz 24-09-2019 1526

_.jpg

Қазақта «Келін ененің топырағынан жаралған» деген қадірлі сөз бар. Қыз өсіп-өнген шаңырағынан ұзатылып шыққаннан соң күйеуінің отбасына сіңісіп кетуі қажет. Назданып өскен қызға жаңа отбасына үйренісіп кетуіне бірінші кезекте сүйген жары көмек беруі тиіс. Сондай-ақ келіннің өмірінде маңызды рөл атқаратын адам  ол – ене. Қазақтың ибалы келіндері қашанда  енесін анасындай сыйлап, құрмет көрсетіп, сөзінен асып түспеген. Ия, расында да қазақтың ене мен келін арасындағы қарым-қатынасына, сыйластығына өзгелер қызғана да, тамсана да қарайтын.  Отбасы берекесінің ұйытқысы болған енелерде қазір қадір қалмай бара жатқан секілді. Бұған себеп үйде енелердің емес келіндердің «президент» болуында. 

Өзім де бір үйдің түтінін түтетіп отырған келінмін. Жасы 63-ке келген енем бар. Мақтанғаным емес бес жылдан бері екеуміздің арамыздан қара мысық өтіп көрмепті. Бас қосқан кезде күйеуім «сен менің анамды қалай сыйласаң, мен де сенің анаңды солай сыйлаймын» деген сөзі есіменен кеткен емес. Бұл сөзіме қарап енесін есеп үшін сыйлап жүр деген ойға қалмаңыздар. Анам осыдан үш жыл бұрын көз жұмған. Айтайын дегенім алдағы уақытта «сыйлы ене мен келіндер» қызыл кітапқа кіретін түрі бар. Туыстарымның басынан өткен жағдайды баяндайын.

Нағашы атамның бес қарындасы болған. Көзі тірілерінде ауылдағы үйге бала-шаға, немерелерімен қыдырып келіп тұратын. Жылдар өте олардың төртеуі өмірден өтті. Кіші Балқыз апамыздың жасының өзі 70-ке келіп қалған кезі еді. Бір күні төрінен көрі жақын сол апамыз қара шаңыраққа бет-аузы көгеріп келді. Үстіндегі киімі әбден тозған. Жасқа толған жанарынан өкпе, реніш байқалады. Жағдайды жан-жақтан сұрап жатқан біздерге ол қолдағы келінінен қашып келгенін айтты. Мұндай сұмдықты бұрын естімеген  апамыз, яғни жеңгесі Балақыз апамызды үйіне паналатып, жылы тамағын берді. Апамыздың сөзіне қарағанда келіні бірнеше жылдан бері оған күн бермепті. Айғайлап-ұрысқаны былай тұрсын, қол жұмсайды екен. Қыстың күні суық бөлмеге жатқызып, аш ұстайтын көрінеді. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған апамыз өзге ұл-қыздарына бармай бірнеше ауылды артқа тастап, жаяулатып, қара шаңырағына келген. Үш күннен кейін мән-жайдың анық-қанығын білейік деп жеңгесі  апамыздың қолдағы ұлына қоңырау шалды. Бірнеше рет қоңырау соққанмен тұтқаны ешкім көтермеді. Келінінен зәбір көрген апамызға үйде  бәрі жақсы қарады. Алайда жырым-жырымы шыққан көңіліне ешқайсысы медеу бола алмады. Арада бір ай өткесін ұлы мен келіні үйге келді. Екеуі де өлердегі сөздерін айтып, апаларына жақсы қараймыз деген уәдені үйіп-төгіп оны алып кетті. Бірақ, көп ұзамай Балақыз апа қайтыс болды қаралы хабар жетті. Байғұс кейуана сырқаттанып көз жұмған екен. 

Ия, мұндай оқиғаларды қазір жиі еститін болдық. Ене мен келіннің сыйластығының қатігездік пен өшпенділікке айналып кетуіне кім кінәлі? Жас келінді ауыздықтай алмаған ене ме, дұрыс тәрбие көрмеген келін бе, әлде анасынан гөрі әйелін артық көрген еркектер ме?     

Қасиет Жұмабай,

Жамбыл облысы

Шынайы ләззат
Әкесінің күнәсінен өлген жігіт туралы әңгіме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу