Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Нұрсәт аялдамасында автобус күтіп тұрғанмын. Бәкене бойлы, ашаң жүзді егде тартқан бір апа жаныма келіп жайғасты. Немересін логопедке көрсетіпті. «Мүлде сөйлемейді, не керегін ыммен, ишарамен түсіндіреді. Үйде дұрыстап сөйлеспейсің, үйретпейсің деп келініме де ренжимін. Біздің тұқымымызда мұндай жоқ еді. Жасы бақандай 4-ке келсе де, үн жоқ мына баламызда. Айтуға да ұялады екенсің», -деді әлгі апа. Иә, «ауласындағы итін ұры десе, намыстанатын қазақтың» тілі «қыл үстінде» тұр. Ана тіліміздің алашұбарланғаны өз алдына трагедия болса, балаларымыздың тілі кеш шығып немесе дұрыс шықпай жатуының астарына терең үңілу керек сияқты.
«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», -деп таңдана жазған екен өткен ғасырда жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаеввичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Бесік жыры – балағана берілетін алғашқы тәрбие.Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай», -дейді Зейнеп Ахметова апамыз. Қазір ше? Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Немересіне ертегі айтатын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлеп, бесік жырын айтатын келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын...».
Бөтелкелі бала
Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады деп ойланып көрдіңіз бе? Біздің бүлдіршіндер «бөтелкелі» өмір салтын ұзақ ұстанғандықтан, «кеш сөйлейтін» болды. Аузында екі тісі пайда болғаннан сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді.
Ата-әжелеріміздің «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын бала-шағаға тастайтыны бар. Ондағы ойы – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл нан шайнаудың өзі шет құбылыс болып тұрғандай.
Шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан, тіл дамуы тежеледі. Сонымен қатар дәм сезгіш қасиеті бұзылады (үнемі сорудың арқасында тіл ұшындағы дәм сезу аймағы сезбей қалады). Құнары аз, сұйық ас асқазан-ішек жолдарының жұмысына кері әсер етіп, іш қатуына әкеледі.
Кеңес біреу-ақ: балаға бөтелкеден тамақ беруді таңдау кезінде оның жас ерекшелігін есепке алыңыз. Егер өзіңіз дайындасаңыз, тамаққа шанышқымен езілген тағамды да қосыңыз. Жасы өскен сайын тағамның санын емес, сапасын арттырыңыз – ботқаның мөлшері көбеймей, қоюлану керек. Сұйық ас – сөйлеуге кері әсер етеді.
Егер екі аптаның ішінде балаға онша ұнай бермейтін асты ұсынсаңыз, оған ол міндетті түрде үйреніп кетеді. Тәжірибеде дәлелденген.
Дайын асқа – тік қасық
Егер Кеңес кезімен салыстырсақ, кішкентай бөбектің дамып-жетілуіне қазір қатты көңіл бөлінеді. Бүгінде баланы дамытуға арналған әдіс, кітап пен жаттығулар толып жатыр. Бұрын мұның бәрі тек балабақшада болатын-ды. Сондай-ақ, жас аналардың дені баласы 3 жасқа толғанға дейін үйінде отырады. Ал Кеңес Одағының кезінде кіші топқа 1-1,5 жаста беруге болатын еді. Сосын бала қоғамға ерте араласып, тілі тез шығатын.
Қазір қайда қарасаң да, көп балақайлар 2-2,5 жасқа дейін сөйлемейді. Әсіресе, ұл балалар. Иә, анасы үйінде отырып, күндіз-түні көңіл бөліп, түрлі ойын ойнатып, кітап оқып беретін балалар. Бұрындары 4 жасында тақылдап тақпақ айтса, қазір 4 жасында «ә» деп аузын ашпайды. Неліктен? Әлде қазір тым қызықты ойыншықтар баланың ой-өрісін шектеп, қоршаған ортаға қызығушылығын кемітеді ме екен?! Әлде балаларға барлық нәрсе жетіп-артылғаннан кейін, үн шығарудың қажеті жоқ деп есептей ме?!
Толассыз ақпарат тасқыны
Балалар күндігіне сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ата-анасы болса, өз жұмысымен әуре боп жүргенде, баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайды. Бала миы 2-3 жаста пісіп-жетіледі. Ал 2-3 жаста соншама ақпарат ағыны. Егер балаңызды ұялы телефонды қолына ұстатып алдандырып қойғанға мәз болмай қажетсіз ақпараттан алыс ұстасаңыз, ол соғұрлым ерте сөйлейтін болады. Артық күш-қуатының бәрі тілге, сөйлеуге жұмсалатын болады.
Сосын баламен көп сөйлесу керек.
Емізік «естен тандырмасын»!
«Келіндер қай кезде де тек ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін болды. Қолынан ұялы телефон түспейді. Саусағының ұшымен ары-бері сырғытып, сол қара телефоннан бас алмайды. Емшектегі баласына да көңіл бөлуге қолы тимей, анаған үңіледі де де отырады. Жыласа, емізікті тығып, аузын «жабады». Міне, тығырыққа тірелген жеріміз осы. Сосын қай баланың тілі дұрыс шықсын?! Сақау, кекеш баланы өзіміз қолдан осылай жасап алып жатырмыз! «Біз 10 баланы ешқандай емізіксіз-ақ емшектің сүтімен өсірдік қой. Қазір келіндерімнің көбісі баласын емшек сүтімен тойдыра алмайды. Жасанды сүтпен тамақтандырады. Ана сүтін еміркеніп ембегеннен кейін, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие, тіл, дәстүр балаға қалай берілсін?!» -дейді Тассай елді мекенінің тұрғыны Гүлбаршын әжей.
Емізік мәселесіне келгенде мамандардың пікірі екіге жарылады. Бірі нәресте қолын сорғанша, емізік сорғаны жақсы дейді. Тағы бір топ «ә» деп жыласа, аузын емізікпен жауып қою мүлде дұрыс емес. Емізік деген нәрсені бермеу керек. Ол баланың аузын толтырып қана қоймай, миына да салмақ түсіреді» деген ойда.
«Үлкендерде үйдей бәле бар»
Бала тілінің кеш шығуының себептері мен салдарын тізіп шықтық. Енді ары қарай шығатын жолды облыстық балалар ауруханасының жоғары дәрежелі логопед-дәрігері Гүлнәр Юнусова айтып береді.
– Ресейдің Е. Архипова деген профессоры баламен 3 айлық кезінен жұмыс істеу керек дейді. Ал біздің қазақтарда қашан баланың өзі сөйлейді деп 4-5 жасқа дейін күтеді. Негізінде, 4-5 жаста бала еркін сөйлеуі керек. 1 жасында сөйлей бастауы керек. Қазір кейбір балалар 1 жасынан бастап сөз тіркестерін айта бастайды. 1,5-2 жас аралығында сөз тіркесін айтуы керек. «Әкем үйде жоқ» дегенді «кем иде жо» деуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. 2,5 жастан 3,5 жасқа дейін бала өз іс-әрекеттерін сипайттай бастайды.
Кейде ата-ана баласын 1 дыбысты ғана дұрыс айтпайды деп ойлайды. Мысалы р әрпін. Ал бізге келгенде бір емес, бірнеше дыбыстар тобын айта алмайтынын анықтаймыз.
Бірінші логопедке апару керек. Сауатты маман қосымша неврологқа, психолог, психиатрға бағыттайды. Егер бала сөйлеуден бас тартса, онда оның психологиялық себептері (мутизм) де бар деген сөз. Көп психологтар мұны байқай бермейді. Кейде психоневрологқа жүгіну керек.
Орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, ми жұмысының бұзылуы баланың тіл кемістігіне әкеледі. Ауыз қуысының әлсіздігі де себеп болып отыр. Онда стоматологқа жібереді. Кекештену кезінде бәрінен бұрын асқазанды паразиттен тазарту керек. Әрине, мұндай кезде педиатрға жібереміз. Бауыры ауырған соң ауыз қуысы әлсіз болуы мүмкін. Жиі ауыратын баланың тілі де кеш, қиын шығады.
Бала тілінің дұрыс шығып, дұрыс сөйлеуіне Цептр фирмасының Биоптрон лампасын қолдануды ұсынамын. Оның жарығы адам денсаулығына оң әсер етеді. Электрлік тіс щеткасы да сөйлеу проблемаларын шешуге таптырмайтын құрал.
Қазір көп логопедтер бет және ауыз қуысына массаж жасау әдісін қолданады. Оны қолданғанда абай болған жөн.
Жалпы, бала денсаулығы дұрыс болсын десек, үйде жағымды атмосфера қалыптастыруымыз керек. Баланың жағдайы көбінесе үйдегілердің қалыптасқан қарым-қатынасына байланысты. Үлкендер бір-біріне қамқор болып, дұрыс қарым-қатынас түзсе, баланың тілі де тез шығады. Ал үйде үнемі айқай-шу, бір-бірін кінәлау, ұрыс болатын болса, балаңыз «құрдымға» кетті дей беріңіз. Көп ата-ана бала үлкендердің қарым-қатынасын түсінбейді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Балалар өкпе, өкініштің бәрін сезеді, түйсінеді. Егер ата-аналардың қарым-қатынасы нашар болса, үйде ұрыс-жанжал тыйылмаса, бала мұны тез қабылдап алады.
Р.S. Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылған, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілген қызыл империяның құйтұрқы саясаты өз жемісін бергелі қашан... Ана тілінде сөйлеуді ар санайтын шалақазақтар буыны өсіп, жетілді. Одан қала берді батысыңыз бен шығысыңыздан келетін сыртқы күштердің әсері де зиянын тигізбей жатқан жоқ. Елімізде «үнсіз ұрпақ» дүниеге келді. Қытайдың пластик бөтелкесі мен орыстың резіңке емізігі кейде қазақтың үнін өшіру үшін істеліп жатқандай көрінеді. Одан қала берді баланың аяғы шыққаннан жүріс арбасына (ходунок) салып қоямыз. Оны да қытайлар қазақтың аяғы қисық шықсын, ұлының ұрпағы азайсын деп шығарып қойғандай елестейді маған. Бұдан басқа қазаққа пайдасынан гөрі зияны көп сыртқы факторлар сан алуан. Бірақ, таңдау қазақтың өз еркінде. Бұл күнде мәңгілік елдің мәңгілік ұрпақтары өзіміздің мақсат-мұратымызды жақсы білсек керек. Ендеше әрқайсымыз баламыздың тіліне аса сақтықпен қарауға тиіспіз. Қазақтың баласы қазақы тәрбие алса екен!..
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ