«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Ғылымда фобияның (қорқыныш, үрей) үш жүзден астам түрі бар екен. Оның өзін ғалымдар сегіз топқа бөліпті. Бірінші топ – клаустрофобия және агорафобия. Алғашқысына шахтерлар мен сүңгуірлер көп шалдықса, кейінгісі ғарышпен байланысты мамандық иелерінің «еншісі» көрінеді.
Екінші топ – социофобия. Яғни қоғамдық өмірмен байланысты үрей. Жұрт алдында сөз сөйлеуден, ұятқа қалудан қорқу, тағысын тағылар.
Үшінші топ – нозофобия. Бұл дегеніңіз – ауруға шалдығудан қорқу.
Төртінші топ – танатофобия. Өлімнен қорқу.
Бесінші топ – коитофобия. Еркек пен әйелдің арасындағы табиғи қарым-қатынастан шошу.
Алтыншысы – өзіне немесе жақындарына зиян жасаудан қорқу.
Жетінші топты «аралас фобия» деп атаса, сегізінші топқа үрейдің өзінен зәресі кететіндер жатады. Мұны фобофобия деп атайды.
Мұның бәрін неге жіліктеп отыр дерсіз. Келесі сөзіміз түсінікті болсын дедік.
Біздің қоғамда жоғарыда сөз болған сегіз топ пен оның ішіндегі үш жүзден астам фобия молынан кездеседі. Мұның көпшілігі азаматтық қоғамы дамымаған елдің «еншісі».Әсіресе, социофобия. Онда да бұл көбіне сол елдің билік өкілдеріне тән дерт.
Мәселен, әлеуметпен байланысты фобияның ішінде неофобия деген түрі бар. Бұл – қандай да бір жаңалықтан, өзгерістен қорқу. Бүгінгі қазақ билігі өзгерістен өлердей қорқады. Қоғамда, саяси өмірде өзгеріс жасағысы келгеннің бәрін жау көреді. Қорқытады, іс қозғайды, қамайды, одан қалса – көзін жояды.
2011 жылы желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе кентінде полиция 17 адамды атып өлтіріп, кем дегенде жүзден астамын жаралады. Не үшін? Жиылып еңбек құқығын талап етіп, бірнеше ай бойына табандап ереуілдегені үшін.
Одан берідегі сан қилы уақыттарда «заңсыз митингі жасадың» деп талай адамды істі қылды.
Биыл жер сатуға қарсылық басталғандабилік қаруын қамдап, бейбіт халықты қырып салуға шақ қалды. Теңдік сұрағандарды тырқыратып қуды, қамады, соттады. Жалғыз-жарым бас көтергендерді де аямады. Жалғыз жанның өзі жарты түмен қол боп көрінді көздеріне. Мұны ғылымда демофобия дейді. Қазақы түсінігі – көпшіліктен үрейлену, топтан қорқу.
Биылғы шілденің 18-і күні Руслан Күлікбаев деген жас жігіт Алматыны аяғынан тік тұрғызды. Бірнеше полицейді атып өлтірді. Қосақ арасында полицей емес те кетті. Ішкі істер министрі Қ.Қасымов пен ҰҚК төрағасы В.Жұмақанов мемлекет басшысына «Күлікбаев –террорист» деп мәлімдеді және соны президенттің аузымен халыққа айтқызды.
Күлікбаев шынымен де террорист пе? Күдіктінің түрмеде полицейлерден көрген қорлыққа шыдамай темір жұтқанын, әйеліне мұңын шағып, «менттерге» кіжінгеніне қарағанда, Күлікбаевты «террорист» дегеннен гөрі «кек қуған қылмыскер» деген жөн емес пе?Күлікбаев жалғыз өзі Алматының астын үстіне келтіре жаздады. Ал енді әбден дайындықтан өткен бес террорист іске кіріссе не болады?
Әйтеуір, «бас полицей» мен «бас чекист» Күлікбаевты террорист деуге асықты. Жауапкершіліктен қорыққаны шығар. Егер солай болса, мұның да өз атауы бар – гипенгиофобия.
Осыншама ірілі-ұсақты фобиялардың ішінде естіген адам еріксіз езу тартатындары бар. Мәселен, погонофобия. Мұны ғалымдар «сақалдан қорқу» деп түсіндіріпті. Бұл «аралас фобияның» әлеуметтік сипат алып кеткені соншалық, сақалдан сақалдылардың өзі қорқатын болды...
Жаяу жүруден қорқу деген бар екен. Базофобия. Бұл енді нағыз бюрократ шенді-шекпенділердің дерті. Жұмысқа жаяу кетіп бара жатқан Ахметжан Есімовті, Даниал Ахметовті немесе Кәрім Мәсімовті (жүгіргені есеп емес) көргендеріңіз бар ма? Көре алмайсыз. Еуропа қалаларының базофобиядан ада мэрлері емес қой олар...
Ал енді нағыз керек фобияны биліктегілер бойына сіңіре алмапты. Ол –дорофобия. Сыйлық алудан немесе сыйлық беруден қорқу. Мұны өз ұғымымызға жақындатып, «пара беруден немесе пара алудан қорқу» деп түсінейік. «Түгімен түйе, жүгімен бие» өңештен өтіп жатқанда қайдағы бір фобияны ойлайтын уақыт қайда?
«Фобия биліктің тұтқасын ұстағандарға ғана тән екен, ал біз таза екенбіз» деген ұшқары ойды жолатпаңыз жаныңызға. Сіз бен біздің өз фобиямыз бар. Және қандай десеңізші! Биліктің өн бойындағы бүкіл фобияға татиды. Ол –бүгінгі билік ауысса аш қалам ба деген үрей. Бұған енді қандай атауды лайық көрсеңіз де, фобияның қай тобына қоссаңыз да, еркіңіз...
Ерік Рахым, журналист,
2016 ж