Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Фото ашық дереккөзден алынды
(Болған оқиға ізімен)
Құрметті ағайын, жазушы болмасам да осы бір өз басымнан өткен, әлі күнге дейін ойымнан кетпейтін, мен үшін таңғажайып оқиға жайлы сіздермен бөлісе отырсам деймін.
Менің кіндік қаным тамған жерім Абай ауданы Архат ауылы, басымнан өткен бөліскелі отырған жәйт та сол туған ауылымда өткен еді. Айтар әңгімеме өзек болар тақырып та өз бастауынсегізінші сыныпқа көшкен кезде орын алған еді. Архат ауылы аң-құсы көп атышулы таулы мекен ғой, бір күні досым Самат маған таудан ителгінің ұясын көргенін және де ұяда төрт балапан бар екенін айтып, асырайық деді. Балалық қызығушылық басым кез ғой, бірден келістім. Сонымен ертеңіне Самат, Нүркек және мен үш дос бірігіп тауға тартып кеттік. Ұяға көтерілу біраз қиындық тудырса да сол тауда әр тасына дейін жаттап өскен балалармыз ғой, ұяда жатқан ақүрпектен сәл қара қанат бола бастаған төрт балапанның үшеуін олжалап алып қайттық. Алып келген соң әртүрлі саятшылық жөніндегі әңгіме-мақалаларды іздеп жүріп оқып дегендей ептеп «сауатымыз» ашыла бастады, ең бастысы ысталған, тұздалған ет бермеу, тұрған жері түтінен таза болуы, тек жас етпен қоректендіру т.т сияқты қатаң талаптарын бұлжытпай орындадық. Бір қызығы үшеуміздің де балапан құсымыз аман өсті, және қалған екеуіне қарағанда менікі ірірек болды, соған қарағанда ұрғашы болған сияқты. Аяқбауын немесе балақбауы, шыжымы, томағасын жайлы қылып тігу, тұғырын жасау тағысын тағы талаптары да менің тарапымнан аса ыждаһаттылықпен жасалған дүниелер еді. Томағаға үйретудің де біраз қиындықтары болды, бірақ ерінбей-жалықпай тәрбиелегендіктен бәріне де көндікті. Тіпті оның саңғырығын да еш жеркенбестен өзім тазалайтынмын. "Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен" дегендей әлгі құсыммен оңашада "сыр" шертетінім өз алдына бір қызық дүние еді.
Құс екеш құста сылап сипағанды жек көрмейді, иесіне деген ерекше бауыр басу пайда болады екен, мен кіргенде кәдімгідей қанатын қағып қуанатындай бір күйге түсетін.
Рогатка атуды жақсы меңгергендіктен күніне ең болмағанда саршұнақ, кейде көгершін етінен кенде қылған жоқпын, тіпті маңайдағы достарым да бір көріп шығу үшін, сол саршұнаққа дейін аулап ұстағандарын маған әкеліп тұрды. Тіпті, бір жолы көрші балаларағайынды Ерсін, Енұр бауырларыма қатты ренжіген де едім, оның өзіндік себепбі де бар еді. Ителгіні жақыннан бір көру үшін неге де болса дайын балалар үйлеріне ұя салған қос қарлығашты атып алған екен, балалық аңғал білместік қой, қатты ренжідім десем бер жағы болар. Ағасы болғандықтан Ерсін бауырымды қатты жазғырып «аққу мен қарлығаш киелі құстар ғой, қарлығашты неге аттыңдар» деп қатты жазғырсам керек. Кейінірек есейген соң балалықпен жасаған сол келеңсіз әрекеттерін өкінішпен еске алған еді, білгендігі ғой. Ал мен өз тарапымнан сол қарлығаштарды құсымның ас мәзіріне тартпағаным айтпаса да түсінікті. Жалпы құсым тамақ жағынан таршылық көрмеді, ас мәзірінің "ассортименті" бай десем де болады. Артымнан ерген інілерім Роллан мен Нұрлан да бір кісідей қамқорлықтарына алып көмектерін аямады. Күлкілі болсада, бір жолы үйдегі кәрі әтешті де құрбандыққа шалып жібергенім де бар, енді қырық жылдан соң сол кәрі әтештің неге «із-түзсіз жоғалып» кеткенін мойындауға болар деймін. Ол кезде құсым өсіп қомағайланып тәбеті де артқан болатын. Тауыққа мінбек түгілі қуып жете алатын қауқары азайған кәрі әтеш арқылы ителгімнің күш қуатын сынап көрейін деп ойласам керек, сайыс алаңы қораның іші еді. Жастың аты жас қой, ұшуға жарап қалған ителгім күш қуаты тайған әтеш байғұсты әп-сәтте ту талақай қылып қомағайлана жүнін бұрқыратып шашып тастады. Ауылдағы үш «құсбегі» күнара бас қосып, хал сұрасып дегендей, бір-бірімізге әркім өз құсымызды жер көкке тигізбей жарыса мақтаймыз. Құстарымыздан сұрап әуре болып жатпай-ақ күзде неге, қандай аңға салатынымызды да көз алдымызға елестетіп кесіп пішіп қойған едік, қоян түгілі түлкіден де дәмеміз жоқ емес. Сонымен аяңдап қоңыр күзде келді, екі достың бірінің құсы ізім-қайым жоқ болды десем болады, қашып кетті-ау деймін, ал екіншісі анық есімде қалмапты. Менікі қашпады, содан біраз оқығандарымыз бойынша маңайдағы балалар жиналып қоян тулағын(далабай) шөпке толтырып көзі орнынан қант себілген жас ет шығарып ашығып тұрған ителгіме дәмін татқызып ұзын жіппен бір бала сүйретіп жүгіруді тапсырдым. Мен түгілі үлкендерді де таң қалдырып ителгім әлгі «далабай қоянға» түсті, қолымнан ұшып шыққанда бірден көтерілмейді, жер бауырлап ұшып барып түсуші еді, жалма жан қоян тулағынан шығып тұрған етті қылғытады. Сөйтіп аяқ астынан маңайдағы балаларға құсбегі болып шыға келдім, балалар да қызыға қарайтындай, сол кездегі мақтаншақтығыма Том Сойердің өзі де астар болмай қалар ма еді. Бірақ «аңға» шығып үлгермедім, әкем марқұм: «балам, мына құсты әйтеуір қоймай жүріп өсірдің ғой, енді менің тілімді алсаң еркіндікке жібер, бұл дала құсы обалына қалма» деді. Әкенің бір ауыз сөзі заң, бұлжытпай орындалатын заман еді ғой. Балапан кезінен асырағандықтан қимай көзіме жас келіп тұрса да ақыры босатуға мәжбүр болдым. Сенесіздер ме, құс екеш құста иесін бауыр басады, таниды, тек мен шақырсам ғана келетін. Екі күндей келіп жүрді, үйге тақау биікке қонып отырады, ал мен бар болған жаутаңдап қарай беремін, тек шақыра алмадым. Оң аяғындағы қолдан иленген теріден жасалған бір қарыстай аяқ бауын шешпеген болатынмын. Қанша дегенмен құс қой, мен сияқты қашанғы жаутаңдай берсін, ақырғы рет шаңқ етіп үн шығарды да төбемнен екі-үш айналып тауға тартып кетті, сол кеткеннен мол кетті. Енді ешқашан да оралмайды деген қимастық сезіммен екі көзіме шық тұрып мен қала бердім.
Бұл қимастық маған сол сәтте не қалдырды, мүмкін әкеме ренжіп сондай қыранға айналып артынан қуып кетсем деген балалық қияли қиялды қалдырған болар, қас қарайғанша үйге кірмей жүргенім де содан болар. Ал сол нүктеге айналып алыстаған, ақүрпек кезінен асырап бауыр басқан құсымның көзімен алып қарасақ ше, оған иесі болғанмен ие болуға жарамағаныма ол да өкпелі кеткен болар. Бірақ қалай десек те мұның бәрі де аңғал, елеусіз жүретін, оңашада оқыған кітабының кейіпкеріне айналатын, бірақ пікірімен ешкім аса санаса бермейтін, бір жапырақ кішкентай бала Ерланның қиялы ғана болатын...
Ұмытып барады екенмін, кейіннен көргендері рас болса балалар: "сенің ителгіңді көрдік, аяғындағы балақбауынан таныдық" деп жүрді, бірақ мен аспанға қанша тесіле қарап елеңдеп жүрсем де қайтып жолықтыра алмадым.
Мұның бәрін неге айтып отырмын, енді соған оралайын, содан бері жылдар өтті, есейдім, үйлі болдым, жар сүйдім, балаларға әке атандым. Есептеп көрсем қазір содан бері қырық жылдан астам уақытты артқа тастаппын. Ауылдан көшіп қалаға келгенімізбен ұйықтаса түсінде ауылында жүретін түстен арыла алмай жүргенімізге де ширек ғасырдан асты.
Енді не үшін сонау балалық шақтан бастап отырғаным түсінікті болса онда өміріме үлкен жұмбақ оқиғаға да кезек келіп жеткен сияқты. Бұл оқиғаны жазуға арқау болып маза бермей қолыма қалам алғызған да осы әңгіменің екінші бөлігі еді.
2007 жылдар шамасында жарым Жанар екеуміз ол кезде «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тіршілік қамымен базардан кеш қайтып келе жатқанбыз. Үйге жиырма қадамдай қалғанда кенет құлағыма сол асыраған ителгімнің өмір бойы санама жатталып қалған үні шаңқ етіп естілді, әрине, ол емес қой. Селк ете қалдым да: «Жанар, мына дауыс менің ителгімнің үнінен аумайды екен» дегенімді өзім де байқамай қалдым. Өйткені, ол да естіген ғой бала кезімде ителгі асырағанымды, неше жыл бірге отау құрып келе жатқандықтан жаныңыздағы жарыңызға балалық шағымыздан сыр шертіп айтатынымыз бар ғой. Енді мына қызықты қараңыздар, әлгі даусы естілген ителгі тура менің үйімнің төбесінде отыр, мен сасқалақтап «бопым, бопым» деп қалай жалаңаш қол созғанымды да байқамай қалдым. Алла куә, әлгі ителгі далпылдап келіп менің білегіме қонды, қолымның ауырғанына да қарамай аяқ бауынан шап бердім. Жанар шошып кеткен «жібер, жібер, көзіңді шұқып алады» деп тұр, маңайда жүрген бір-екі жасөспірім балаларда жүгіріп келіп мына кинода ғана көріп жүрген жағдайларына таң қалып "дядя, дядя, как вы поймали, вам не страшно?" деп тіпті жақындап тақауға қорқып тұр. Ал менде ондай қорқыныш сезімі мүлде болған жоқ еді, тіпті жоғалып кеткен жақынымды тапқандай қуанғаннан өрекпіп жүрегім аузыма тығылғандай, адам айтқысыз ерекше бір күйге түстім. Бір сәт меңіреу адамдай есімнен айырылғандай тұрып қалдым, оған себеп мына ителгі құстың да түр келбеті, көлемі мен асыраған ителгіден аумағаны былай тұрсын оң аяғында тура менікіндей сыңар аяқбауы бар екен. Тура сол құсым келіп отыз жылдан соң оралып қолыма қайта қонғандай еді. Жарайды, басқа ителгі дейік, біреуден босап адасып кетті дейік, бірақ бүкіл қаладан тура менің үйіме келіп, оның үстіне еш жатырқамай бір шақырғаннан қолыма келіп қонғаны, оң аяғындағы аяқбауы мен үшін бала кезімді алып келген ғажайып бір сәт болатын. Осындайда тылсым құдыретке бас имеске еш шараңыз да қалмайды екен, миллион ұтып алған адам да осындай күйге түсер деймін.
Содан ол ителгі үйімде екі күн болды, анығы қорамда, ертеңіне мал сатумен айналысатын бауырымнан барып қойдың шикі өкпе-бауырын алдым. Телміре қарап, түсінбесе де "сөйлесіп" қорадан шықпай көп отырдым, тіпті түн ортасында далаға шықсам да бір магнит тартқандай қораға қайта-қайта барғыштай бердім. Тағы бір есте қалғаны қора ішіне балалар кірсе де жатырқап желке жүні күдірейіп айбат шегетіні де еді, тек маған ғана тосын мінез танытпады. Мен сол кезде балалық шағыммен қайта қауышып тілдестім, ара-арасында құшақтай бауырыма басып ұстасам да құс бұлқынып қарсылық танытпады. Сонымен ертеңіне жұмысқа барған соң жігіттерге, оның ішінде Айбек Сапышев деген ақын ағамыз бар еді бәріне таңданысымды жасыра алмай жырдай қылып айттым. Сол-ақ екен, кім жеткізгенін білмеймін түстен кейін екі жігіт жетіп келіп тұр «брат, сізде құс бар екен, бағасына келісіп сатып алайық» деді. Сол кездерде арабтар Қазақстаннан құс сатып алып жатыр екен деген әңгіменің қызып тұрған кезі-ау деймін, ұзынқұлақпен жетіп жататын, құлақ болған соң естиді ғой. Әрине, ақшадан қысылып жүрген сол кезде көктен өзі ұшып келген қаражат артық болмас та еді, бірақ тез ойланып маған сенім артып пана тұтып келген ителгіні азаттығынан айырмаймын деген шұғыл шешімге бірден келдім. Сол ойға бекем бекіп ителгіні сатпадым. Шыны керек, балалығымның бір ұмытылмас бейнесін алып келген құсты сату мен үшін баға жетпес қымбат балалығымды сатқанмен бірдей екенін ұқтым. Бұл қайта оралмас балалықтың қаншалықты құнды екенін ұқтырған, ар-ұят, сенім деген қасиетті ұғымдардың барлық құндылықтан жоғары тұратынын ұқтырған сәті еді. Ұят та болса «жігіттер ұстап алғаным рас еді, бірақ, қашырып алдым...» деп жалған сөйлеуге тура келді. Кейде адамдығыңды сақтап қалу үшін еш залалы жоқ өтіріктің де зияны жоқ екен-ау. Кешке үйге келе сала қорадан алып шықтым да қоя бердім, бірақ мен жіберді екен деп бірден кете қою ителгінің ойында мүлде жоқ екен, ұшқан беті есігі ашық тұрған моншаға барып кірді, сонымен қайтадан қораға апарып өзі ұшып кетер деп есігін ашық қалдырдым. Таңертең қораға кірсем мені көріп дүр сілкініп қойып әлі отыр, кетпеген екен, таңданысымды жасыра алмасамда есікті сол беті ашық қалдырып, біраз еркелетіп сипалай сөйлесіп жұмысқа кеттім.
Алғашқы ителгіні ұясынан алған кезде бала болдым, сол еліктегіш балалық арманым құсбегі болсам даеп те қиялдады. Бірақ асқар таудай әкем мәпелеп өсірген құсыма еркімнен тыс азаттық бергізген еді, енді бүгін өзім әке болғандықтан сол құсқа өз еркіммен азаттық беруді жөн деп санадым. Аруағыңнан айналайын әкетайым, көзің тірі болғанда бұл жағдайға менен бетер таңданбас едің деп ойлаймын. Сонымен кешке таман жұмыстан келсем саңғытқан ақтаңдақ мөрлерін ғана қалдырыпты да ұшып кетіпті. Міне, адам сенгісіз осындай жағдай менің басымда қайталанды, араға орда бұзар жас салып таң қалдырды, тіпті әлі күнге дейін аспанда қалықтаған құс көрсем сол жәйт бірден есіме түседі, тіпті сол ма деп қарайлаймын.
Мүмкін, бұл мені қорғап жүрген, көгімде қалықтаған періште кейпіндегі құсым болар, оған азаттық бергенім де мен үшін сынақ болған шығар, кім білсін, тек бір Аллаға аян!
Кейбір пенделер бәрінде ақшаға сатып алуға болады деп ойлайды, ондай адамдар да жоқ емес қой арамызда. Сондай жандарға айтарым, алтыннан да жоғары рухани құндылықтар бар, соның бірі ешқандай алтынға сатып ала алмайтын қайталанбас қас-қағым сәттеріңіз, әрине, бағалай білсеңіз.
Біреулер үшін бұл қызықсыз да болар, бірақ мен үшін өте ғажайып оқиға, сондықтан менің бала кезімдегідей «ешқашан» деген сөзді ешқашан айтпасаңыздар екен, Алла ұлық, бәрін де реттеуші.
Табылды Досым айтқандай қазақ халқы биіктігін қыранының қанатымен өлшеген ел ғой, басымнан өткен осы оқиғаны Сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Ұнамаса жәй ғана оқып өте шығарсыздар, тек әкенің ұлы болған соң менің де көңілім бір атым насыбайдан қалатынын ескеріңіздер, ойдан шығарды деп сөкпесеңіздер екен. Бұл ойдан шығарылған жәйт емес, болған оқиға.
Өйткені, біреулер үшін ойдан шығарылған қиял деп қабылданса да мұнда ақиқат бар, оған алдымен Алла куә, өзімнің арым куә, менің жанұям куә!
Бірақ кім не ойласа да осы тылсым жағдай мыңнан бәлкім миллионнан бір адамның басынан ғана қайталанатын мен үшін өмірімнің ерекше бақытты сәттің, сирек құбылыстың бірі деп қабылдадым.
Бұл сәйкестік болар дейін десем де сол сұрақ қайта мазалайды, үйіме келіп қолыма қонған ителгі құс отыз жыл бұрынғы өз ителгімнен аумайды? Ең басты таң қалдырғаны, мұның да оң аяғында аяқбауы бар ғой, неге менің үйіме келді, мен шақырғанда еш жатырқамастан бірден келіп қолыма қонды?
Екі ителгінің де екі күн қарайлап тосатыны ол да жұмбақ, мен үшін қалған өміріме өзек болар шешуі табылмас аса күрделі құпия.
Мен сол ителгіге азаттық бергеніме әлі күнге дейін қуанамын, тіпті қимастықпен де еске аламын, өйткені, мен үшін өмірлік сынақ болған сол сәтте емтиханын жоғары бағамен қорғап шыққан да болармын деп ойлаймын. Ең бастысы жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде саналысы адам деп сеніп келген дала құсының алдында адамгершілікті сақтап қалудан артық қандай бақыт бар.
Осындай оқиғадан соң заңғар ақын Қадыр Мырза - Әлінің: «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету- өзіңнен» деген шумағы оралады, баршамызға адам деген қасиетті ұғымға лайықты болып, қыран қанатымен өлшенетін биіктігімізді сақтап қалуды нәсіп еткей.
Ерлан Шаяхметұлы,
Семей қаласы