Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы: «Ағай, тісім қақсап тұр»
Сәті түспесе адамның ойлағаны бола бермейді екен. Болмашы себеппен армандаған мамандығыма түсе алмай қалып едім. 1977 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырмақ болып алып ұшып келгенмін. Бірақ аудандық әскери комиссариат берген куәлігімді ауылда қалдырып кеткендіктен, оқушы кезімнен қалаған факультетіме түсуге қолым жетпей қалды. Сол куәлікке бола ағайым 700 шақырым жердегі ауылға барып, әлгі қарғыс атқырды әкеліп берді. Алайда журналистика емес филология факультетіне құжат тапсыруға мүмкіндігім болды. Ереже бойынша барлық емтихандарынан сүрінбей өттім. Дегенмен ол кезде талапкерлерді тек конкурс арқылы қабылдайтын. Сөйтсем филология факультетіндегі бір орынға үш-төрт талапкер таласып жатыр екен. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады дегендей әлгі конкурстан өте алмай қалдым. Мұндай жайсыз хабарды естгенде шақшадай басым шарадай болып, енді не істеуім керек деген сұрақтың астында қалдым.
Кез-келген мәселенің шешімі болуы керек қой. Сол кезде мен сияқты «конкурстан» өте алмай қалған Оңтүстік Қазақстан облысының түлегі Қасымхан Ағабеков деген жігіт «осы емтиханымыздың бағаларымен журфактың сырттай оқитын факультетіне оқуға түсуге болады екен» деген мәлімет айтты. Сырттай болса да әйтеуір оқуға түсу керек қой. Бұл мүмкіндікті қалт жіберіп алмайын дедім де ойланбастан журфактың сырттай бөліміне құжатымды тапсырдым. Онда да «конкурс» бар екен, әйтеуір бағым жаным өтіп кеттім. Оқып жүргенде Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет істеп жүрдім. Кейіннен әскери борышымды өтеу үшін Моңғол еліне кеттім де, сырттай оқуымды 1982 жылы қайта жалғастырдым. Сөйтіп, 1985 жылы жоғарғы оқу орнын толық бітіріп шықтым.
Мен орыс, неміс тілдеріндегі сабақтар болмаса, қазақ тілі, әдебиеті және мақала жазу дегендерден ешкімге қамшы салдырмайтынмын. Сабақты жақсы оқыдым. Дипломдық жұмысымды қорғау үшін ғылыми тұрғыдан жаңалық аштым деп айта алмаймын. Бірақ жетекшім Мүбәрак ағайдың Темірбек аға Қожакеев бастаған комиссия мүшелерінің алдында «бұл жігіт болашақта жақсы жазушы болады» дегені есімде қалыпты. Сырттай оқысам да жатақхана өмірі маған жақсы таныс. Өйткені 9-10 сыныпты интернатта жатып оқығанмын. Ал ҚазМУ-дегі журфактың жатақханасы мен ҚазМУ қалашығын салып жатқан жұмысшы жастардың «Алатау» деген жатақханасының арасы жақын болатын. Мен осы екі жатақханада кезек жатып жүрдім. Ондағы достарым да мені «мынау сырттай оқиды» деп шеттетпейтін. Қазір солардың көбісі атақты ғалым немесе білікті прокурор болып кетті.
Біздің кездегі студенттер бой жағынан да, ой жағынан да ірі, кесек болатын. Өмірден ерте кеткен талантты ақын Бауыржан Үсенов кеңестік идеологияға қарсы «Қара машина» деген өлеңін сол кезде жазып, сол кезде оқып жүретін. Курстастарымның аты-жөндерін айта бастасам таңқаласыздар. Өйткені олар өңкей ығай мен сығайлар, қазақ әдебитетінің классиктері болып келеді. Мысалы, талантты ақын Қанипа Бұғыбаевамен бірге оқыдым. Өте қарапайым болатын. Атақты академик Зейнолла Қабдолов ағамыз
алдында емтихан тапсырып отырған студентінің Қанипа Бұғыбаева екенін біліп, «Айналайын-ау, сен әлі жоғарғы оқу орнын бірмеп пе едің? Сен қазақтың үлкен ақын қыздарының бірісің ғой» деп, зачеткасына «жақсы» деген баға қойып бергеніне куә болғаным бар. Сондай-ақ, атақты ақын Есенғали Раушанов та біздің курста оқыған. Сол кезде «Транссібір экспресі» деп аталытын фильм түсіп жатқан. Сол фильмнің ассиссенті Аяған Шәжімбаев та бізбен бірге оқыды. Сол атақты фильмдегі көпшілік рөлдердің біріне түскен. «Бу пойызының от жағатын жерінде болатын төбелесте ойнадым» деп риза болушы еді, жарықтық. Шынында әртістік өнері бар еді, лекция оқып кеткен ағайлардың сөздерін, олардың бет-жүздерінің қимыл-қозғалыстарын айнытпай салып, бәрімізді күліге қарық қылатын. Екі сөзінің бірін «Біз Мароккода оқып жүргенде...» деп бастайтын Әбсаттар аға да Аяғаның пародиясынан қағыс қалмайтын. Ал ақын, профессор ұстаздарымыз Қадыр Мырзалиевтің, бүгінгі Әбсаттар қажы Дербісәлінің сабақ берген сәттерін әлі ұмыта алмаймын. Курстастарымыз қалжыңдап:
Студенттер ырза ғой,
Біздің Қадыр ағаға,
Қадыр аға мырза ғой,
«Жақсы» деген бағаға, - деп өлең жазғаны бар. Оны Қадекеңнің өзі де оқып жүретін. Сондай-ақ, менің ауырған тісімді ұстап қиналып тұрған кезімді тосыннан суретке түсіріп алып, қабырға газетіне шығарғандары да бар курстастарымның. Суреттің астына Есенғали ақын болуы керек:
Сабақты да ақсаттым көп,
Қиын екен әй, тегі.
Ағай, тісім қақсап тұр деп,
Қашып кетсем қайтеді? - деп жазып қойыпты.
Талантты жазушы ағамыз Мархабат Байғұттың «Бір дорба диплом» деген әдемі әңгімесі бар. Мен соны анда-санда қайталап оқып тұрамын. Өйткені студенттік шағымның көп оқиғалары сол шығармамен үйлесіп жатады. Сырттай оқыған студенттердің өмірі сол әңгімеде керемет шынайы әрі көркем баяндалған.