Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Фото ашық дереккөзден алынды
«Бүгінде заман емес адам өзгерді» деген сөзді көпті көрген көнекөз қариялардан жиі естіп жатамыз. Расында да адамдардың қатігезденіп, бойында мейірімнің жоғалып бара жатқанын мына күнделікті күйбең тірлік пен үйдегі «көк сандық» көрсетуде. «Біреуді арбап кетіпті, алдап ақшасын жымқырыпты, аяусыз соққыға жығыпты» дегенге көз де, құлақ та үйренгендей. Немесе ағайын-туыстың, бауырлардың тіпті әке мен бала, ана мен қыздың арасындағы дау-жанжал, бір-бірін сотқа беру, ұру секілді оқиғаларға да селк етпейтін болдық. Қатыгез қоғамның арасында көмекке зәру, мейірімге мұқтаж, өмір мен өлімнің арасында тұрған жандар қаншама десеңізші. Бірақ әркім қара басының қамын ойлап жүрген қоғамда олардың зарына құлақ түрер жан бар ма? Жалпы бүгінге жақсылық жасай алатын қайырымды жандар қалды ма?
Әрине бар. Ғалымдардың зерттеуінше әлем қанша өзгеріп, қоғам бүлінсе де, өркендесе де жамандықпен қатар жақсылық қай кезде де қатар жүреді. Қай ғасыр, қай заман болса да жақсылыққа әрдайым орын табылады екен. Жанашырлық азайып бара жатқан бүгінгі қоғамның ішінде де сондай ізгілікті жандар бар екен.
Студент кезімде Майра есімді қызбен танысып, жақын құрбыларға айналған едік. Жатақхананың тар бөлмесінде қара нанды бөлісіп те жедік. Ауылдан шыққан қарапайым, мейірімді қыздың басына Алла салмақты әбден салды-ау. Жастайынан әке-шешесінен айырылып жетім қалған қыз төрт бірдей ағасының қолына қарап қалады. Тұл жетім атанғанда ол 16 жаста еді. Ал ағаларының барлығы үйленіп, үйлі-баранды болған. Қара жамылған қаршадай қыз ата-анадан айырылған соң ағаларына арқа сүйеп еді, алайда олар жалғыз қарындастарын өзектен тебумен болды. Қара шаңырағындағы кіші ағасы нақтырақ айтқанда жеңгесі оны үйіне сыйдырмады. Мектепті байғұс қыз біресе үлкен ағасы, біресе үшінші ағасының үйін паналап бітірді. Сабақ үлгерімі жақсы Майра грантқа Алматыға оқуға түседі де алып шаһарға келеді. Біздің достығымыз да осы тұстан басталды. Ол шәкіртақысын үнемдеп, қосымша онша-мұнша жұмыстарды істеп өз күнін өзі көріп жүрді. Әрине қиналған сәтінде мен де қол ұшымды беруге тырысып жүрдім. Қанша тасбауыр болса ол ағаларын сағынып, түн көрпесін жамылғанда жылап алатынын сеземін. Кейде ағаларының оны іздемейтінін, тіпті кеткеніне қуанатынын айтып, сырын ақтарып алатын. Жас қызды тағдыр тағы да тәлкекке салғысы келді ме, онсыз да жалғыздықтан жаны күйзеліп, болашағына күдікпен, үмітпен қарап жүрген Майра қатты науқастанып қалды. Ауырмағанда қайтсін, қыстың қақаған аязында ол мейрамханада ыдыс жуды. Оның үстіне сырт киімі жұқа болып тоңып жүрді. Намысшыл құрбым менің берген пальтомды алудан бас тартып еді. Оның ауруы күн сайын асқынып халі нашарлай берді. Сөйтіп жүріп ауруханаға түсті. Жағдайын сұрауға бір-екі группалас құрбысынан басқа ешкім келмейтін. Бірде дәрігер бізді шақыртып алып оның жақындарының бар-жоғын сұрастырды. Мен өзге қалада ағаларының барын айттым. Дәрігердің айтуынша Майраның екі бүйрегі қатты суықтаған, тез арада оларды алмастырмаса жазылып кетуі екіталай екен. Қысқасы донор және ота жасауға қомақты қаражат керек. Мына хабарды естігенде қатты есеңгіреп қалдым. Майра бұл сұмдықтан бейхабар екен. Оны оған айтуға менің де батылым бармай қалай да болса оны құтқарып қалуға барымды салдым. Құрбыма білдіртпей ұялы телефонынан ағаларының телефон нөмірлерін жазып алдым. Оларға телефон соғуға біраз уақыт жүрексініп жүргеннімен ақыры сөйлестім. Сөйлестім де бұл ісіме өкінгендей болдым. Себебі ешқайсысы қарындасының проблемасына бас қатырғысы келмеді. Ал қаражат жағын айтқанда тіпті ат тондарын ала қашты. Сонда барып Майраға шынымен де қатты жаным ашыды.
Оның сабаққа бармағанына бір айдай уақыт өтті. Бірде кураторымыз оның жағдайының қандай екенін менен сұрастыра бастады. Мен оқиғаны бастан аяқ түгел баяндап бердім. Қасым ағай менің әңгімемнен кейін күрсініп, ойланып қалған еді. Араға бір апта салып Майра өзіне ота жасалатынын айтқанда қуанышында шек болмады. Сөйтсем жан құрбым барлығын біліп, сезіп жүрген екен. Тек бізге білдіртпей, іштей тұншыға беріпті. Ал донор табуға және ота жасауға қомақты қаржыны Қасым ағайдың бергенін кейіннен білдік. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ешқандай туыстығы жоқ Қасым ағай шәкіртіне Атымтай жомарттық жасағанда бұл өмірде шыныменде жанашыр, қамқор жандардың барына көз жеткіздік.
Майра қазір бизнесі бар жеке кәсіпкер. Байлығы отбасы, бала-шағасына жеткілікті. Ол әлі күнге дейін Қасым ағайға қарыздар екенін айтып, оның отбасынан, немерелерінен көмегін аянып қалған емес. Әрине жақсылықтың өтеуі болуы тиіс емес пе?!
Қарлығаш Иманәлі,
Жамбыл облысы