Оразкүл Дәулетова, әнші: «Қырғыздың әнін айтам деп күлкіге қалдым»
Оразкүл Дәулетова, Мәдениет қайраткері, әнші:
Отбасымызда төрт ұл, екі қыз болып өстік. Мен төртінші перзентпін. Арыс жағалауында қалған балалығыма көз жүгіртсем талай шалалық та, қызықты күндер де өтті. Үлкен ағам әжеміздің сүйікті немересі болып, оны ерекше жақсы көрді. Балдай тәтті немересінен ештеңені аямайтын. Сол ағама бірде шертіп үйренсін деп әжем домбыра әперген. Бүлдіріп қоярдай аспапқа тіпті ешқайсымызды жолатпайтын. Ал менің әкелген күннен бастап сол домбыраға әуесім кетті. Оны көрген сайын «шіркін қолыма алып бір шертіп көрсем ғой» деп қоямын. Түбінде қызығушылығым әжеміздің тыйымын бәрібір жеңіп кетті. Сұрасам бермесін білдім де ешкім жоқ кезде домбыраны ұрланып тартып жүрдім. Әжептеуір үйреніп-ақ алдым. Соның арқасында мектепте мәдени іс-шаралардан қалған жоқпын. Мінезім тұйықтау, сабырлы болғаныммен өнерге жақындығымнан сыныптың мәдени секторы болғанмын.
Әр заманның өз қиындығы мен қызығы, ерекшелігі болады емес пе? Менің балалық шағымда қыздар арасында мак, резіңке секілді ойындардың дәурені жүріп тұрды. Сабақтан, үй шаруасынан қолымыз қалт етсе болды құрбыларыма резіңкемізді арқалап кетуші едік. Жас болсақ та достықты өзімізше ұғындық. «Аққуды атпа, досыңды сатпа, аққуды атқаның досыңды сатқаның» деген ұран біздің арамызда жиі айтылатын. Сол дос, адалдық деп жүріп әкемнен «таяқ жегенім» бар. Қазір керексіз болса да біз сағыздың қағазын «қазынадай» жинадық. Фантик жинап, қолмен ұрып ойнаймыз. Неге екенін білмеймін көшедегі бар қыздың фантигін мен жинаушы едім. Бір күні ерке екі інім фантиктерді көріп қойып, «бер» деп жылап, қыр соңымнан қалмады. Дәл сол кезде әкем жұмыстан оралды. Өзі шаршап, мазасызданып тұр екен. Інілерімнің ызыңдап жылаған дауыстарынан басы ауырып кеткен болуы керек «Айналайын, Оразкүл мыналар не сұрап жатыр? Аспандағы айды сұрап жатса да берші» деді. Аманатқа қиянат жасауға бола ма? Әкемнің көңіл-күйінің жоқтығына қарамастан мен де қасарысып «біреудің затын қалай берем, олар жыртып немесе жоғалтып қойса құрбыларымның көзіне қалай қараймын?» деп айтқанымнан қайтпадым. Ашуға булыққан әкемнің сондағы шапалағы әлі есімде.
Әрине барлық әке перзенттерін жақсы көреді, тек жақсылық ойлайды. Балаларының әрбір жетістігіне балаша қуанады. Оған мына оқиғадан кейін куә болған едім: Бала күнімнен әнші болсам деп армандадым. Жетінші сыныпта Алматы қаласында өтетін «Кеш жарық», «Терме» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алдым. Онда ұстазым, термеші Қарсыбай Ақтаев екеуміз бардық. Әнімді айтып, тоқ көңілмен үйге оралдық. Ертесіне бәріміз жиналып теледидар алдына сол бағдарламаларды көруге асығып отырдық. Міне, бағдарлама да басталды. Бір кезде сахнада Дәулетова Оразкүл деп хабарлағанда әкемнің көзінен жас шығып кетті. Сол сәттен кейін «әкемді қуанту үшін фамилиям үлкен сахналарда аталса екен» деп армандап өстім.
Сахна демекші қырғыздың әнін айтамын деп көрерменді қыран топан күлкіге қалдырғанмын. Мектепта оқып жүргенде ауылымызға жастармен кездесу үшін ақын Мұхтар Шаханов пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов келетін болды. Қонақтарға арнап мен қырғызша ән айтуым керек болатын. Алайда қырғызша бірде-бір ән білмеймін. Содан қырғызша ән білетін адам іздедік. Сөйтсек бір сыныптасымның анасы қырғыз болып шықты. Дереу оған жолықтық. Әлгі әйел бізге көмектесуге қуана келісіп қырғыздың атақты бір әнін үйретті. Кездесу кешіне санаулы ғана күн қалған. Менің дайындығым болса аз. Шынымды айтсам әннің сөздерінен аздап қиналдым. Ақыры сахнаға шығатын уақыт келді. Сахна сыртында киініп дайын тұрмын. Көйлегімді киген соң соңында сары пакеттен шығарып асығыс туфлиімді кигенімді білемін. Апыл-ғұпыл көрерменнің алдына шықтым да кеттім. Әу дей бергенім сол еді жұрттың бәрі ду күлсе бола ма? Мен аң-таң болып, қас-қағым сәтте сасқалақтап қалдым. Сонда да әнімді тоқтатпай айтып шықтым. Байқасам көпшілік әлі де күліп жатыр. Әйтеуір не керек, су терге түсіп әнімді аяқтадым да сахнадан жүгіріп шығып кеттім. Сөйтсем әлгі сары пакет туфлиімнің өкшесіне ілініп қалыпты. Мен ары-бері жүрген сәтте ол шар тәрізді үрленіп, адамдардың күлкісін шақырған екен ғой.
Өнер адамдарына мәлім сахнаның тосын сыйына осылайша жастайымнан куә болып келемін.
Мұрағаттан, 2015 ж