Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
«Бала - бауыр етің» деп жатамыз. Әрбір ата-ана перзенті үшін отқа түсіп, суға батуға дайын. Сондай-ақ бөтен баланы өзгенің қаны деп өзектен тебетін ана, әкелер де бар. Алайда әлем жақсы адамдардың арқасында тұрғанын ұмытпаған жөн. Жер бетіндегі барша бүлдіршінді шексіз мейіріммен жақсы көретін жандар да кездеседі тарихта. Сондай жандардың бірі поляктың жазушысы, педагог, дәрігер Януш Корчак. Ол қорғансыз балалар үшін өз өмірін бір рет емес үш рет қатерге тіккен адам.
Оның бірінші ерлігі: Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаулар Польшаны басып алар кезде дәрігерді Палестинаға қоныс аударуға жібереді. Алайда ол өзі ашқан «Жетімдер үйін», ондағы тағдырдың тәлкегіне түскен балаларды тастап кете алған жоқ. Соғыс оты өршіп тұрса да ол қауіпті аймақта балалармен бірге қалды.
Екінші ерлігі: Екінші дүние жүзілік соғыс басталғанда немістер Варшаваға басып кірген болатын. Гитлер еврей халқын иттің етінен де жек көргені мәлім. Ал Януштың қамқорындағы балалардың көбісі еврей ұрпағы болатын. Сондықтан педагогтың өміріне үлкен қауіп төніп тұрған еді. Өз еліне сыйлы дәрігерді үкімет Варшавадан бас сауғалап, қауіпсіз жерге қашырып жіберуді ұйымдастырады. Тәрбие беріп, киіммен, тамақпен қамтамасыз етіп отырған жазықсыз балалардың тағдырын ойлаған ол бұл жолы да немістерден тығылуды жөн көрмей «басымды шауып алсаңдар, алыңдар, бірақ балаларды тастамаймын» деп балалардың жанында қала берді.
Үшінші ерлігі: оның өмірін қиғанымен игі ісі әлемге атағын жайды. Соңына түсіп алған гитлершілер ақырында «Жетімдер үйіндегі» бар баланың көзін жоюға бұйрық береді. Яғни 1942 жылдың 6-шы тамызында «өлім лагері» Треблинкаға жіберіледі. Бейкүнә періштелерді құтқарудың амалын іздестірген ол балалардың тым болмаса сарбаздарға киім тігуге жарайтынын айтып баққанымен мұнысынан түк шықпады. Ажал аузына бара жатқанда балалармен бірге Януш және бір педагог пен сегіз балалар үйінің ересек қызметкері болды. Жазушының құрметті жан болғаны соншалық «қылмыскерлерді» вагонға тиеп жатқанда бір офицер Янушты бөлек шығарып: "Мен сізді танимын. «Король Матиуш» деген шығарманы сіз жаздыңыз ғой? Мен бұл кітапты бала кезімде оқып, қатты ұнатқам. Сіз боссыз. Мен сізді жіберемін", - дейді. Сонда ол: "Балалар ше?", – деп сұрайды. "Балалар лагерьге кетеді. Ал сіз вагоннан түсіп қалуыңызға болады", –дегенде «Қателесесіз. Олай ете алмаймын. Барлық адам оңбаған емес», – деп жауап берген екен.
Кейіннен фашистер кешірімнен бас тартқан кәрі дәрігер мен балаларды лагерде газ толы камераға қамап ақырын, улап өлтіреді. Соңғы сәттерінде балалар ажалдың ауыртпалығын сезінбесін деп екі қолымен екі сәбиді ұстап алып демі үзілгенше ертегі айтып кетіпті. Тірі қалуға мүмкіндігі бола тұра о дүниеге күнәсіз бүлдіршіндермен бірге аттанған оның артында ата-аналарға, жалпы адамзат баласына қалдырған өсиет сөздері қалды. Кішкентай балақайларды шексіз сүйген педагогтың өсиеттерін оқуға баршаңызға кеңес беремін. Себебі ол бүкіл жер бетіндегі балаларды кіршіксіз сүюге үйретеді.
1. Балаңның өзің сияқты немесе өзіңнің қалағандай адам болғанын күтпе. Оның сен сияқты емес, өзі болып қалуына көмектес.
2. Баладан оған жасаған жақсылығыңның қайтарымын күтпе. Сен оған өмір сыйладың, ол саған қарызын қалай қайтара алмақ? Ол өзгеге өмір сыйлайды, ал өзгесі тағы біреуге сыйлайды – бұл қайтарымсыз алғыс заңы.
3. Қартайғанда қатты нан жеп отырғың келмесе, өзіңнің ренішің мен өкпеңді балаға таңба. Не ексең, соны орасың.
4. Оның қиындықтары кезінде оның деңгейіне түсіп, көмектес. Өмір әркімнің өз әлінше тіршілік етуіне берілген. Сенің көріп жатқан қиындығыңды ол да көруі мүмкін. Тіпті оның қиындығы сенікінен артық. Себебі, оның тәжірибесі жоқ.
5. Қорлама!
6. Ұмытпа, адамның ең маңызды кездесуі – оның баласымен кездесуі. Оларға көп назарыңды салудан ерінбе. Баланың қандай болып өсетінін білмегендіктен, біз кіммен кездесетінімізді біле алмаймыз.
7. Балаңа жақсылық жасай алмасаң өзіңді қинама, бірақ есіңде болсын: мүмкіндігің болып тұрса да балаға әйтеуір бірдеңе жетпейді.
8. Бала – сенің өміріңді тартып алатын тиран. Дәл осы мүмкіндік саған өмірде берілген ең үлкен сый – сен сол сыйдан от шығара алуың керек. Бұл әке мен ананың махаббаты. Оның жанын ата-ана сақтай алады.
9. Бөтен адамның баласын да жақсы көріп үйрен. Өз балаңа нені қаламасаң, өзгенің баласына да соны жасамауға тырыс.
10. Дарынсыз, қабілетсіз, бақытсыз... Балаң қандай болса да тіпті есейген кезінде де жақсы көретін бол. Баламен сөйлескенде қуанатын бол, себебі бала сенің мерекең. Әзірге сенде бұл мереке бар.
Майра Асанова,
Жамбыл облысы