Мэлс Сағатұлы, әнші: «Жігіттер, қазанды қайтарыңдаршы...»
Бала күнімнен музыкаға жақын болғасын мектепті тәмамдап Шымкент қаласындағы музыкалық колледжге түстім. Мұхтар деген ағам осы колледжді бітіріп шыққан еді. Талапкер інісін де осында өзі жетелеп келді. Мақсатым домбыра аспабына түсу болатын, алайда ұстаздар «домбыра бөліміне құжат тапсырып жатқан жастар өте көп. Орын жетпей қалуы мүмкін. Сен одан да домбыра прима аспабы бөліміне түс» деген кеңестерін берді. Ішімде колледжге түсе алмай қаламын ба деген қауіп болғасын үлкендердің ақылына құлақ түріп, домбыра прима аспабын таңдадым. Шынымды айтсам прима аспабын сол кезде алғаш рет көрдім. Бірақ оны меңгеріп кету қиын болған жоқ, сабағымды беске бітіріп шықтым. Оның үстіне қалада әпкемнің қолында тұрдым. Ол кісі өте қатал еді. Сабағымның бәрін қадағалап жүретін. Қазір сол кісілерге дұрыс бағыт беріп, оқытып-шоқытқаны үшін үлкен алғыс айтқым келеді. «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей әсіресе, бірінші курста жігіттер арасында төбелес, кикілжіңдер жиі болып тұрады ғой. Бірақ маған тиісуге ешкімнің батылы бара қоймады, себебі ағам кішкене бұзықтау болатын. Оқуға түсерде мынау менің інімі деп бәрімен таныстырып қойғаны бар еді. Жоғары курстың жігіттері керісінше маған қолдау көрсетіп жүрді.
Жатақхана өмірі маған қашанда қызық болатын. «Студенттердің баспанасынан» арнайы орын алған жоқпын. Дегенмен курстастарымның бөлмесінде жиі қонып қалушы едім. Өздеріңізге белгілі жатақханада ақшасын үнемдеп ұстайтын студенттердің қарындары әрдайым тоқ бола бермейді. Сондай күндердің бірінде кешқұрым достарыммен асханаға қарай бет бұрдық. Өзімізде ас әзірлейтін азық-түлік те, сатып алатын ақша да жоқ. Бар ойымыз әйтеуір дайын тамаққа тап болу. Қарасақ газда қазанда тамақ пісіп жатыр екен. Иісі шұрқыраған асқанымызды тесіп, мұрнымызды жарып барады. Айналада ешкім көрінбейді. Ыстық тамақтан кім бас тартсын. Қазанды көтердік те бөлмемізге қарай кіріп кеттік. Дәмді асты бәріміз құшырланып жеп алдық. Бір кезде есігімізді біреулер тақылдатып тұр. Сөздерін бақсақ қыздар екен. Қазанның егелері-ау деп біз де тым-тырыс отыра қалдық. Есікті аша қоймадық. Қыздар мұнымызға ашуланды білем, біраз айғайға салды. Сонда да дымымызды шығармадық. «Ұрылардың» есікті ашпайтынына көздері жеткен қыздар сәлден соң ашуларын басып, жылы сөйлей бастады.Бәріміздің аттарымызды атап тұрып: «жігіттер, тым болмаса қазанымызды қайтарыңдаршы. Тағы да тамақ жасайық»,- деді. Бір жағынан тойғанымызға мәз болып, екінші жағынан тірлігімізге аздап қысылып, қыздарға бос қазанды қайтарып бердік. Жатақханада сол кезде студенттер аз болғасын қыздар қазанды біздің алғанымызды бірден біліп қойыпты.
Студент кезімізде барлығы өздігінен келіп, оңай көрінетін. Әрине қамсыз жүргеніміздің барлығы ата-анамыздың арқасы. Мен қазіргі студенттерге риза боламын. Себебі олардың ой өрістері жоғары. Көбісі оқумен жұмысты қатар алып жүреді. Ал біз жұмыс жайын үшінші курстан кейін ғана ойлана бастадық қой. Бір жағынан қазіргі заман жастардың қамсыз жүргенін «көтермейді» ғой.
Мұрағаттан, 2015 ж