Жақсылық және бумеранг

Oinet.kz 04-06-2019 1469

tj1DMNF7bZ2aldro-lg.jpg

        Жақсылық жасау кейде бізге қиынның қиыны көрінеді. Жасай қалсақ оның бағалануын, қайтарымын күтетініміз тағы бар. Жақсылық  – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Және оны жасау кез-келгеніміздің қолымыздан келеді, тек ниет болса. Жақсылық – бумеранг секілді. Біреуге тигізген шарапатың ертелі кеш өзіңе қайтып оралатынын өмір өзен талай рет дәлелдеді. Сондай оқиғаның бірі шотландық фермердің басынан өткен екен. 

        Жиырмасыншы ғасырдың басында әлгі фермер үйіне қайтып келе жатып, батпақты жерден әлдебіреудің көмекке шақырған жанайқайын естиді. Дауыс шыққан жаққа жанұшыра жүгіріп келген фермер ми батпаққа батып бара жатқан кішкентай баланы байқайды. Ол дереу қалың бұтақты сындырып алып қолын ұсынған балаға қарай созады. Лайдан денесін әрең дегенде алып шыққан бала біраз уақыт көз жасын тыя алмай, дірілдеумен болды. Ажал аузынан аман қалған балақайға жаны ашыған фермер:

- Біздің үйге жүр. Саған өз-өзіңе келіп, бойыңды жылытып алу қажет,- дейді. Бойындағы үрейден арыла бастаған бала:

- Жо-жоқ, мені әкем күтіп отыр. Кешіккеніме мазасызданып, уайымдап отырған болар,- деп құтқарушысына алғысын айтып, өз жөнімен жүгіріп кете барады. 

Таңертең фермер есігінің алдынан атқа жегілген қымбат, әсем күймені көреді. Ішінен таза, сымбатты киім киген кісі түсіп, сөйлей жөнеледі:

- Кеше менің ұлымның өмірін құтқарып қалған сіз бе?,- дейді.

- Ия, мен.

- Сізге қанша беруім керек?

- Мені бұлай қорламаңыз, мырза. Сіз маған бірнәрсе беруге міндетті емессіз. Мен бар болғаны  есі дұрыс адамның жасауы тиіс әрекетке бардым,- дейді ыңғайсызданған фермер.

- Жоқ, мен бұған көз жұма қарай салуыма болар еді, бірақ ұлым мен үшін бәрінен де қымбат, кез-келген соманы атай беріңіз, одан ештеңені де аямаймын,- деп жауап қатты әлгі мырза.

- Мен сізден бұдан әрі сөйлескім келмейді, сау болыңыз,- деп фермер бұрылып кетіп бара жатқанда үйдің арт жағында ойнап жүрген фермердің ұлы мырзаның алдынан жүгіріп шығады. 

- Сіздің ұлыңыз ба?,- дейді ол.

- Ия, менің ұлым,- деп баласының маңдайынан сипап  мақтанышпен жауап қатады. 

- Онда былай істейік. Мен сіздің ұлыңызды Лондонға ертіп әкетейін. Оқуға түсіріп, қажеттіліктерін мен өтеп тұрамын. Егер ол сіз секілді қайырымды жан болып шықса бұл шешімге мен де, сіз де өкінбейтін боламыз, -дейді. 

Сонымен бұл ұсынысқа келіскен фермер баласын қалаға жібереді. Арада жылдар жылжып өте берді. Ер жеткен ұлы алдымен мектепті бітіріп, кейіннен медицина университетін үздік  аяқтап шығады. Көп ұзамай білімге құштар жігіттің аты әлемге әйгілі бола бастайды. Оның есімі тарихта алғаш рет пеницилинді ойлап тапқан ғалым ретінде қалды. Бұл әлгі фермердің ұлы Александр Флемминг еді. 

    Соғыстың өршіп тұрған жылдарында Лондондағы емхананың біріне өкпесін қатты суықтатып алған, жағдайы ауыр науқас келіп түседі. Ол баяғы бай мырзаның ұлы болатын. Қалай ойлайсыз, оның өмірін кім құтқарып қалды? Ия, ия Александр Флеммингтің ойлап тапқан пеницилині баяғы баптаққа батқан баланың өмірін аман алып  қалды.    

         Фермердің ұлына білім берген мырзаның есімі Рэндольф Черчилль болатын. Ал оның ұлы кейіннен Англияның премьер-министрі атанған Уинстон Черчилль еді. Осыдан кейін  премьер-министрдің әлі күнге дейін ұмыт болмаған  «Жасаған жақсылығың өзіңе қайтып келеді» деген сөзі өз өмірінен алынған қағида екеніне көзіміз жеткендей болды. 

Бауыржан Асылбек, 

Жамбыл облысы 

Фурмановтың Елшібек батыр атанғаны қай заман?
«Біз соншалықты кедей екенбіз ғой»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу