Амангелді Тұрсынов. Сұңғат өнерінің саңлағы

Oinet.kz 24-01-2013 1665

Көркемсурет галлереясында белгілі суретші Амангелді Тұрсыновтың шығармашылығына арналған көрме өтті

Амангелді Тұрсынов облыс ғана емес, қазақ қылқалам өнерінде өзіндік орны бар, сұңғат өнерінің саңғалы атанған тұлға. Болмысынан қарапайым, еңбекқор Амангелді Тұрсынов әріптестеріне, өзінің ізін басқан шәкірттеріне «маған жеке көрмені  70-ке келгенде  ұйымдастырсаңдар да болады» дейді екен. Жетпіс жылдық мерейтойында оның шығармашылығына арналған көрме жуырда облыстық мәдениет басқармасы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі, облыстық суретшілер одағы және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен Көркемсурет галлереясында өтті. Бірақ осы іс-шараның басы-қасында марқұмның өзі болмағаны өкінішті-ақ. 

Screenshot_16.jpg

Амангелді Тұрсынов Өгем тауының бөктерінде дүниеге келген. Бәлкім оның сұлулыққа құмар болып өсуіне көркі көздің жауын алатын Өгем тауының табиғаты әсер еткен шығар. «Тау баласы тауға қарап өседі» дейді, бала кезінен қылқаламды серік еткен Әбекең алдына таудай мақсат қоя білді. Табиғат берген талантын ұштау үшін көп ізденді. Алдымен Ташкенттегі П.Бенков атындағы Көркемсурет училищесін бітірді. Бұдан кейін аз уақыт орта мектепте ұстаздық етіп, 1969 жылы сол кездегі одақта суретшілерді даярлайтын ең беделді оқу орнының бірі Ташкенттегі Н. Островский атындағы театр-көркем сурет институтының кескіндеме бөліміне түсті. Аталған оқу орнында атақты суретшілер, кескіндеме өнерінің хас шеберлері дәріс беретін. Солардың тәлімін алған Амангелді Тұрсынов институтты үздік дипломмен бітіріп шықты. 1975 жылы арнайы жолдамамен  Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесіне жұмысқа келді. Осы кезден бастап ол шығармашылық жұмысымен бірге ұстаздықты да қатар алып жүрді. Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу Әбекеңнің бойына біткен ерекше қасиеті еді. Шәкірттері оны әлді күнге толғаныспен еске алады.   

Screenshot_17.jpg 

- Оның дәріс беру тәсілі өзгеше болатын, студенттердің бәрі оған үйір болып, құрмет көрсететін. Өзінің салмақты, ұстамды, ішкі жан дүниесіндегі сырларын сыртқа шығара бермейтін,--дейді Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің директоры, осы көрмені ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Айдар Ниязов. --Өз ісіне деген адалдығының арқасында Әбекең 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Суретшілер одағына төраға болып сайланды. Айта кету керек, Суретшілер одағын басқарып тұрған кезде Оңтүстіктің сурет өнері жоғары өрледі, республикадағы ешбір Суретшілер одағы бізбен теңесе алмады десем мұның артық айтқандық емес.  Сол жылдары Суретшілер одағының мүшелерінен құралған «Қызыл трактор» деп аталатын шығармашылық топтың жасаған жұмысы әлі күнге қызу әңгіме болады.  Оңтүстік суретшілерінің брендіне айналған осы топта   В.Симаков, М.Нарымбетов, С.Атабеков сынды белгілі суретшілермен бірге Амангелді ағамыз да еңбек етіп, еліміздің атын әлемге танытты. «Қызыл трактордың» жасаған туындыларының арқасында шетелдіктер қазақ елінің бар екенін, халқымыздың бейнелеу өнерінің жоғары деңгейде екенін білді. Өмірінің соңғы жылдарында ол Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне дәріс берді. Кәсіби маманның оқу ордамызға келгеніне бәріміз қуандық. Осында жүріп ол  доцент атағын алды. Осы колледжге басшылыққа келген соң  оның атында шеберхана ашып, туындыларын іздестіре бастадық. Көрмеге оларды жинау оңай болған жоқ. Қызмет жасаған мекемелерінен, таныстарынан, туыстарынан сұрастырдық.  Сөз жоқ, Әбекең қазақ қылқалам өнеріндегі қайталанбас тұлға, оның артында қалған дүниелері біз үшін өшпес мұра. 

Амангелді Тұрсыновтың ізденімпаздығы, еңбекқорлығы өз алдына бір төбе. 1979 жылы ол КСРО суретшілер одағына мүшелікке қабылданды.  Суретшінің шығармашылығына көз жүгірсек ол қамтымаған тақырып қалмағандай. Натюрморт, тұрмыстық жанрдағы картина, сюжеттік картина, портрет, монументальды кескіндеме, роспис, фрескалар... Ол туған жер келбетін, оның адамдарын өте шеберлікпен, перзенттік махаббатпен бейнелей білді.  --Өмірінің соңғы жылдары Әбекең тарихи картина салуды армандап жүрген еді,--дейді суретшінің шәкірттерінің бірі Тұрғанбек Ақпанов. -- Бірде әңгіме барысында ол: «Қазақтың тарихында ойып орын алған оқиғалар мен тұлғалардың картинасын жасамақпын. Қазір Тоныкөктің картинасын бастап та қойдым»,- деген еді. Бұл арманына жете алмағанымен Амангелді аға  60-қа  жетер-жетпес жасында қазақтың белгілі тұлғаларының қайталанбас мүсіндерін жасап үлгерді. Қаламыздың орталық көшелерінің біріндегі алыстан көзге шалынатын Қапал батыр ескерткіші міне, осылардың қатарына жатады.  Батырдың нағыз ерге лайық тұлғасы, келбеті, көзқарасы, барлығын өте шеберлікпен бейнеленген. Одан бөлек  талай тұғырлы тұлғалардың ескерткіштерін жасады.   Орталық стадионның алдына орнатылған Қажымұқан ескерткішінің ашылу салтанатында палуанның ұлы таңданысын жасырмай «Мен әкемді қазір тірі көріп тұрғандаймын» деп мүсіншіге дән риза болғанын куәгерлер әлі күнге дейін айтып жүр. 

Screenshot_18.jpg

Көрмеге суретшінің 65 кескіндемелік және 6 мүсіндік жұмыстары қойылды. «ХХ ғасыр суретшілері» Құрметі кітабына есімі енген жерлесіміздің шығармашылық туындылары қазір ТМД және республикамыздың мұражайларында, көрмелер дирекциясында сақтаулы тұр. Ол қызмет еткен жылдарында көптеген марапаттауларларға, сый құрметтерге ие болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын Амангелді Тұрсыновқа Елбасының өзі тапсырды. Қазір оның ұл-қыздары да әке жолын қуып, өнер саласында еңбек етуде.  Қызы Жұпар қолөнердің тоқыма саласында, ұлы Ғалым кескіндеме саласында республикалық және халықаралық көрмелерге қатысуда. Шәкірттері алдағы уақытта Амангелі Тұрсыновтың есімі көшеге, мектепке берілсе деген ұсыныстарын да жасырып қалмады.  

Ұлықбектің ақтық сапары
Хот-дог атауы не мағына береді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу