Тәуелсіздік жайлы шығармалар мен өлеңдер
Бала қиялы таудан да биік.Ертең ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақ тәуелсіздіктің қадір-қасиетін қалай түсінетінін олардың балаң қиял, кіршіксіз көңілден жазған шығармаларынан жақсы ұқтық. Шымкент қаласындағы мақтаулы білім ұяларының бірі, білікті басшы Жәмилә Оспанова басқаратын Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының шәкірттері жазған шығармаларынан үзінділер ұсынуды ұйғардық.
Айнұр Тұрсанат, 10-сынып оқушысы:
«Бәйтерек болмысымыздың көрінісі іспетті»
Тәуелсіздік дегенде менің көз алдыма ең алдымен Астананың төрінде тұрған «Бәйтерек» еслестейді. Ынтымағы жарасқан халқымыз тамыры тереңге кеткен осы алып Бәйтерекке ұқсайды, яғни Бәйтерек болмысымыздің көрінісі іспетті. Мен үшін Бәйтерек ынтымақтың, бірліктің, мықтылықтың символы секілді. Дана Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», әйгілі Төле бидің «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», даңқты Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген өсиет-өнеге сөздерін әрдайым жадымызда ұстап жүреміз. «Бостандық, бірлік, бейбітшілік» ұранын ұстанған, халқы тату, ынтымақ ордасы – Қазақстанда тұратынымызды мақтаныш тұтамыз. Бәйтерек мың жасайтын алып ағаш. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің де ғұмыры ұзақ болғай деп тілеймін.
Сәния Мейірхан, 8-сынып оқушысы:
«Көк ту бақыт тілеп тұрғандай»
Шымкенттегі «Тәуелсіздік саябағында» қалықтаған көк ту көк бөрі ұрпақтарына бақыт тілеп, ынтымағы мен ырысын сыйлап тұрғандай сезіледі маған. Ашық аспанды елестететін көк тудың тұғырынан таймауына барлығымыз да жауаптымыз. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған, осы жолда өмірін сарп етіп, күресіп өткен еркіндік таңын көру біздің маңдайымызға жазылыпты. Сол себепті де біз бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіздік туын желбірету қаншалықты қиын болса, оны тік ұстап тұру да соншалықты жауакершілік. Ендеше аға буын өкілдері желбіреткен көк туымызды құлатпау біздерге аманат.
Маржан Әуесхан, 8-сынып оқушысы:
«Қан төгілмес үшін тер төгуіміз керек»
Мен өзім тарих пәнін жақсы көремін. Тарих парақтарын ақтара отырып, тәуелсіздікке қол жеткізуде атам қазақтың көрмеген қиындығы, бастан өткермеген қорлығы қалмағанын білдім. Бірақ, басты арманы – бостандыққа қол жеткізуде қанын да, жанын да аямапты. Қазаққа тәуелсіздік қанмен келді, енді оны маңдай тер ғана сақтап қала алады. Менің түйгенім мынау болды: ендігі жерде қан төгілмес үшін аянбай тер төгуіміз керек.
Альмира Мошқалова, 9-сынып оқушысы
Тәуелсіздік-мақтанышым!
Тәуелсіздік таңы атты, күн нұрына бөлендік,
Сәуле шашып, Алланың шапағатына кенелдік.
Артымызға көз салсақ, қасіреттің қаны бар,
Уақыт шаңын аршысақ, талай тарих табылар.
Бұл қазағым көрген талай қасіреттің мазағын,
Қақтығыста жүрген көріп, бұл өмірдің тозағын.
Осы күнге жеткеніңе қуанып жүр әрдайым,
Тағдыр тағы көргізбесін желтоқсанның азабын.
Қанша боздақ кетті безіп, өзі туған елінен,
Жан ауыртар шым-шытырық қасіреттің жерінен.
Қанша байтақ жеріміз де кетті-ау кеше өзгеге,
Осыларды сезген бабам тыныш жатпас көрде де.
Енді, міне, еркін елміз аққу ұшып, қаз қонып,
20 жылды тойлап жатыр халқым міне мәз болып.
Дәл осындай қасіреттер болмасыншы мәңгілік,
Жүрейікші мәңгілікке бостандықты ән қылып.