Айсұлтан Назарбаев: «Есірткімен күресте атамның көмегі көп болды»

Oinet.kz 08-09-2017 2411

Назарбаевтың жиені ағынан жарылыпты. Жұрттан жасырып келген жанкүйзелісін жайып салған екен. Алдымен атасы, артынша әкесінен айырылған Айсұлтан алданышты есірткіден іздегенін айтыпты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Аудардық. Ықшамдадық. 

Айсултан-Назарбаев-2.jpg

Атам – Мұхтар Әлиев өмірден өткесін араға екі ай салып Австрия түрмесінде әкем – Рахат Әлиев өз-өзіне қол салды.

Тағдырдың соққысы мұншалықты ауыр боларын кім білген. Еңсем езілді. Есеңгіреп қалдым. Өне-бойым өртеніп бара жатты. Қандай күйзеліске түскенімді көрсеңіз… 

Осындайда отбасым, әсіресе атам Нұрсұлтан Назарбаев барынша қолдады мені. Қамқорлық танытты. Атам күндіз 17 млн. адамның мәселесін шешсе, кешке үйге оралғасын немересінің шаруасымен айналысатын. Шармамайтын. Шалдықпайтын. Анығында, сезінбейтінмін. Онсыз да жұмысбасты адам, маған көңіл бөліп, асты-үстіме түсуге қанша күш жұмсайтынын түсінбейтінмін. Міне, сол кезде әлсіздік таныттым. Шалт бастым. Қателік жасадым. 

Жүректегі жүкті есірткінің көмегімен жеңілдетпек болдым. Алданышты есірткіден іздедім.

Иә, алғашқыда алданасың. Әлем күліп-жайнап кеткендей көрінеді. Алда сені мұңсыз-қамсыз күндер күтіп тұрғандай сезіледі. Алғашқыда ғана…  Артынан есірткі ағзаңды улай бастайды. Күл-паршасын шығаруға көшеді. Ауырасың. Сырқатқа шалдығасың. Алысқа кетсең, біттің. Ажал күтіп тұр, сені. Бұл – у. Ал у жан-дүниеңді емдемейді екен.  

Бұл саған емес, отбасыңа да салмақ.  Сынақ. Үрей. Қайтпек керек? Қайда бармақ керек? Ел не ойлайды? Менің отбасымда  да бастапқыда осылай болды. 

Үрей жаулап алды санамызды.

Ақыры, атамның алдына бардым. Мойындадым.

Бәлкім, оның орнында басқа президент болғанда мұны елден жасыруға, жылы жаба салуға тырысатын шығар. Алайда, мұның мені атама, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы жоқ. Саспады да,  шошымады да. “Мойындағаның дұрыс болды. Азаматсың. Иә, ауруды жеңу оңай емес. Бірақ, саған сенем. Жеңесің. Еңсересің” деді ол. 

Атамның алдында есірткіге тәуелділіктен арылуға уәде бердім. “Айсұлтан уәде берсе, оны міндетті түрде орындайды” деді атам. 

Атамның алдында қарыздармын. Мені атам құтқарып қалды. Бір емес, екі рет құтқарды. Бәлкім, алғашқыда жас болған шығармын, өмір көрмегендігім себеп болған шығар. Бірақ, бұл жолы қайталанбайды. 

Иә, бұл ауруды жеңу қиын. Ерік-жігер аздық етеді бұған. Ем болар дәрісі де жоқ, бірақ. Мұны ашық жазған себебім, есірткі талай тағдырды бүлдірді, талай отбасының шаңырағын шайқалтты. Бұдан арылудың жолын білем. Таптым. Ел-жұртпен бөліскім келеді. Өзім сияқты “адасудың” алғашқы сатысында тұрғандарды құтқарып қалғым келеді.  

Өмірінде бір рет те болса, нашақорлықпен бетпе-бет келгендер түсінеді мұны. Анығында, нашақорлыққа шалдыққандар емес, нашақорлықтың өзімен күресу керек. Ол ешкімді аямайды өйткені. Жақсыны да, жаманды да жалмайды. 

Алдағы уақытта нашақорлыққа қарсы күрес қайырымдылық қорын ашпақ ойым бар. Айтқанымды, нақты іспен дәлелдегім келеді. Айтпақшы, Narcotics Anonymous халықаралық қауымдастығына алғысымды айтамын. осы күнге дейін жүздеген, мыңдаған жанға үміт сыйлады бұл қауымдастық. 

Есірткімен арадағы күрес менің өмірімдегі ең ауыр айқас болды. Анығында, мен өз-өзіммен күрестім. Жеңдім.

Дереккөз: Dalanews.kz

«Таяқ жеген күндеріме рахмет»: Алтынай Жорабаева бұрынғы күндерін еске алды
Дариға Назарбаева біздің халықтың басты жауын атады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу