Жылы жақтағы жалғызым (Жәлел Кеттебек жайлы)
Ол төрт жылдан астам уақыт төсек тартып жатты. Аса ауыр операциядан кейін. Сыртқа сирек шығатын. Жұмысқа барарда Жәлелдің үйі жанынан өтетінмін. Телефон арқылы тілдесетінбіз. «Кіріп шығайын ба?» дегеніңді онша жарата бермейтін. Жүдеп-жадаған күйінде көрінгісі келмес. Бірде «Құрдастар» дейтін алақандай әңгіме жазды. Екеуміз туралы екен.
«Мархабат! Мен сені сыртыңнан көрдім дедім ғой. Телефонмен сөйлескенде. Әуелгіде сені танымадым, жапырақтардың тасасынан алашұбар көлеңкенің ішінде қалықтап, бір көрініп, бір көрінбей келе жаттың. Әуелеп өскен шынардың қауқиған бұтағынан төмен сырғып өткен соң шырамыттым: сен екенсің. Иықтарыңды көтеріп, кеудеңді шалқақ ұстап келе жатқан жоқсың, басыңды төмен салып, аяғыңды сүйретіңкіреп басасың. Бірақ аяқ басысың еркін, өмірде өзінің жолы бар кісінің жүрісі. Қолыңды сермесің де еркін. Төңіректе не болып жатқанымен жұмысың жоқ секілді. Қашан ағаштардың арасымен көше бойлап ұзап кеткеніңше арқаңнан қарап тұрдым... Мен терезенің бергі жағындамын... Мен үшін терезенің арғы жағындағы өмір біртүрлі қызық. Енді сол дүниеден сені көргенде, ол маған қызық қана емес, ерекше мәнді көрінді. Мен қолына ақ таяқ ұстаған шалды күтіп жүремін. Сол шал бір жолы қарсы жолығып: «Ал, пендем, сырқатыңнан айықтың» деп таяғымен түртіп қалатындай, сол кезде өзімді құлан-таза жазылып кететіндей көрем. Есіл - дертім терезенің арғы жағындағы «жұмаққа» қайта оралу. Гәп солай, құрдасым. Сен ағаштардың тасасынан мүлдем көрінбей кеттің. Бәлкім, ендігіде стадионның алдынан Абай бағына бұрылып бара жатқан шығарсың? Қимылсыз көп тұрдым. Бір қарасам, көзіме жас алып тұр екенмін. Бәсе, бетім мұздап кеткендей болып еді. Ал мен бетімнің мұздағанын байқамаппын да. Ана ақ таяқты шал да жолықпай кетті ғой. Әйтпесе, жерге жүгіріп түсіп, соңыңнан қуып жетіп, амандасып, аяғымызды қатар басып сөйлесіп бара жатсақ, қалай қатып кетер еді, ә!»
Сәл-пәл қысқарған «Құрдастар» әңгімесі – осы. Ол облыстық газетте жарияланды.
Қайран-ай, Жәлел Кеттебек дейтін ғажайып жазушымыз «ақ таяқ ұстаған шалды» күте-күте шаршады. Келмеді.
Жаз ортасында жалқы мәрте ғана жолықтық.
Күз бен қысқа қарата жүздескенді жүдә жақтырмайтынға айналды.
Бірде хат жазыпты. «Есен-сау бармысың! Алла тағала «жатыпатар» ауру-сырқаулардан сақтасын. Шығармашыл кісінің мазасын алу жақсы емес. Оны білем. Бірақ біздің тұрмысымыз кейде ешқандай шарттылыққа бағынбай кетеді. Мына мүгедектік деген мені әбден титықтатты. Кейде, мен төсектен жарық дүниеде жоқ адам секілденіп оянам. Содан кейін қайтып ораламын... Мен мына бір дүниені жазып бітірдім. Оны «повесть» деп атадым. Повесті «хикаят» деп онша сәтті аудармаған. Сол ескіше атауымыз дұрыс секілді. Повестің бас кейіпкері – өзімнің немерем Қарлығаш. Осыны оқып шығуға қолың тие ме?»
Бұдан әрі Жәлел өкіметке өкпе айтады. Кітаптарымызды басып та, қаламақы төлеп те жарытпай қойғанын жазады. Дәрі-дәрмегіне нәпақа жөніне назар жығады. Сөйтіп, ауыр операциядан кейін бірер жыл өтсе де, оңала алмай жатқанына қарамастан, әлгі «Қарлығаш» атты повесінің негізінде «Ұлттық тәрбие орталығын» құрғысы келетінін жеткізеді.
Бұдан бұрынырақ біз Жәлел достың «Қашқын» дейтін повесінің қолжазбасын оқығанбыз. Компьютерге тергізіп бергенбіз. Көлемді дүние. Алайда, бір бастап кетсеңіз, бас алмастан оқып шығасыз. Ал, мына жаңа шығармасы «Қарлығаш» басқашалау формада, Жәлел Кеттебектің кәдуілгі керемет стилінен бөлектеу бағытта жазылғандықтан ба, онша ұнаңқырамаған.
Біз содан көп уақыт өтпей-ақ ілдалдалап жүріп, «Қазығұрт кz» альманағын ашқан едік. Жәлел құрдастан «Қашкын» повесін сұрадық. «Жөндеймін әлі», деді. Ай сайын, апта сайын сұрадық. «Жөндеп жатырмын», деді. Кейінгі кезде күн сайын дерлік сұрап жүрдік. «Қайта қарап біттім», деген ақырында. Ұлдары Саттар мен Мұхтар «Қашқын» повесінің электрондық нұсқасын қолымызға тапсырды. Арада апта өткенде, үлкен ұлы Саттардың даусы телефоннан дірілдей естілді... Жылы жақтағы жалғыз құрдасымнан да айырылып қалдым сөйтіп. Бұл 2009 жыл еді.
«Қазығұрт кz» альманағының 2010 жылғы бірінші нөмірі де жарық көрді. Жәлелдің жаңа повесін оқығысы келетіндер көбейе түсті. Альманахтың қақ жартысын алған «Қашқын» – іздеп жүріп окитындай туындытұғын.
Жәлел Кеттебек сонау жетпісінші жылдар соңы мен сексенінші жылдардың басында шағындау әңгімелерімен-ақ елді елең еткізген еді. Мәскеудегі әлемдік әдебиет институтын сырттай оқып тәмәмдаған. Шығармашыл шеберлердің талайынан тікелей сабақ алған. Дүниежүзілік дүлдүлдердің туындыларын талдай-таразылай оқып-үйренген. Ізденуінің түрі төтенше, аңғарымпаздығы бөтенше болатын. Осындай-осындай оқшаулықтарына қарамай, Жәлел Кеттебектің кіндік қаны Қызылдың құмында тамғаны, Сыр- ананың бойында топырақ кешіп, шымырлап аққан айдында жүзгені, Отырартөбенің құмыққан әуеніне елітіп, Шардара теңізіне телміргені, сексеуіл мен тораңғыл түбінде қой бағып жатып та кітап кеміргені бөлекше білініп тұратын. Ұжымдық жинақтарда, газет- журналдарда жарияланатын әңгімелері мен очерктерін оқығандар: «Әй, мынау қайтеді-ей?!» демей кала алмайтын. «Отыз алтыншы тәулік» деп аталған тұңғыш кітабымен құттықтап, қуанып жүрсек, Жәлел құрдасымыз: «Қысқартып, қырқып-қырқып шығарыпты», деп, сүлесоқтана меңірейіп отыр. «Балалық шақпен қоштасу» дейтін екінші кітабында сәл де болса сергектене жымиып, желпіне сөйлегенін байқағанбыз. «Мен мұнда күллі қазақ ұлтының балалық шағымен, аңғалдығымен, аңқаулығымен қоштасқанын айтпақ ем», деген.
Кезінде «Қарақыз», «Жеңешем, жорға және мен», «Қаңтар» сияқты көптеген повестер мен әйдік-әйдік әдемі әңгімелер жаратқан Нәсіреддин Серәлевтің өзіне өршелене қарсы шығып, әрине, бір жағынан еркелеп: «Сіздер бізге жөнді оқырман дайындамадыңыздар», деп, ашуланған кейіп көрсетіп, кейіннен ха-ха-ха-лап тұрып күлетін Жәлел-ай десеңізші! Сол Шардара теңізінің жағасында тұратын үйінде, аудандық газетте істеп жүріп-ақ, небір шымыр-шымыр шығармаларын жазды. Сыр өңірінің экологиясы туралы тағдыршешті туындылары кезінде жарияланған жоқ. Шардара теңізі жағасындағы үйінің балконында Эрнест Хемингуэйге ұқсап тұрып, телефон соғатын. Шымкентке. «Әй, құрдасым, анау Иван Сергеевич Тургенев деген көкең де, Распутин ағаң да ізденіңкіремесе, мына менен қап кетеді. Білдің бе? Осы гәп ойыңда босыншы», дейтін. Сонсоң ха-ха-ха-лап күлетін. «Распутинге айтайын, Иван Сергеевич ана жайда ғой», дейтін ек. Әзіліне әзілмен.
Ал енді жаңағы «Қашқын» повесі — арнайы сөз қозғайтындай сұңғыла шығарма. Азырақ қана шолып өтер болсақ, күні кешегі, жекешелендіру кезіндегі жебірлердің құнығуы, Қойшыбай сынды жиырма үш жыл қой бағып, не үйі жоқ, не күйі жоқ ахуалда тағы да түксіз-дымсыз, тұлдырсыз қалған қайран қара шаруа казақтың ақырында ашынып, бір отар қойды Шардара жақтан Шымкентке қарата айдап қашқаны хақындағы аянышты хикая. Шардара мен Шымкентті атап, айтпағанның өзінде бұл повестен Оңтүстігіңіздің өзгеше иісі бұрқырап тұрыпты. «Қауқиып өскен қирық-сирық ағаштар», «шопыр біткеннің осы тұста құшырлана тістенетіні», «пүштей құйрықтарын шиыршықтай орайтын Байшұбарлар», «кірәліннің қолағаштай шишасын мойнына асып, қолына битдәрінің қағазын қысып ұстаған Қойшыбай» – мінекиіңіз, алғашқы беттен-ақ аңғарылар «иістеріңіз».
«Қойшыбай, – деп Қалиев ыс етті».
Көрдіңіз бе, осы маңдағы он тоғыз отар мен тоғыз аға шопанның қожайыны Қалиев «ыс етті». Оның «ыс еткенінен» шошынасыз.
«Деректірден ат сұрап едің ғой?» деді одан әрі Қалиев. «Иә, сұрағам. Жылқы зауыттан құнан берсеңіздер дегем», дейді Қойшыбай шопан. «Да, да, да... Енді саған құнанның да, дөненнің де қажеті болмайын деп тұр», дейді Қалиев. «Болмағаны қалай?» дейді аға шопан. «Малдарың жекешеге кеткелі жатыр».
Қалиев бастаған қонақтар, яғни санақ комиссиясы өз жұмыстарын бітіріп, сес көрсетіп кете барады. Мазақы мысқылмен ақыл- кеңестерін айтып кетеді: «Сауда қыласың ба, жоқ әлде, қайтып бағатын мал іздейсің бе, әлде Шардара қаласына көшесің бе, ерік өзіңде. Қазір қалада тұру мода ғой».
Қойшыбай есеңгіреген. Кәрі аттың қасында жүрелеп, жер сызып отырып қалады. Ертеңіне түс ауа директордың қайын атасына барады. Алты жүз елу екі қойды соған өткізуі керек еді. Әлдебір үмітпен барған. Одан да түңіліп қайтады. Ақырында жан-жақты әзірлік жасап, азық-ауқат қамдап, оқшантайын толтырып, отарды алға салып, қашып шығады. Қатыны Қыздаркүл дариядан өткізіп, шығарып салады. Екеуі белгіленген мерзімде Шымкентте кездеспек еді. «Есіңе сақта, біздің ешкімге қиянатымыз болған жоқ. Бұл мал – біздің малымыз, біздің жиырма үш жылдық маңдай теріміз... Мен көріп келдім. Кеңседегі активтерің де, завхоз да, деректірдің қайын атасы да біздің бағып-қағып өсірген малдарымызға лайықты адамдар емес. Қашпақ болғаным содан...»
Қойшыбай небір азаптар мен тозақтарды бастан кешеді. Екі аяқты айуандардан да. Қасқырлардан да.Шойғарадай «Джипті» жаңа байлардан да. Полицияның Тазабековтей жемқорларынан да. Тағысын-тағылардан да.
Ақырында қашқын Қойшыбайдың астындағы аты мен жалғыз қойы ғана қалады. Иттері де иелерін қорғаштап, адал өлім құшады.
«Ит орнына мойны қылқиған кәрі саулық ерткен аттылы адам сап-сары аңызбен қалаға бет түзеді», деп аяқталады повесть.
Жылы жақтағы жалғыз құрдасым Жәлел Кеттебектің жарияланбаған дүниелері тіпті де аз емес. Небір әңгімелері мен повестері, романы бар.
Өзінің көзі кеткен соң «Жазушы» баспасынан жалғыз кітабы жарық көрді. Бақилық болғаннан кейін екі жыл өткенде. «Түйсік» деген атпен. Түйсікшіл оқырмандары қатты қуанған.
Тірі болғанда Жәлел Кеттебек осы наурыздың онында жетпіс беске толар еді.
Мархабат БАЙҒҰТ