Жұбаныш пен Сәкен Майғазиевті алдап соққан кім?
Қазақ өнерінде Созақ өңірінің алар орны ерекше. Атақты Сүгір, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды күйшілердің туындылары – ұлттық өнеріміздің алтын қорына енген. Шертпе күйдің отаны – Теріскей екенін бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Ұлттық құндылықтардың қалыптасуына мол үлес қосқан Созақ жеріндегі игі дәстүрлер бүгінде өз жалғасын табуда.
Қазіргі қазақ эстрадасында жұлдыздай жарқыраған бір топ өнерпаздар – күйшілікті бойына сіңіріп өскен Созақтың тумалары екені мәлім. «Музарттың» құрамындағы Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбілов, эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлының есімдері бүгінде ән сүйер қауымға етене таныс.
Таяуда Алматыда ерекше концерт өтті. Ерекшелігі сол, оған тек Созақ ауданынан түлеп ұшқан талантты әншілер қатысып, тек Теріскей жерінде жазылған әндер шырқалды. Концерттің «Теріскейдің таланттары» деп аталуы да содан. Несін жасырамыз, осы жағымды жаңалықты естігенімізде қуанып қалдық. Еліміздегі аудандардың ұзын саны 160-тан асып жығылатынын ескерсек, Алматы төрінде тұңғыш рет жеке аудан ретінде концерт беру кез-келген облыстың абырой-беделін арттыратын жаңалық.
Алайда, концерттің қалай өтіп, немен аяқталғанын естігенімізде қуанышымыз су сепкендей басылды.
Мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен сол кешке қатысып, ән шырқаған Жұбаныш Жексенұлы мен Сәкен Майғазиевпен телефон арқылы хабарластық.
- Бұл ән кешін Нұрболат деген жігіт ұйымдастырды. Алғашында бұл ән кешін Алматыда өткізуге қарсы болдым. Одан да Шымкентте немесе Созақтың өзінде ұйымдастырса әлдеқайда дұрыс болар еді. Оның үстіне, «Теріскей таланттары» деп өткізу үшін белгілі бір себеп керек қой. Аяқ астынан өткізіле салғанына түсінбей де қалдық. Осының салдарынан ән кеші мерейімізді өсірмей керісінше абыройымызға сын келді.
-Қанша ән орындадыңыз?
-Бір ән.
Сәкен Майғазиевпен тілдескенімізде, «Музарт» тобының мүшесі әлі де концертке қатысты ашуы тарқамағанын байқатты.
- Негізі, бастама жақсы. Туған жерім үшін, Отан үшін барлық нәрсеге дайынмын. Өзімді Созақ дегенде өре түрегелетін жігіттердің қатарына жатқызамын. Алайда, осы ән кешінде сахнаға шықпай-ақ қойсақ па деген де ой болды. Концертті Шымкентте, немесе Созақта өткізсе түсінікті. Бүйректен сирақ шығарып, өзімізден-өзіміз Алматының қақ ортасында ойда-жоқта «Теріскейдің таланттары» деп ән кешін ұйымдастырған біртүрлі көрінеді. Осы күдігімді айтқанымда Нұрболат деген ұйымдастырушы «ауданның атын шығарайық, бұл біздің парызымыз ғой» деп, қоймай үгіттей жөнелді. «Алматыда концерт ұйымдастыру оңай емес, жұрттың алдында ұятқа қалмайық, сахна жұпыны болмасын. Ертең «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» керін келтіріп тұрмайық» деген де ойымды ортаға салдым. Нұрболат болса «мен демеушілерді тарттым, барлығын өзімнің мойныма аламын, ол жағына алаңдамаңдар» деп уәдесін үйіп-төкті. Концерт болатын күні өзі келген жоқ. Ал, сахнаны көргенімізде ... адам шығуға ұялатын сахна. Құдай кешірсін, сахна деген киелі ғой.
- Республика сарайында ғой?
- Иә. Мен осыны ескерттім. Одан да кішірек залды таңдаған дұрыс еді. Себебі, өз басым жартылай толған залда ән шырқағым келмейді. Сол күні залда адам көп бола қойған жоқ. Концертке басқа да облыстың адамдары келді. Олар «сонша жарнама қылып, шақырғандағы көрсеткені осы ма?» деп ренжіп, тіпті мазақ қылып кететіні айтпаса да түсінікті.
Теріскейден шыққан қалталы азаматтарға демеуші бол деп үгіттеп, ақшасын алып, тым болмаса жарық түсіруге, декорацияға төлей алмаған адамға не шара? Бар-жоғы 120 мың теңге кетеді. Яғни, өзінің жағдайын күйттеп жүрген азамат қой, несиесін төлеп пе, көлік алып па? Әлгі Нұрболат Созақтың атына абырой емес, кір келтірді. Соңында өзі ұшты-күйлі жоқ болып кетті.
- Енді не істейсіз?
- Мен Алматыда біраз уақыт болмай, кеше келдім. Енді Нұрболаттың осы ән кешін ұйымдастырамын деп кімнен қанша ақша алғанын, ұйымдастыруға қанша қаражат жұмсалғанын есептеп, оны әшкерелемекпін. Созақпен, сахнамен ойнағанның қандай болатынын көрсетемін.
Жұбаныш пен Сәкен айтып отырған Нұрболаттың елді шулатып жүргені бір бұл емес көрінеді. Рас болса Мұхтар Шаханов секілді белгілі азаматтардың атын пайдаланып, теріс қадамдарға барған сыңайлы. Сонда Нұрболатты бүгінгі заманның Остап Бендері дейміз бе, қалай? Ең өкініштісі сол, бір адамның кесірінен бүкіл ауданның атына сөз келіп, елге танымал азаматтар ұятқа қалды.
"Рейтинг" газеті