Шымкенттік келіншек 11 жыл бала көтере алмаған абысынына тұңғышын берген

Oinet.kz 09-02-2020 4818

7d743feaf504245d.jpg

Шымкенттің тумасы Аружан Майлыбекова өзінің 11 жыл бұрын шаңырақ көтеріп, балалы бола алмаған қайын ағасы мен абысынына тұңғыш ұлдарын берген. Айтуынша, дәрігерлер, тіпті, оған екінші рет жүкті бола алмай қалу қаупі барын айтыпты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық арнадағы "Ниет" бағдарламасына сілтеме жасап.

Аружанның сөзінше, ол жұбайы Мейрамбекпен екі күн кездесіп, үшінші күні отау құрған.

Босағаны жаңа аттаған келіншек абысыны мен қайын ағасының балалары жоқ екенін білген кезде-ақ, тұңғышын сол кісілерге беруге шешім қабылдаған.

"Тұрмыс құрған кезде, дастархан басында отырғанда ол кісілердің балалары жоқ екенін білдім. Басында күйеуіме бала көтеретін болсам, тұңғышымды беремін деген едім. Сөйтіп, арада көп уақыт өтпей көтердім, босандым. Перзентханадан шыққан түні сол кісілердің қолына табыстадым", - дейді Аружан.

Жас келіншектің сөзінше, әуелде ерлі-зайыптылардың бұл ойынан ешкім хабардар болмаған. Қайын ағасы мен абысынының өзі бұл туралы, босануға бір апта қалғанда білген.

"Мен босанардың алдында екі күн бұрын жеңгемнің түсіне кірген екенмін. Ол: "Маған бір әйел түнде баласын әкеп, беріп жатыр", - деді. Сөйтіп мен баланы бердім. Қазір, шүкір. Екеуі бақытты. Бірін-бірі қатты жақсы көреді", - дейді Аружан Майлыбекова.

Сондай-ақ, Аружан босанғаннан кейін өзін жайсыз сезінгенін де жасырмады.

"Босанғаннан кейін өзім қаралып жүрген жеріме барып, тексерілдім. Гинеколог маған енді алты жыл бала көтеруге болмайтынын айтты. Олай болмаған жағдайда бала болмайды, жара бар деді. Содан бірнеше жерге тексерілгеннен кейін барлығы жақсы деді. Қазір екіншімізді күтіп жүрміз", - дейді ол.

Ал жұбайы Мейрамбектің сөзінше, ол бүгінде ұлын ағасынан қызғанбайды. Керісінше, жеңгесі екеуін аңсаған арманына жеткізгені үшін риза.

"Бала бір жасқа толғанда ағамның атына аударамын. Қазір ол қиындау болып тұр. Бала ағаларымды "папа-мама" деп атап жүр. Қызғанбаймын", - дейді ол.

Ерлі-зайыптылардың сөзінше, олардың мұндай шешімін екі жақтың ата-аналары мен туыстары қолдаған екен.

ҰБТ. Мектеп директорының ата-аналарға жіберген хаты
Есек пен ат (мысал)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу