Қабылбек Төретай: «Сырға толы хаттар сандықтың түбінде сақтаулы жатыр»
Қабылбек Төретай, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы, ақын:
Сынаптай сырғыған, дауасыз да ноқтаусыз уақыт-ай десеңізші! Үйленіп, отау құрғалы да 35 көктем мен күз өтіпті-ау...
Әскерден келген соң бір жыл құрылыста істедім. Ішкі бөлімдегі оқуымды жалғастырдым. ҚазХТИ-ден құжаттарымды алып, КазГУ-ге тапсыруға бел байладым. Сол күндері ауылдағы бір ағамыз оқу бітіріп, дипломын жууға арналған «вечеріне» ауылдың қыз-жігіттерін шақырыпты. Сол күні болашақ жарым Сұлушашпен таныстым. Оған арнап жазған жырларымның бір шумағы мынадай:
Шіркін сенің хаттарың-ай, хаттарың,
Шіркін менің хаттарым-ай, хаттарым.
Сол кездегі жүрек, шіркін, соққыла,
Сол кезгідей жүрек, шіркін, ақтарыл!..
Мен Алматыдан, ол туған жерден бір-бірімізге ақ қанатты, ақ тілекті, Сыр мен құштарлыққа, сағынышқа толы, самғаған «авия» таңбалы ақ көгершін іспетті аңсаулы хаттар жолдайтынбыз. Хат жазысу да үлкен өнер сияқты. Ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтың жүрек сезімін оятқан аруымен жазысқан хаттары көршілес Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатының сирек қол жазбалар қорында баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Қазір сол хаттардың көшірмесіне зармыз.
Ал біздің хаттар Сұлушаштың жеке мұрағатында сандық түбінде сары алтындай сақтаулы жатыр. Анда-санда, сағынғанда оқып қоямын. Емірене, елжірей еске аламын. Көпшілігі санада жаттаулы. Кейбір жерлерін «мынаны шынымен мен жазғанмын ба?» деп, таңданатыным да бар.
Бір оқиға есімде. Біз үйленер алдында Сұлушаштың жақын сырлас жеңгесі «Жігіттердің ордасындай Алматыдан ауылдың қара баласынан артығын таппадың ба, бикеш-ау» депті. «Жеңеше ол қара баланың «кругозорын» білсеңіз бүйтіп айтпас едіңіз» дегенге ұқсайды, біздің «жүретін» қызымыз.
Сонымен бір жарым жылдай хат жазысып жүріп, үйлендік. Тұңғышымыз Алматыда өмірге келді. Атын диплом қорғар кезде туғандықтан «Дипломбек» қояйық деген жора-жолдастар болды.
Оқу бітірген соң қызыл дипломды маманға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен орын табылмаған соң №12 мектеп-интернатқа жұбайым пионер жетекшісі, мен фосфор зауытының көп таралымды газетіне редактордың орынбасары болып жұмысқа тұрдық. Екеуміздің айлығымыз 200 сомға жетер-жетпес болатын. Пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. «Бам» жақтан жер телімін алып, екі бөлмелі баспана салып алғандағы қуанышымызды айтсаңызшы. Үш перзентіміз де сол құтқанада өсті, ер жетті. Менің өлең-жырларым, жұбайымның ғылыми еңбектері сол баспанада жазылды. Біз әрдайым бір-бірімізге сүйеу-сүйеніш, тіреу-тіреніш бола алдық-ау деп ойлаймын. Ұлы атамыз Бауыржан Момышұлы «ойымды нақты әрі қысқа жеткізгім келгенде өлең жазамын» деген ой айтқан екен. Мен жұбайыма бірнеше өлең-жыр арнағанмын, соның бірі төмендегі өлең жолдарын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Шырайлым менің!
(Сұлушашқа)
Ойыңнан сезбей «ептілік»,
Бойыңнан көрем тектілік.
Талай тірлік жайғайсың,
«Қабең шешкен» деп күліп.
Қос есек қайық секілді,
Бөгесін кештік не түрлі.
Бола алдық па өрелі,
Мезгілде осынау екінді.
Қайнарлық қос күй едік,
Бір-бірімізді сүйедік.
Бозбалалықта жұптасқан,
Боз ала басты иелік.
Сырым мен Назымның,
Сырың менен наз үнің.
Мерейің, Нұрдәулетің,
Жіпсіз байлар қазығың.
Шерханың мен Нұрланың,
Шүкір, тәубе қылғаның.
Жарасады соншалық,
Соларды аңсап тұрғаның.
Өз қызыңдай Салтанат,
Сырлас, қыздан – Мархабат.
Құттықтауда туыс, дос,
Ауыл-аймақ, шартарап.
Дуға жаның ырза емес,
Содан қостым жырға кеш.
Құтты болсын басыңнан,
Екі айналған жиырма бес.
Бірге еңсердік қиынды,
Бір меңзедік қиырды.
Бірге өткере берелік,
Тағдыр жолын шиырлы!
Дайындаған Бекжігіт Мәуленов, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі