Алматыда такси жүргізушісі шетелдік блогерден қызметі үшін 50 мың теңге алған
Қазақстандық кәсіпкер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы әуежайында орын алған жағдайды сынға алды. Ол Өзбекстанның танымал блогері Жахангир Латиповтың такси қызметі үшін қатты шығындалғанын жазды, деп хабарлайды Оinet.kz.

(Фотода Жахангир Латипов)
Әлібековтің сөзінше, Өзбекстаннан Алматыға келген блогерге әуежай маңындағы такси жүргізушісі қалаға жеткізу үшін бастапқыда 92 мың теңге сұраған. Кейіннен жеңілдік жасап, туристің қалтасынан 50 мың теңгесін қағып алған.
«Менің досым – Өзбекстанның ең танымал блогері. Ол Алматыны шолу жасау үшін келген болатын. Оны әуежайдан 50 000 теңгеге жеткізген. Ал бастапқы баға ретінде 92 000 теңге сұраған. Бұл заңсыздықтар бітті деп ойлаған едім. Алматы әуежайы және полиция, мұны ретке келтіріңіздер», – деп жазды кәсіпкер.
Әлібековтің бұл жазбасы әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға себеп болды, кейбір қолданушылар әуежайдағы такси қызметіндегі бағаның заңдылығы мен тәртібін сынға алды.


