Айжан Тәженова: Баянды бақытты отбасыдан тапқан адаммын

Oinet.kz 20-02-2009 2814

    Screenshot_10.jpg

     Айжан Тәженова жетпісінші жылдардың орта тұсындағы жарқ ете қалған жаңа есім болды. “Асыл анам, өкінбе сен”, “Бір күн сені көрмесем сағынамын”, “Еркеледің сен” секілді әндерімен ә дегеннен-ақ өнерсүйер қауымды елең еткізіп, оңайлықпен оң пікір білдірмейтін танымал азаматтар табиғи талант деп бағалаған қаршадай қыз алғаш атақты “Алтын дән” ансамблінің құрамында, одан кейін даңқы дүркіреп тұрған “Досмұқасанның” даусы ерекше бұлбұлы ретінде көпшіліктің көзайымына айналды. Күміс көмей, жез таңдай әншінің тез бағындырған өнердегі жетістігіне жұрт сүйсініп жүргенде оның ойда-жоқта  Алматыдан ауылға қоныс аударуына аң-таң күй кешкендер аз болмады. Кездеспей кеткен бір бейненің  соңғы жылдары бұқараның назарына қайтадан іліге бастауы көңілге қуаныш ұялатады. Оған “Сіз қайда жүрсіз?” деген сауалды алға тартып, өнердегі өмірбаяны жайлы ой бөліскен едік.

БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ

- Алғаш көпшіліктің алдына шығып, өнер көрсеткенімде 8-сыныпта оқитынмын. Әйгілі Лев Лещенконың “Березовый сок” әнін әдемілеп шырқағанымның құрметіне “светильник” сыйлады. Келер жолы маған микрофон сыйға тартты. Марқұм әкем Рақымғали  қызымның тырнақалды табыстары деп әкелген сыйлықтарымның “отчетын” жүргізетін. Ал үлкен сахнаға көтеріліп, тұңғыш рет 1977 жылдың 1 Мамыр мерекесі күні теледидарға түскенімде жекжат-жұрат, ағайын-туыс, ауыл-аймақ мәре-сәре болысты. Мұны мақтаныш тұтып, бір-бірінен сүйінші сұрасты. Бұл қуанышқа әкем ортақтаса алмады. Бұған дейін оның пәни дүниедегі талқаны таусылып қойған болатын. Менің өмірдегі бір өкінішім осы. Жанымды жұбататыны сол, он бала туып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген анамды  өнердегі бағындырған биіктеріммен шаттыққа бөлей білдім. Орындайтын әндерімнің басым бөлігі  асыл ана туралы. Кезінде халық театрында қызмет істеген анамның ақ сүтімен маған  өнер дарығанын мақтанышпен айта аламын. Менен өзге отбасымызда інім Бақытжан өнер жолына түсті. Ол қазір жұбайы, танымал әнші Маржан Арапбаеваның продюсері болып, екеуі жарасымды жұп құрып жүр.  Табиғи талантымды танып, бағыт-бағдар бергенімен анам “әй, қайдам, сенен әнші шықпас, ұдайы бетмоншағың төгіліп тұрады”, деп ұяңдығыма ұрсатын. Туған жерім Талдықорғандағы таңдаулы орыс мектебінде оқып, намысқа тырысқандықтан, өзге ұлт  өкілдерімен салыстырғанда үлгерімім үздік, қоғамдық жұмыста белсенді болғаныммен, жоғары оқу орнына түскенге дейін ұяңдығымнан арыла алмадым.

Өзім де  бүгінде ұл-қыз өсіріп отырған бақытты анамын. Тұңғышымыз ұл. Есімі Марлен. Алматыдағы “Сымбат” сән академиясында оқыған қызымыз Аиданың да  келешегіне үлкен үміт артамыз. Әнін  Әдей Ертіс, сөзін Шөмішбай Сариев жазған “Сұлулық бір өзіңде” атты әнді қызымның құрметіне сахнаға алып шықтым. Әр ата-ананың басты арманы ұлын ұяға, қызын құтты орнына қондыру ғой. Арман мен мақсатты шатастырмаған жөн. 

Репертуарымда 50-шақты ән тізімде тұрса, шын талғамның таразысына салғанда  мұның 10-15-ін ғана сүзгіден  өткізіп, осылардың арасынан 4-5 әнімді  айрықша жақсы көрем. Әлдекімдер өз әнін шырқауымды ұсынса, жаттанды,  әбден жауыр болған әндерді орындаудан бас тартып,  мен үшін жаңа ән жазуын өтінем. Әнші ән таңдағанда жасына сәйкестігімен де санасуы керек. 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ИНСТИТУТЫНА “АДАСЫП” БАРҒАННАН ҰТЫЛҒАН ЖОҚПЫН

- Жасымнан София Ротарудың әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Ротарудың репертуарындағы әндерді орындағанды қатты ұнататынмын. Оны өнерде де, отбасылық өмірде де кумирім санайтынмын. Соған еліктейтінмін. Әлі де солай. “Светит незнакомая звезда…” деп басталатын “Надежда” әнін шырқап, Анна Германға да аңсарым ауған кез болды. Мектепті бітірген соң әншілікке әуес болғаныммен ағылшын тілін жетік меңгергендіктен шет тілдері институтына бағымды сынап көруге бел байладым. Бірақ, шет тілдері институтына түсуге талапкерлердің тым көптігіне байланысты анамның ақылымен ауыл шаруашылық институтына құжат тапсырдым. Бағым жанып, студент қатарына қабылдандым. Осы институттың атақ-даңқын дүркіретіп жүрген “Алтын дән” ансамблінің құрамына бірінші курстың өзінде қосылдым. Кеңес Дүйсекеев, Тілек Қажығалиев, Нағима Есқалиева секілді нарқасқалар табиғи даусыма, лирикалық әндерді орындауыма, ішкі ритмге, ізденісіме тәп-тәуір таңданыстарын білдірді. Олардың тәрбиелеуімен шығармашылығым шыңдалып, “Алтын дәннің” құрамында ел таныдым, жер таныдым. Теледидардағы “Алтыбақан” бағдарламасына тұрақты түрде қатыстым. Көрермен сүйсініп көретін бұл бағдарламаға мединституттан Татьяна Буримистрова, қыздар педагогикалық институтынан Мәдина Ералиева келетін. Ауыл шаруашылық институтындағы соңғы курсқа барғанымда  даңқы жер жарып тұрған “Досмұқасанға” шақырылып, талайлардың қызығушылығын, қызғанышын тудырдым. Институттың ректоры, марқұм Арыстанбеков ағай “Досмұқасанға” ауысуыма қарсылық танытты. Оның үстіне мен оқитын факультетінің сырттай бөлімі де болмай шықты. Сын сағатта сол кездегі факультет деканы, профессор, бүгінде  проректорлық қызмет атқарып жүрген Рахымжан Елешұлы  ағалық қамқорлығын аянбайтын әдетімен қалай таңдау жасағанымның дұрыстығын жан-жақты талқылады. Қысқасы, “Досмұқасанға” ақыры ауысып тындым. Мені “Досмұқасандағылармен” өзім әндерін жиі орындайтын сазгер Төлеген Мұхамеджанов таныстырған еді. “Досмұқасаннан” да жақсы достар таптым. Ағайынды Мұрат, Нұртас Құсайыновтар, Бағдат Айдарханов, Сабыр Бабаев сияқты  жанашыр ағаларым көпшілік ортада қалай жүріп, тұруға, қайтіп сөйлеуге дейін үйретті. Жұртшылықпен жүздескенде Мұрат ағадан кейін орысша, қазақшаны қатар меңгерген мен сөйлейтінмін. 

Абырой-беделім аспандап, “Досмұқасанның” әншісі ретінде қаншама елді, жерді шарлап, шарықтап, шабыттанып жүргеніммен анам, ағайын-туысым келешегіме алаңдайтындарын жасырмай айтты. Олардың ойы дұрыстығын түсіндім. Сахнадағы сый-құрметтің, қошемет, қолпаштаулардың бәрі уақытша екенін өзім де іштей сезетінмін. Содан баянды болатын бақытты отбасыдан іздеуді ойладым. “Досмұқасаннан” кететінімді естігенде бастапқыда әріптестерім өкпелейтіндерін, өкінетіндерін алға тартып, артынан қабылдаған шешімімді қолдады. Тастап кеткен оқуымды  тәмамдайын деп ауыл шаруашылық институтына, ондағы “Алтын дән” ансамбліне қайтып оралдым. “Алтын дәннің” дайындығын тамашалауға жиі келіп жүретін, Бауыржан, Қали, Болаттардың досы, өзі  консерваторияда оқитын Наурызбай жүрегімді жаулап, оған 24 жасымда күйеуге шықтым. Келер жылы тұла бойы тұңғышымыз Марлен дүниеге келді. Жас отбасыға жылайтын нәрестемен жатақханада тұру, қиналмай күн көру ауыр соққан соң, екеуміз кеңесіп-келістік те келін болып түскен жеріме, еліміздегі  бірден бір “ақ алтын” өсіретін аймақ есептелетін Мырзашөл өңіріне көштік те кеттік. Алғашқыда “екі-үш ай  

Марлентайдың қасында болайық, уақытша елде жүре тұрайық”, дегенімізбен бірте-бірте ұлымыз балдай тәтті қылықтарымен баурап алып, Алматыға қайтуға аяғымыз тартпады. Бір күні “Жетісайдағы театрдың директоры Кенжеханов шақырып жатыр”, деген хабар алдым. Бардым. Мені қуана қарсы алған театр директоры “ауылға уақытша келсең де қарап отырма, формаңды жоғалтпа” деп қолқа салды. Не керек, көп ұзамай театрдың жанынан “Думан” дейтін ансамбль аштық. Оның құрамына Дүйсенхан Сыздықов, “Гүлдер” ансамблінде жұмыс істеген Мұхит секілді кілең сайыпқыран жігіттер жиналды. “Думанмен” думандатып өмір өте берді. Мамандығы скрипкашы күйеуім колледждегі кафедра меңгерушілігі қызметін тастап, құрылыс саласындағы  кәсіпкерлікке ауысты. Талантымды бағалап, ешбір шенеунік ешқашан не пәтер, не көлік, немесе қаржылай жағынан көмек көрсетпепті. Әлдекімдердей өзім де сұранып, жалынып-жалбарынып, атқамінерлердің алдына бармаппын. Тек 1997 жылы бір кәсіпкер досымыз 2000 АҚШ долларына фильм-концерт түсіріп бергенін айту қажет. Әйтеуір күйеуімнің маңдай тері, табан ақысы арқасында азды-көпті дүние жинап, 2001 жылы Шымкент қаласынан сатып алған баспанамызға қоныс аудардық. Тәуба дейін, бақытымды отбасыдан іздеп, арманымнан адаспаған адаммын. Әжептеуір әншімін деп жүрген  әлдебіреулердің бала-шағасына тұрмыс ауыртпалығын тарттырып, болмаса шаңырақтарының шырқы бұзылып, не түрлі өрбіген өсек-аяңнан ажырасып жатқандар аз ба?  Мұндайды мен түсіністікпен қабылдай алмаймын. Жасыратыны жоқ, өнер адамдарының арасынан ғана емес, өнер саласының өзінен тазалық таба алмай  жігерім құм болған шақтарды да басымнан өткердім. 

Бұл байқауларға қатысып, бағымды сынағанда анық байқалды. Бірден өнердегілердің ортасына, дәлірегі консерваторияға оқуға түспей ауыл шаруашылық институтына “адасып” барғаннан ұтпасам, ұтылғаннан жоқпын деп ойлаймын. Әйтпесе, өнердегі әділетсіздіктерден әуел бастан-ақ таяқ жеп, тауым шағылып қалар ма еді. Тағы бір әділетсіздік, “ Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс” деген атақ дер кезінде менің еншіме тимей, тым кешеуілдеп кеткендіктен ақыры бұйырмады. Соңғы жылдары мұндай мәртебе берілмейді деген соң оның орнын алмастыратын “Мәдениет қайраткері” атағын 2002 жылы алдым. Шүкіршілік, әлі күнге дейін әншілігім бағаланып, Алматы, Астанадағы анау-мынау тізімге ілікпейтін шығармашылық кештерге шақырту аламын. Республикалық телеарналардағы бағдарламаларға барамын, кездесулерге қатысамын. Бұл өнердегі ең негізгі жетістігім деп білемін.

Әңгімелескен Раушан БАУДАРБЕК


Қабылбек Төретай: «Сырға толы хаттар сандықтың түбінде сақтаулы жатыр»
Несие төлей алмаған ана асылып өлді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу