121 адамға Қазақстанға бес жылға кіруге тыйым салынды
Қазақстаннан 121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде шығарылды. Олардың ішінде 8 адам – деструктивті-радикалды ағым өкілдері. Елден шығарылғандарға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі республика көлемінде жүргізілген «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде хабарлады.

Кіруге тыйым салынған шетел азаматтарына қатысты қозғалған қылмыстық істер:
9 іс – мемлекеттік шекараны заңсыз кесу бойынша;
9 іс – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша;
6 іс – шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу бойынша.
Полиция мәліметінше, көбінесе шетел азаматтарының елде заңсыз болуына Қазақстан азаматтары себеп болады. Олар жылдам табыс табу мақсатында шетелдік жұмыс күшін құжатсыз заңсыз пайдаланады.
«Мысалы, Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту мен пайдалану деректері анықталды. Бұл фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 395-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді полиция.
Ведомство дерегінше, 500-ден астам жұмыс беруші заңсыз еңбек күші пайдалану үшін жауапқа тартылды.
«Мигрант» іс-шарасы аясында 7 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді:
4,1 мың шетел азаматы – елде болу ережесін бұзғаны үшін;
2,7 мың шетел азаматы – заңсыз еңбек қызметі үшін;
2,2 мың қазақстандық және заңды тұлға – полицияға шетелдіктер туралы уақытылы хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзған 1,2 мың шетел азаматы туралы сот шешімі шығарылды.
Іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды. Олар Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарында жасырынған.


