Сократ пен Евфидем

Oinet.kz 12-11-2019 875

Сократтың Евфидем атты жас досы болған. Оны жұрттың бәрі Нарыс дейді екен. Өте сымбатты болса керек. Нарыс ерте есеюге қатты асығады. Халық жиындарында ылғи өткір сөз айтуға құлшынып тұрады. Бір күні Сократқа бұл баланы дұрыс жолға салайын деген ой келеді. 

сократ пен.jpg

Ол Евфидемнен былай деп сұрайды:

- Айтшы, Евфидем, әділет дегеннің не екенін білемісің? – дейді.

- Әлбетте, елдің білгенін мен де білем.

- Ал, осы мен саясатқа жоқ адаммын. Сондықтан әділеттің не екенін ұқпаймын. Айтшы, өтірік айту, алдау, ұрлық жасау, адамдарды бас салып құлдыққа сату – әділдік пе?

- Әрине, әділетсіздік!

- Ал, әгәрәки, қолбасшы жауын жеңіп, қолға түскен дұшпанын құлдыққа сатса, бұл да әділетсіздік пе?

- Жоқ, онысы әділетсіздік бола қоймас.

- Ал, егер қолбасшы басып алған жерін күлін көкке ұшырып, дымын қалдырмай тонап кетсе ше?

- Бұл да әділетті.

- Егер әскери қулыққа басып, дұшпанын майданда алдап кетсе ше?

- Онысы да әділетті. Менің бағанағы сөзім нақты болмай шықты ғой деймін: өтірік те, алдау да, ұрлық та – дұшпаныңмен күресте әділ болады екен де, достарыңмен қарым-қатынаста әділетсіздік болады екен.

- Тамаша! Міне, енді мен де аздап түсіне бастадым. Бірақ, айналайын, Евфидем, мынаны айтшы маған, егер қолбасшы сарбаздарының көңілі түскенін көріп, олардың рухын көтеру үшін одақтастар жақындап қалды деп өтірік айтса, бұл өтірік шынымен сарбаздардың көңілін жайландырса, мұндай өтірік әділетсіздікке жата ма?

- Жоқ, бұл өтірік әділетті.

- Ал, егер баласына дәрі беруі керек, бірақ баласы оны ішкісі келмесе, әкесі дәріні тамаққа қосып, баласына алдап ішкізсе, бұл өтірік әділетсіз бе?

- Жоқ, бұл өтірік те әділетті.

- Егер бір адам досының басына күн туғанын көріп, өз өзіне қол жұмсап қоймасын деп қамқорлық танытып, оның қылышы мен қанжарын ұрлап алса, мұндай ұрлық туралы не деуге болады?

- Бұл ұрлық та әділ. Сократ, мен саған дұрыс айтпағанымды тағы да түсініп отырмын. Негізінде: өтірік те, алдау да, ұрлық та – дұшпанға қатысты әділ, достарыңның қамын ойлап жасасаң әділ, басына қатер төндірсең, әділетсіз болмақ екен.

- Өте жақсы, Евфидем. Әділдікті тану үшін маған жақсылық пен жамандықты тану керек екен. Оны өзің де білетін шығарсың?

- Білетін сияқтымын, Сократ, бірақ неге екенін бұрынғыдай сенімді емеспін.

- Жақсылық пен жамандық деген не екен?

- Мысалы, денсаулық деген жақсылық, ауру – жамандық, деніңе саулық беретін тамақ пен сусын – жақсылық, ауруға душар ететіні – жамандық.

- Өте жақсы. Тамақ пен сусынды түсіндім. Онда денсаулық туралы былай айтса қалай болар екен: жақсылыққа жеткізсе жақсы, жамандыққа бастаса жаман деп.

- Оның не, Сократ, денсаулық қашан жамандыққа бастаушы еді?

- Мәселен, әділетсіз соғыс басталды делік, ақырында жеңіліспен аяқталды. Дені сау адамдар соғысқа кетіп опат болды. Науқастар үйде отырып, аман қалды. Мұндай жағдайда денсаулық – жақсылық па, жамандық па?

- Сократ, менің мысалым сәтсіз екенін түсіндім. Бірақ ақыл деген жақсылық екені шүбәсіз ғой.

- Әрдайым солай бола ма екен? Қарашы, Парсы патшасы гректерден үнемі ақылды, қолынан іс келетін шеберлерді алдыртады. Оларды өз сарайында ұстайды. Туған жеріне жібермейді. Олардың ақылдары жақсылыққа жеткізді ме?

- Ендеше, сұлулық, күш, байлық, атақ деген жақсылық!

- Бірақ сұлуларды құлиеленушілер таңдап алады. Өйткені, сымбатты құлдар қымбат тұрады. Күштілерін қиын жұмысқа жегіп, әлсіретеді. Бай болса адам рухы әлсірейді, өсек-аяңға жем болып, ұшпаққа шыға алмай, өліп кетеді. Атақ үнемі қызғаныш пен көреалмаушылықты тудырады. Оның да жаманаты көп.

- Бұдан былай, - деді Евфидем, - Құдайларға не деп дұға тілейтінімді де білмей қалдым ғой.

- Қайғырмағын. Бұның барлығы елге не айтатыныңды әлі де білмейтініңді көрсетеді. Өзің былай, халықты танимысың?

- Білемін деген ойдамын, Сократ.

- Халық кімнен тұрады?

- Байлар мен кедейлерден.

- Кімді бай, кімді кедей дейсің?

- Кедей деген жарымай өтетін адам, бай адамның табысы мол, кейде өзінен де артық болып, асып-тасып жатады.

- Кейбір кедейлер аз ғана ақшасын үнемдеп жақсы өмір сүрсе, кейбір бай-қуатты жандар қолда барын ұқсата алмай өтетіні бар ғой...

- Иә, ондайлар бар! Тіпті рақымсыз билеушілер де сондай болады. Оларға өз қазынасы да аздық қылып, заңсыз салықты көбейтіп жібереді.

- Сонда қалай болғаны? Осындай рақымсыз билеушіні кедейге жатқызамыз ба? Ал, шаруақор кедейді байлардың қатарына қоссақ ше?

- Жоқ, керек емес, Сократ. Бұл мәселеде де түк білмейтінімді түсініп отырмын.

- Жасымағын! Халықты ойлайтын жасқа келерсің әлі. Бірақ өзің туралы, өзіңдей шешендер туралы талай рет ойланған боларсың. Онда маған мынаны айтшы: кейде халыққа зиян тигізерліктей өтірік айтатын шешендер кездеседі ғой. Кейбіреулері өтірікті біліп айтса, кейбірі білмей айтады. Қайсысы жақсы, қайсысы жаман?

- Біліп өтірік айтқандар білмей өтірік айтқандардан әлдеқайда жаман әрі әділетсіз.

- Онда айтшы маған, егер бір адам әдейілеп қатемен жазып, оқыса, екіншісі байқамай қате жасаса, қайсысы сауатты?

- Әдейілеп қате жасағаны: ол қаласа қатесіз жазып-сыза алады ғой.

- Онда халықты әдейілеп алдайтын шешен білмей алдағаннан да әділетті болып шықпай ма? Себебі, ол өзі қаласа халықты алдамай-ақ ашық сөйлесе алады ғой!

- Жетер, Сократ, осымен тәмамдайық. Тағы да түк білмейтінімді түсіндім. Мен одан да үндемей тып-тыныш отырайын.

Сөйдепті де қатты қайғырған Евфидем үйіне кетіп қапты. Осылайша Сократтан оңбай сөзден ұтылғандар одан іргесін аулақ салатын бопты.

Аударған Шынар Әбілдә

Бала махаббатты қалай сезінеді?
Жаныңа қормал бол!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу