Махаббат туралы
Адам махаббат үшін есеюі керек. Айналаңызға қарасаңыз, санасы толыспаған еркектер мен әйелдер қаптап жүр. Бәрі де өлі балық құсап, ағыспен ағып келеді. Бір Құдай бар, сол бір бақыт қарыз деп ойлайды. Өз бетімен жеке өмірін реттеуді де білмейді. Некені қалай сақтау керек, баланы қалай тәрбиелеу керектігін де түсінбейді. Жастайымыздан бәрімізге де ел қатарлы болуды ғана үйретті. Ортадан асып кетпеуді. Көзге түспеуді. Газондағы көк шөп сияқты. Біркелкі. Еш айырмашылықсыз болуға дағдыландырды. Мүмкін арасында «Қызыл кітапқа» енген әдемі гүл бар шығар. Ол басын қылтитса болды, кірпік қақпастан шауып түсіреді. Бітті.
Америкалық жазушы Ога Мандино мынадай керемет сөздерді айтыпты: «Мені жаратқан табиғат ғаламат ғажапты жасағаны. Адамзат баласы жер бетіне келгелі мұндай ғажап орын алмаған. Менікіндей ақылы, санасы, жүрегі, көзі, құлағы, шашы, аузы бар тамаша тіршілік иесі жаратылмапты. Қазір жер басып жүрген бірде бір пенде де, ертең туатын адамдардың ешбірінде де дәл менікіндей сымбатты мүсін, келісті жүріс, сөйлеу мәнері мен ойлау қабілеті жоқ. Болмайды да. Адамның бәрі менің бауырым. Бірақ мен олардан бөлекпін. Олардан ерекшемін. Мен әмбебап жаратылыспын. Бұдан былай өз болмысымды жарқыратып көрсетемін. Мені өзгелерге ұқсататын қасиеттерімді тереңірек тығып тастаймын».
Өзіңді жақсы көру деген не? Өзін жақсы көрмейтін адам өзін бағалай алмайды, оның құндылығы тек бір нәрсе жасай алуында, жетістікке жетуінде ғана деп ойлайды. Өз құнын төмен түсірген сайын біз санамызға: «Мен жаманмын» немесе «Мен жолы болмай қалғырмын», «Толыспаған жанмын» деп айтқанымыз боп шығады. Бейсаналы түрде өзімізді жолымыздың болмауына итермелейміз. Жетістік деген ұғым салыстырмалы құбылыс. Бәрі де адамның өзін қаншалықты жетістікке лайық сезінгеніне тәуелді.
Түйсік адамның өзін жақсы көруін дұрыс деп келіссе, онда бәрін жақсы жасауға бағыттап отырады. Кез келген тәжірибе, ынта-ықылас – мақсатқа жетудің маңызды баспалдағы. «Адам ешқашан өзі ойлағандай бақытсыз, әрі қалағандай бақытты болмайды» деген екен Франсуа де Ларошфуко.
Әр адам қайталанбас тұлға. Адамзат тарихындағы бірегей болмыс. Адам өзін өзгенің көзімен өлшейді. Сондықтан өз құндылығын жан дүниесінен емес, сырттан іздеп әуре болады. Осыдан кейін өзін жағымды бағалау мен өзіне деген сүйіспеншілігіне орын қалмай қалады.
Әрине, өзгелерге жағатын адамға айналуымызға болады. Бұлай ету айналаның махаббатына бөленіп, өзгелердің назарына ілігуге жылдам жол ашады. Бірақ адам өзімен өзі болуды доғарады. Басқа жанға айналады. Сол басқа біреу сыйластық пен құрметке бөленіп, сезімге бой алдырады. Көп адам мұндай екіжүзділікке дайын емес. Өзінің менін ұзақ уақыт бойы басып ұстай алмайды. Оның психикаға түсірер жағымсыз әсері ұшан-теңіз. Жанын жауратып, адамға қалыпты болатын көңіл күйдің бәрін бейсаналы түрде жоққа шығара берсек, келешекті қиындықпен толтырғанымыз.
Махаббат деген гүл. Оған жағымды ауа райы, үздіксіз қамқорлық, суғару мен жағдайын күйттеу қажеттілігі туындайды. Бас көтерген махаббат – тіптен нәзік болады. Оның сабағы жұқа, әлжуаз. Бір самалдан аман қалмай қалуы ықтимал. Самал деп кез келген ұрыс-керісті айтам, іргесі нық қаланған қарым-қатынаста оның зияны жоқ. Байқалмай қалады. Егер ол адам сізге қымбат болса, онда оның дегеніне көну ләзім. Ұсақ-түйектегі көндігу ерте ме, кеш пе күрделі мәселе кезінде өз меніңізді дәлелдеуге мұрсат береді. Бірақ сіздің өмірлік құндылықтарыңызға зияны тиетінін көріп тұрсаңыз, ешкімге де басқа отыруға мүмкіндік бермеу керек. Серігіңізге деген ілтипатыңыз қанша жерден жоғары болса-дағы, оған көңіліңіз бұрып тұрса да, жоқ дей біліңіз. Мұндай көнбістік жақсылыққа апармайды. Келешекте жағдайды тығырыққа тірейді.
Өмірде қалағаныңа қол жеткізу, оны сақтағаннан әлдеқайда оңай. Махаббатты сақтау үнемі еңбектенуді талап етеді. Бір адамды сүйсек, ол үшін жан пида дейміз. Көптеген адам сүйіктісі үшін небір керемет армандарын құрбандыққа шалады. Өзін бастан-аяқ өзгеге арнаған адам жан дүниесімен байланысты үзіп алады. Шешім қабылдауға немқұрайлы, өмірдегі өз жолын табудан адасады, алға қадам басудан үркетін болады. Сүйгенің үшін көп дүниеден бас тарту деген керемет, әрине. Бірақ ақырын ойламай, өз арман-мақсаттарыңнан аттап кету түптің түбінде – кешірілмес зор қателік. Сізді шыын сүйген адам мұндай құрбандықты қабылдай алмайды. Ал, егер әншейін өтіріктен жақсы көрдім деп көрінгісі келген адамға мұндай жүк арқалаудың не керегі бар?
Махаббатты құмарлықпен шатастырмау керек. Құмарлық – әлі де махаббат емес. Толыққанды махаббат – өзара келісімнен туады. Оған берген сезімнен алғаның тең түссе ғана махаббат махаббат болмақ. Құмарлық – ішімдік не есірткі қолданғандай көңіл күйді ғана береді. Бір сәттік құбылыс. Сол сәтте ғана өзіңді бақытты, қуат кернеуі асып-тасыған адам сезініп қаласың. Бітті. Өтіп кеткеннен кейін өкініш пайда болады. Сезімнің бәрі өткінші. Егер құмарлық махаббатқа жол ашпаса, онда құмарлықтан айырылу күйзеліске жеткізеді.
Серігіне тыныс алдырмай мазалай беретін адам уақыт өткен соң бәрі түзеліп кетеді деп ойлайды. Әлемде екі бірдей адам жоқ. Сондықтан бұл сауалға бір ғана толық жауаптың болуы да мүмкін емес. Сезімді бастан кешсеңіз, ол адам туралы ақпарат жинап, оның немқұрайлылығы сіздің болмысыңызды қабылдай алмауынан екенін түсінсеңіз, ең дұрысы ол адамның жолынан кетіп, бұл сезімді ұмыту. Ғасырлар бойы текке жазылған ақпаратты өшіру мүмкін емес. Адамның тәнін жаулап алу қиын емес. Бірақ жанына үңілу қиын. Өзіңізді мәжбүрлеп жақсы көргізу мүмкін емес. Оның қажеті де шамалы.
Кетіскен адамды қайтару бекершілік. Бір рет кеткен адам, екінші рет те кетіседі. Айырылысу қиын. Ауыр күйзеліс. Адам серігін ғана емес, өмірге деген сенімін де жоғалтады. Мұндай кезде бүгін, ертең, келесі жылы не күтетінін елестетіп отыру пайдалы. Себебі, айырылысқан адамның келешек туралы ойы ғана бүлінді, бірақ келешегі емес. Кешелекті жарқын етуге мүмкіндік бар.
Өткен шақ бүгініміз бен келешегімізді анықтайды. Баяғыда ұмытылып кеткен нәрсе үшін жан ауыртамыз. Өткен өмір – тек естеліктеріміз ғана. Бұл естелік адам санасына тәуелді. Өткен өмірді қайта жазып шығу үшін ол туралы кітап жазу керек. Өзің үшін ғана. Осы күнге дейін мазалайтын мәселелерді қозғау қажет. Жазылған нәрсе сізден бөлек өмір сүре бастайды. Егер барлық қиянаты бар жағдайларды әзіл-қалжың араластырып жазсаңыз, өзіңізге пайдалы. Өз қайғыңызға сырттан қарап, бағалауға мүмкіндік аласыз. Басқа түскен ауыртпалық ерте ме, кеш пе сіздің өмірден орын алуының заңдылығын бағамдайсыз. Бірақ жазылған нәрсені ешкімге оқытпаңыз. Өткенмен өзіңіз ғана қоштасыңыз. Психологтардың айтуынша, қағазға жазылған өмірбаян қайтадан сол кездегі сезімдерді оятып, мәңгілікке қоштасуға ықпал етеді екен. Ішіңдегі күйені жуып шайғандай тазарып қаласың. Өзі тұйық адамға осылай жасау таптырмас тәсіл. Өмір деген қозғалыс. Бірде жоғалту, бірде табу. Тек жақсы көңіл күймен өмір сүру мүмкін де емес шығар. Сондықтан оларды дер кезінде сезініп, қоштасып үйреніңіз.
Адам ағзасында бәрі тығыз байланысты. Дағдарыстан, күйзелістен шығу үшін дене жаттығуларын ұмытпаңыз. Көп адамдар бейсаналы түрде ауыр жұмыс жасайды. Жағымсыз эмоция кезінде көңіл күйі түсіп, өз өзін ұстай алмай, жылайды, ары-бері бөлмені кезіп кетеді, заттарды қиратады, бұйымдарды жыртады. Ағзаның қалыпты қорғанысы күшіне енеді.
Махаббатты түсіну адам тану мен серігіңнің қалауын орындаудан ғана тұрмайды. Көп жағдайда өз сезімімізді қаншалықты басқара білетіндігімізге тәуелді. Дағдарыс кезінде сабыр сақтау мен озық ойлы бола алатынымызға байланысты. Ғалымдардың айтуынша, адам миының тек 10% ғана әжетке жаратады екен. Ақыл тек тану, ойлау, түсінуге қабілетті дүниесін ғана сараптайды. Адам өзі сезіне аларлық азғантай махаббатты ғана бастан кешеді. Әр адам өмірге махаббатты сезіну үшін келеді дегенге сенем. Өзінің менін түсінуге, қабылдай алуға. Адамның жақсы өмір сүруіне тек өз мені ғана жауапты. Өзгенің мақтауына ол тәуелсіз. Сондықтан өз меніңді түсіну, білу маңызды. Адамның өз өзін тануы өзіне дәру. Махаббат сиқыр емес, ол емдейтін күш. Ол белгісіз жақтан пайда бола кетеді. Оны ештеңемен алмастырып, ауыстыра алмайсыз. Махаббат өз заңдылығы бар құбылыс. Ол заңдылықты адам басқара алады.
Еңбектеніңіз, қалауыңызды жасаңыз, шығармашыл болыңыз. Сонда махаббат міндетті түрде сізге келеді. Сіздің жүрегіңіз бен ақылыңыздың жетілген пішіні, дұрыс қалыптасқан, бірқалыпты дамып келе жатқан қарым-қатынас негізінде махаббат өзі сізді іздеп табады.
Юлия Джумм
Аударған Шынар Әбілдә