Путин бес қазақстандықты арнайы марапаттады
28-03-2023
Кеңестер Одағы – біздің ата-анамыздың, ата-әжеміздің өмірінің ерекше бір мезеті, оның өзіндік ерекшеліктері, бояу мен ізі бар. Соның бәрі біздің де ойлау жүйемізге, әдетімізге, өзімізді ұстауға әсер етті. Бәлкім, бұл жалпы генетикалық жады емес болар. Бұны күнделікті әдеттердің жиынтығы делік. Бұл КСРО-да туып-өскен көптеген адамдардың болмысына сіңісіп кеткен тәрбиенің қалдығы.
Біреу үшін КСРО ең жақсы естелік. Қамсыз балалық шақ, ақысы желінбейтін еңбек, жарқын келешекке деген сенім мол кезең болды. Біреу үшін – тұрмыс-тіршіліктің бейберекетсіздігі мен өзгенің дегенімен өмір сүру дағдыс еді. Кеңестік моральдің пайдалы жақтары да бар, әрине. Дегенмен, КСРО туған адамдардың арылуға тиісті бірнеше кемшін әдеттері бар.
1. Дүниеқоңыздық
Не нәрсенің де дефициті үнемі керек емес заттарды жинай беру әдетін қалыптастырды. Тіпті жөндеуге келмейтін ескі-құсқыны үйе беру әдеті бар. Бәлкім, ішіндегі бір бұрандасын, затын кәдеге жаратып қалуға болар деген дүдәмал күдік маза бермеген болар. Кейін пайдасы тиіп қалар деумен өмір-бақи сақталған дүниелер жетіп артылады. Қоймадағы артық сөрелер, басы артық, керексіз заттың көптігінен аяқ алып жүргісіз. Бұл кәдуілгі кеңестік пәтердің бәріне тән сипат.
Ескі шам, бірі жоғалып, бірі қалған ескі шаңғы, аяғы сынған орындық баяғы бәз қалпына келмейді. Оларды жаңамен алмастыру керек. Әдемі, пайдасы бар заттармен ауыстырғанның айыбы жоқ. Ескіні сақтай беру әдеті ерте ме, кеш пе психологиялық дертке де ұласып кету бек мүмкін.
2. «Сол» күн үшін өмір сүру
Жақсы күнге жеткенше амалдай тұрайық деп өмір сүру кеңестік адамға тән құбылыс. Осы әдеттің кесірінен көптеген адамдар жақсылықтың бәрінен бас тартып, күллі өмірін ертеңге қалдырып, уақытын зая өткізіп алды-ау. Жаңа дастархан, ашылмаған сейсептер, қолданылмаған су жаңа ыдыстар, бір киер киімін тек мерекде кием деп шкафта шаң басып, сақтау әдет болған.
Бір жаманы «сол» күннің еш тумайтыны. Дұрысында, ол күн кеңестік адамның санасынан ешқашан орын алмайды. Ал оның қазынасы жатқан жерінде жата береді. Кеңестік заманда туған әр бала шешесінің «оның бәрі мерекеге» деген сөзді естіп өскен шығар? Дегенмен, дәмді тамақ, сәнді киім, көркем безендірілген дастархан – әрбір күнді ерекше ететін заттар.
3. Тоңазытқышта не бар?
Әр үйде тамақ болғанмен, оның сапасы мен көлемі әр түрлі болды. О заманда тамақ туралы басқа мәдениет қалыптасты. Тоңазытқыштағының бәрі міндетті түрде желініп бітуі тиіс болатын. Ал, тоңазытқыштағы азық-түліктің кейбірінің мерзімі өтіп кеткені, ондай тамақты жеу денсаулыққа зиян екені ескерілмейтін.
Жинаған қорға қатысты да соны айтуға болады. Дефицитпен ауызданған ел-жұрт жылдар бойы дәнді дақылдар мен консервілеп сақтауды білді. Олардың сақтау мерзімінен кейін қолдануға болмайтынын ескермеді.
4. Бәрін үйге, бәрін отбасыға тасу
Бұл әдетті былай сипаттауға болар еді: егер ешкім «болмайды» демесе, онда ала беруге болады деп түсінетін. Келешегінен үміт күттіретін өндірістердің көпшілігі бір нәрседен зардап шекті. Кеңестік адам келешегі үшін қорқатын, қорқатын да көзге көрінгенді, қолға түскенді үйіне таси беретін. Тіпті канцелярлық бұйымдарға дейін. Шеге, газет болса да үйге әкете береді. Бір керегі боп қалар. Ол заманда бұл әдеттің түсініктемесін бергендер болған шығар, ал қазір мұныңыз – ұрлық деп аталады.
5. Өзін төмен бағалау
Кеңестік өндіріс миллиондаған данамен пішіні жоқ киім жасап, сатумен шұғылданды. Ол киімді үлкен-кіші түгел киетін. Жақсы косметиканың жоқтығы білініп тұратын. Әдемі боянған, көркем киінген Жаклин Кеннедидің жанындағы Нина Хрущеваның әже құсап түскен суретін әр адам көрген де болар. «Іріп-шіріген Батыс» туралы ақпар қаншалықты көп таратылса да, кеңестік адамдар өз менін өсіруге ықпал ететін көп нәрседен қағыс қалып жатқанын сезетін. Сондықтан біздің айналамыздағы әйелдер мақтау сөзді қабылдай алмайды. Біреу мақтап, комплимент айтса, ұялып, жерге кіре жаздайды.
6. Қоғамдық пікірге тәуелді болу
Кеңестік адам бір нәрсе істемес, айтпас үшін жеті рет өлшеп, бір рет кес дегенді санасына әбден сіңірген. Кез келген шешімді туған-туыстың, достардың, көрші-қолаңның пікірін есептей отырып қабылдаған. Көшеде кездейсоқ көре қалған бейтаныс жанның айыптауы – барып тұрған масқара болатын.
Әрине, қоғам қалыптастыратын ереже мен тәртіпке шақыратын қағидалардың болуы заңды. Адамның бәрі өзгеге сыпайылық танытуға тырысады. Бұл норма. Бірақ өзге адамның ешбірі сіз үшін не жақсы екенін біле алмайды. Сіз үшін сіздің өмірді сүрмейді. Оны әр адам өзі үшін өзі жасауы тиіс. Жаһандық мәселе қозғалғанда сіздің әр сөзіңіз бен әрекетіңіз келешекте өз жемісін береді. Мейлі ол жұмысқа, отбасылық бақытқа, белгісіз бір жанға қатысты күпірлік болса-дағы.
Кеңестік менталитет ссиқыршының қалауымен жойыла салмайды. Бұл нәрсе бар – ол біздің тәрбиеміздің бір бөлігі, бір сатысы. Ол бізге әлемді осы ракурстан тануды үйретті. Алайда осы 6 әдет бойымызда бар кезде, дүниенің бар ғаламатын толық тануға кедергі бола берері анық.
Аударған Шынар Әбілдә