Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Аскеза. Әйел үшін бұл сөздің берері көп. Кей кезде әйел заты бұл сөздің шын мағынасын ұмытып, сан түрлі шектеулерге, өз-өзін қинауға бейімделіп алатындай.
Аскеза — өзіңді жетілдіру, өміріңді жақсарту бағытындағы кедергіні жеңу.
Отызға келгенше көптеген канондық аскезаларды ұстандым: дұға, өзіңді тежеу, ораза ұстау, үндемеу. Қолымнан бәрі де келетін. Бір күні бұл аскезаның бәрі – өзімді, өмірімді өзгертуге себеп болатын кішкентай ғана шарттылық екенін түсіндім. Олар ерік-жігерімді жануға, қиындыққа төзуге үйретті. Бірақ жүрегім содан ұлғайып кетпеді. Өзімді қаттырақ жақсы көріп кетпедім. Бақытым да еселенбеді. Маған керек аскезаны жасамағанымды пайымдадым.
Ұзақ мантралар мен дұға оқуға еш қарсылығым жоқ. Ораза ұстау, шашыңды түйіп жүруден де мықты аскеза барын білдім. Олар әр әйелдің өмірін жақсы жағына қарай трансформациялайды, әйел бақытын әлдилейді.
Шашыңды өріп, шешуден гөрі қиын аскеза. Алайда дәл сол аскезалар әйелге зор қуаныш сыйлайды, керемет жетістікке, терең даналыққа жеткізеді.
Бірінші аскеза: өз дхармаңды орындау
Әр тұлғаның негізгі дхармасы ең бірінші кезекте оның тәні мен болмысына қатысты. Яғни, әйел үшін – әйел боп қалу, ер адам үшін – еркек боп қалу. Онда тұрған не қиындық бар деуіңіз мүмкін... Онсызда әйелміз ғой дерсіз. Солай емес пе?
Егер сіз ауыр жүк көтеріп келе жатсаңыз, ал жол бойында еңгезердей азамат кетіп бара жатады, мейлі тіпті бейтаныс болсын, осы оқиғада сіз әйел боп тұрсыз ба?
Ай сайынғы «ауыр күндерге» қарамастан, жұмыстан қалмайсыз. Құрбым айтады: «Кетаролдың уколын салып алам да, жұмысымды жалғастыра беремін» деп.
Еріміз тапшылық көргенде, көмектесеміз, бар қиындығын жеңуге ынта емес, ақша береміз. Есін жисын дейміз, бірақ өзімізді көлеңкеде қалдырамыз. Жаныңды жегі құрт жеп тұрғанда жылаудың орнына күлеміз. «Өтер де кетер, мен бәрін істей аламын» дейміз. Еркекке өз дегенімізді дәлелдеп, көкезу болған кезде әйелдігіміз сақтала ма? Жай ғана еркелеп, дегенімізді сұрай салу неге қиын? Тәніміз, тұла бойымыз ана болуға дайын тұрғанда, түйсігімізді тыңдамай, «Күйеуімнің шамасы жоқ, асырай алмайды», «әлі баспанамыз жоқ», «алдымен карьера жасап алуым керек» деген болмашы сылтаулармен өмір сүріп жүріп, қалай әйел болып қаламыз?
Әйелміз бе, әлде жоспар бойынша жұмысқа жегілетін, керек кезінде ғана бала табатын XXI ғасырға ыңғайланған гибридпіз бе?
Біздің заманда әйел болу – зор аскеза. Ақ ниеті, шынайы нәзіктігі, ерке қылығы бар, жан-жүрегімен сүйе алатын әйел болудан асқан бақыт жоқ.
Болмысыңды бүлдірмеу, нәзік, өкпешіл, шынайы болу, отбасы туралы ғажапты аңсау, бала сүйгісі келу, еріне арқа сүйегісі келетін әйел болу – нағыз аскеза.
Аскеза — заманауи құндылықтардың бақай-есебіне батып қалмау, өзіңді сатып кетпеу, нәзіктігіңді басып тастамау, болмыс-бітіміңді сақтау – ғажаптығына сенетін әйел болу.
Әлсіз болуға, жылап алуға, құмарлығыңды жасырмауға, бұрқ-сарқ қайнаған сезіміңе еруге, сұрай білу, ризашылықпен ала білу, жаңа өмірді тудыруға рұқсат ету. Жасың 34-тен асқандықтан емес, жан-жүрегіңмен «ана» деген сөзді естігің келгендіктен. Бұл – аскеза.
Әйел болу — 16 қайтара мантра оқудан қиын. Апталап ораза ұстаудан да ауыр. Мұндай аскезаға дайынсыз ба?
Екінші аскеза: нәзіктіктің құпиясын жасыру
Әйел үшін тағы бір қуатты аскеза – төсекте басы қосылған ері үшін құпия болып қала білу. Мұндай аскезаға қалай қарайсыз? Бұл өнер. Оны әйел біткеннің бәрі меңгеруі тиіс. Сонда шаңырақ шайқалмайды. Сөзді тауып айту, «ауырып» тұрғанда бетін қайтарып тастамай, әдеппен сездірту. «Қызылордадан апам келді, ары жатшы» демеңіз. Қарабайыр өмір прозасы. Алайда дана әйел жымын білдірмей жібереді. «Мен де сені сағындым, бірақ маған бір-екі күн мұрсат бере тұршы. Бүгін шамам жоқ» деу...
Айтарың сол нәрсе, тек – сезіну басқаша болады. Секс деген сөз бар. Жақындасу деген сөз бар. Мағынасы бір. Бірақ екі сөзден екі түрлі сезім туады. Дана әйел соны сезеді. Құпияны сақтай біледі. Бұл оның аскезасы. Жуынатын бөлмеге ішкиімін жайып қоймау, төсеніштерін қоқысқа көрсетіп тастамау, май-май халатпен алба-жұлба боп жүрмеу, таралмаған шашты күйеуіне көрсетпеу.
Өмір жұптасқан адамдардың бәріне көңіл қалудың не екенін танытады. Оны өздігіңізден жасауға тырыспаңыз.
Ашылмаған құпия болу, ұялатын жерінде ұялу, әйелге тән дүниенің бәрін жасырып қалу, өзіңізге ғана тән өмір бұрышы болсын.
Үшінші аскеза: жар болу
Жар болу – саусаққа жүзік тағу ғана емес. Жар деген ерінің күш-қуаты, қайраты, ішкі тірегі. Жар болу – еріңді сүю, оған мүлтіксіз сену, ешқашан күмәнданбау, жан-дүниеңмен оның қолынан кез келген іс келетіні көре білетін қағылездік, қиын іске ынтасын ояту.
Құрбысына күйеуін жамандайтын адам жар болуға лайық па? Күйеуімен ақша тауып жарысатын адам жар болуға лайық па? Күйеуіне сенбейтін, оған аянышты көзбен қарайтын адам жар болуға лайық па?
Жар болу – ерінің екінші «мені» болу деген сөз. Оның көңілін қалтқысыз сезу. Осал жерін білдіртпеу. Мықты қасиетіне екпін түсіру. Өзін жетілдіруге кеңістік қалдыру. Өз болмысыңның да бүтіндігін сақтап қалуға тырысу. Отбасыда оны басып тастамай, өзіңді сатып кетпеу деген аскеза емей немене?
Жар болу қиын: әйелдің бойында еркектің өмірінде болатын барлық әйел жинақталады – бәйбішесі, қызы, анасы, көңілдесі, құрбысы, әріптесі, жезөкше, жарқын бейне. Біздің заманда кей әйел күйеуді дүкенде азық-түлік таңдағандай таңдайды. Үйі, көлігі, ақшасы болсын деп тәптіштейді. Қай жігітке шындап сенер едіңіз? Кімнің алақанына жүрегіңізді салар едіңіз? Оның соңынан еріп тозаққа да барарлықтай кім бар?
«Мен (пәленшенің атын) жарымын» деңізші. Қандай сезім туар екен? Мұң? Мақтаныш? Жар деген сөздің өзін сезініп көріңіз. Бәйбіше, кәнизәк, күң, әкімші емес – жармын деп ойлаңыз.
Жар болу деген аскеза емей немене? Шүбәсіз.
Төртінші аскеза: ана болу
Түк қиындығы жоқ сияқты: босандың – яғни, ана болдың. Солай ма?
Ана болу – бала өміріңнің бір бөлшегі екенін сезіну. Жан-дүниеңмен оған тілеген әр тілекке жауапты болу. Баланың жүрегі сол тілекпен нәрленеді.
Ешбір психологиялық тәсілдер, дұрыс сөздер мен саламатты өмір салты балаға анасының мейірімі мен оның бақытына деген сенімінің орнын толтырып бере алмайды.
Ана болу – өзіңді құрбан ете білу, сол үшін Аллаға риясыз ризашылығыңды айту. Ешқашан «бала мені шектеп тастады, бала қараймын деп қарайып қалдым» деп айтпаңыз.
Ана болу – әр сөзің балаңның тағдырына жазылатынын білу. Өле-өлгенше оның жадында жаңғырып тұратынын ескеру. «Сен маған керексің!» немесе «Бұдан былай сені жақсы көрмеймін» десеңіз, ешбір психотерапия ол сөзді өшіре алмайды.
Ана болу – жоқтан бар жасау деген сөз. Өмір сыйлау. Оны өсіру. Балаңызға әсер ететін әр қиындықты жан-жүрегіңізбен бақылау, ішкі дүниеңізбен сезіну.
Ана болу – аскеза: түн ұйқыны төрт бөлу, емізу, сымбаттан айырылу, семіру, баланың бір жөтелінен шаш ағару, ол жылағанда емірену, жаның ауыру. Осының бәрін бастан кешіріп, екіншісін, үшіншісін босану.
Қазір көп әйел ана болудан бас тартады. Немесе баланы дүкеннен күшік сатып алғандай біреуге бақтырады. Баласын әжесі, күтушісі қарайды. Ал ана болу – аскеза.
Бесінші аскеза: әулетті сыйлау
Тек туралы бәрін білу емес. Біз үшін әулет әке-шешемізден басталады. Анаңызды сыйлап, алғыс айту аскеза емей немене? Әсіресе, көп әйелдің өмірін анасы құртқанын ескерсек...
Бұл ұзақ жол – ананы кешіру. Оны өзіңдей көру, алғыс айту. Әкеге де солай. Әке-шешені қабылдап, кешіріп үйренуден әйел өмірінде зор трансформация басталады. Себебі, сол сәтте ол әулеттің қолдауына, оның күшіне ие болады.
Күн сайын анаңызды еске алыңыз, сізді дүниеге әкелгені үшін алғыс айтыңыз, оны күлімдеген, бақытты қалпында елестетіңіз. Сізге күш беретін қуат деп қабылдаңыз. Ең бастысы – ол беруші жақ, сіз алушы.
Алтыншы аскеза: құнды білімді ұрпаққа қалдыру
Ең күшті аскеза – атап өткен тармақтың бәрін орындау. Сондан кейін барып өзіңнен кейінгі жас қыздарға осының бәрін айтып, түсіндіру. Рухани жетілу туралы айтпаңыз. Одан да қалай әйел болғаныңызды, нәзік болғаныңызға қалай қуанатыныңызды, қалауыңызды сұрау мен оны алудың қалай рахаттанатыныңызды, күйеуіңіздің көз жасыңызды сүртіп, құшағына алған кезде бақыттан басыңыз айналатынын айтыңыз. Әйелдің өмірі мен кеңістігін құпия сақтаудың маңызын айтыңыз.
Дұға мен арнайы тәсілдерден бөлек, әйелдің тәні еріне берілген кезде қандай ғажап сезімдерді сезіне алатынын айтып беріңіз. Шаңырақ шайқалмас үшін өзінің нәзіктігі мен қылығын қалай көрсеткені дұрыстығын айтыңыз. Жүрекке сеніп кешірудің, қабылдаудың қажеттілігін айтыңыз. Өз болмысыңды тану кез келген дұға мен тұмардан артық.
Бір күні сезімге шомылып, нәзіктігі менмұндалап тұрған бір әйел тәніне деген қамқорлық туралы айтса, өзін ерімен жақындасуға қалай дайындайтыны баяндаса, баланы үрейсіз, айғай-шусыз, жүрегіне сеніп босанғанын айтса, жай некеге тұра салмай, дәстүрге берік отбасыны қалай құрғанын айтса, әйелдің нәзік тәнінде қандай ұлы күш жатқанын түсіндіріп берсе – өміріңіз қалай өзгеретінін білесіз бе?
Бұл аскезаның қиындығы айтып беруде емес. Айтқанды жүзеге асыруда. Айтатындар көп. Сезінетіндер аз. Бұл білімді жүзеге асыру үшін терең трансформациядан өту керек. Осының өзі аскеза емес пе?
Жетінші аскеза: әр сәтте Аллаға сену
Сенім мен қабылдау аскезасы. Күрделі аскеза. Әйел тәніндегі рух трансформациясы. Жұмыстан шығарып жіберсе, жігітіңіз тастап кетсе, мүмкіндік уыстан шығып кетсе – дәл осы кезде Аллаға сену, бәрін қайтар деп тілемеу, саудаласпау, болып жатқан жағдайды сол күйінше қабылдау. Жаның ауырса, сүрінгенде, құлағанда, ұзақ күткенде, үнемі кедергілер шыға берсе, қабылда да сен. Ренжіме, өкпелеме. «Мен үшін осылай болуы тиіс болғаны ғой» де. Кедергінің өзін қабылдап, Аллаға алғыс айт. Оның қамқорлығын сезінгенде, күш-қуатыңызды сезінесіз.
Әйел түсінуге тиісті дүние – Құдай оны жақсы көреді. Ол жазаламайды, қарғамайды, үйретпейді, тәрбиелемейді – ол шартсыз жақсы көреді. Санасы толысқанда әйелдің бәрі осыны түсінеді: өмірлік жолда, тар жол, тайғақ кешудің бәрінде Алланың қамқорлығы болғанын пайымдайды. Сол жолмен алып жүрген Құдай ол үшін зор бақытты дайындағанына көз жеткізеді.
Осындай түсінікпен өмір сүрудің бақытын айтсаңызшы?
Өзіңмен өзің болу – Алланың махаббатына бөленген шынайы тілегі бар әйел болу – аскеза.
Қалғаны – ерік-жігердің еркінде.
Аскезаның мағынасы тұлғаны бақыт пен қуанышқа кенелту. Әйелдер аскезасы – басында үлкен еңбек, өмірлік сценарийдің бәрін тұтас өзгерту, сосын – мәңгілік бақытты махаббатқа бөлену.
Ал сіздің аскезаңыз әйел бақытын әлдилей ме?
Автор: Юлия Мангалам
Аударған Шынар Әбілдә