Бекер дүние жоқ
Бір күні патша уәзірімен бірге бақшасына серуендеуге шығыпты. Қолына ұстаған жаңа алдаспанын қызықтап келе жатады. Лыпып тұрған жүзін қолымен ұстап көргені сол су жаңа семсердің өткірлігі сонша, патшаның оң қолының бас бармағын тіліп кетіпті.
Патшаның ашуланғанын байқаған уәзірі: «Ашуланбаңыз, ұлы мәртебелім, бұл да Алланың разылығы ғой» депті. Уәзірінің мұншалық қатаң ескертпесінен кейін патша оны зынданға тастайды.
Біраз күннен кейін патша орманға саятшылық құра шығады. Ақылды уәзірі қасына ермеген соң ол адасып, орманның түкпірін мекен етіп жатқан жабайы тайпаға тап болады. Тайпа көсемі құрбандық шалуға дайындық жасап жатыпты. Өз аяғымен келген бөтен адамды көріп, қуанып кетеді. Денесінде жарақат жоқ па деп тексеріп шығады. Оның бас бармағында жарақат барын көріп, құрбандық етуге келмейді депті әлгі көсем. Патша босатылады. Ажал аузынан аман қалған патша зынданға тастатқан уәзірін өз қолымен барып шығарып алыпты. Оған ажалдан неліктен аман қалғанын бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндапты. «Саусағымды жарақаттаған Жаратқанның қандай разылық жасағанын енді пайымдап отырмын. Бірақ сенен мынаны сұрағым кеп тұр. Сені себепсіз зынданға тастауым да сол Жаратқанның разылығы ма?» - деп патша уәзіріне міней қарайды. Онысына уәзір жымиып былай депті: «Егер мені зынданға тастамағаныңызда, сізбен бірге саят құруға баруға мәжбүр болар ем. Сіз жарамайтын болған соң жабайылар қасыңыздағы мені құрбандыққа шалар еді!»
Кейде өмір тым қатал көрінеді. Айналаңыз әділет іздеп шаршаған адам. Ең қиыны өз басыңа түскен қайғыға төзу. Басқа түскен қиындық адамды торықтырады. Адастырады. Кенеттен көз жазып қалған ет жақыныңның қазасы, өз қолыңмен аяғынан тұрғызған кәсібің құрдымға кетсе, сүйіп қосылған жарыңмен ажырасу, ең сенімді адамның сатқындығы, кездейсоқ жағдай – осының бәріне «неге?», «не үшін?» деп сұрақ қойып, сартап болған санаңнан жауап іздейсің. «Әділет қайда?», «Осы Құдай бар ма?» деп жылайсың. Дегенмен әр жағдайдың өз мерзімі, мақсаты, тәртібі болатыны айқын. Тәңір өзі алдыңнан тосатын былық пен жөнсіздік, тіпті тағдыр сыйы да ұлы жоспар бойынша орындалады. Бұл әлемде бекер дүние жоқ. Судың да сұрауы бар. Барлық оқиға сенің өміріңе нақты мақсатпен еніп, жүзеге асырылады. Бәлкім, орын алған жағдайдан нақты мақсатты анық көру сол сәтте қиын шығар. Бірақ оның пайдалы жағын бірер күннен соң, яки алты айдан кейін, не бірнеше жылдан соң сезінесің. Жиырма жылдан кейін де сезінуің ықтимал. Әлде келесі өміріңде?
Қалай дегенмен, бұл өзгерістер Алланың пендесіне деген ықыласы, сүйген құлына жіберген нығметі деп білгейсің.
Аударған Шынар Әбілдә