Қанат Ислам Геннадий Головкинді сынға алды
Қанат Ислам кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді мемлекет пен Елбасы қолдап Америкаға танытқанын айтты. Өзіне де осындай мүмкіндік берілсе, не істейтінін қосып өтті, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді. Бүгін барып төр менікі деуге болмайды. Әркімнің өз деңгейі бар. Қыран шыңға қалықтап шықса, жылан өрмелеп шығады. Жетістікке әр адам әртүрлі жолдармен келеді. Алла-Тағалла біреуге бармақтай бақ береді, біреуге оны да бермейді. Бірақ біз соған тырысып жатырмыз. Әрқашан бір қадам қалған кезде, біресе жарақат алдық, артқа шегерілдік. Геннадий Головкинді мемлекет, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, бүкіл Америкаға оны танытып берді. Оның мықты демеушілері болып, қымбат қарсыластарды бірден сатып ала алды. Кәне, маған сөйтіп мүмкіндік берсе, мен қазір... Канелоны маған әкеші, кім ол сонша? Бокс деген екі адам, екі қол. Ол ұрса, мен ұрам, жығылсам – қайта тұрасың деген секілді нәрсе да. Мен 25 жыл болды бокста жүргеніме. Сол үшін мен жоғары салмақ болсын, төмен салмақ болсын – бәрімен бокстасуға дайынмын. Америкада 20 млн мексикалық тұрады, 10 млн филиппиндік тұрады, латын америкалықтар, украиналықтар мен орыстар көп. Біз ол жерде жоқпыз. Солай ғой. Мен барсам, атақты болсам да, менің қаңқамды сатып алатын халық жоқ ол жерде. Сол үшін мен Америка халқына қызық емеспін. Мен тек қазақтарға ғана қызықпын. Ал енді сені Америкаға көбірек таныту үшін сенің артыңда үлкен демеушілерің болу керек, Дархан мырза секілді үлкен адамдар болуы керек. Қазірден бастап бір жігітке ақша салып, оны ақырын-ақырын дамыту керек. Бүгін барып алып, төр менікі деп айқайлайтын негіз жоқ. Мексикада бокс кештері, күн сайын, апта сайын өтеді. Канело өзінің 30-0 рекордын Мексикада жасап келді. Бір видеосы бар ма? Бірақ әдемі рекордымен оны Америкаға алып келді. Бізде өтіп жатқан бір кеш жоқ. Бір кештің өзін әрең өткізсең, оған мың адам сын айтады, – деді Қанат Ислам.
Қазақстандық Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық боксшы Сергей Деревянченкомен IBF әлем чемпионы атағы үшін 5 қазанда Нью-Йоркте жұдырықтасады.