Ақтөбеде 162 кәсіпкер атаулы әлеуметтік көмек алып, мемлекетті алдап келген
Ақтөбе облысында 3502 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған, деп хабарлады, oinet.kz тілшісі Aktobenews.kz. сайтына сілтеме жасап.
Мемлекетті алдап, кіріс көлемін жасырғандар анықталды.
«Қазіргі таңда 849 адамға төлем тоқтатылды. Оның ішінде 43-і өз еріктерімен 4,6 млн теңгені қайтарды. Ал 1706 отбасына уақытша анықтау жұмыстары жүргізілгенше төлем тоқтатылады. 1221 отбасына төлем мөлшері қайта есептелді», - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақсұлу Жұбаназарова.
Облыста атаулы көмек алу үшін кіріс көлемін жасырған кәсіпкерлер аз емес.
«Облыста атаулы көмек алған 162 кәсіпкер анықталды. Қазіргі уақытта облыстық кірістер департаментімен жұмыстар жүріп жатыр. Олар мемлекеттік төлемді алуға өтініш жазғанда аз жалақы алатындарын көрсетіп, негізгі кірістерін жасырған», - дейді Ақсұлу Жұбаназарова.