«Денесін үш баласының қасына тастап кеткен»: Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірген ер адам сотта сөйледі

Oinet.kz 22-05-2024 1307

Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылқындырып өлтіріп, денесін үш баласының қасына тастап кеткен айыпталушы оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтірді деген айыпталушының ісі қайтадан басынан басталып қаралып жатыр. Осыған дейін істі жүргізген судья Балмұхановтың денсаулық жағдайына байланысты істі енді судья Сабыров қарайды. Бұл жолы іске жәбірленуші тарап қорғаушымен қатысты.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 31 қаңтарынан 1 ақпанға қараған түні Темір ауданының Шұбарши ауылында болды. Ақтөбедегі зауыттардың бірінде істейтін ер адам жұмыстан шыққан соң үйіне келіп ас ішіп, кешкі тоғыздар шамасында 350 шақырым қашықтықтағы Шұбарши ауылында тұратын бұрынғы әйелі мен балаларына таксимен шыққан. Алыстағы ауылға тек түн ауа жеткен. 

“Ауылға 00:30 шамасында кірдім. Жолда дүкенге соқтым. Шамамен 00:40 шамасында үйдің терезесін қақтым. Есікті Айбанудың өзі ашты. Тие берсін… Кіргізді. Құшақтадым. 20 минуттай сөйлестік. Үш күн бұрын да ол ауылға бардым. Арамыз жақсы болып келе жатты. Оған Аралдағы маманың үйіне немесе қаладағы пәтерде тұрайық, шешейік, қосылайық деп айттым. Ол кесіп айтты. “Ешқайда бармаймын. Қосылғың келсе, біздің қасымызға тұр” деді. Айқай болды. Шәйнектің қасында тұрғаны есімде. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Мен қатты ашуландым. Үйден қалай шығып кеткенім есімде жоқ. Таңертең бірінші Айбануға жаздым. Ол жауап берген жоқ. Сездім. 5 жастағы қызыма хабарласқанда “мама өлді” деп жылап жатты. Үлкен қызыммен сөйлестім. Нағашы апаларына хабарласуды сұрадым. Сол күні түстен кейін шығып бардым. Жауап алу кезінде түнде келгенімді айттым. Мен оны өлтіремін деп ойламадым. Қызғандым. Қалай жасағанымды, қалай қолымның барғанын білмеймін. Менің мақсатым қосылу болды. Ауылға сол үшін бардым. Таксиді қонып қалсам, жіберемін деп ойладым. Қонбасам, қайтамын деп ойладым. Бәрі ашумен болды. Мойындаймын”, – деді айыпталушы жауабында.

Айтуынша, бұрынғы әйеліне 2017 жылы медициналық колледжді оқып жүргенде үйленген. Колледжге мемлекеттік грант арқылы түскен. Оқуды аяқтамай тастап кеткен. Бес жылдан кейін ажырасады. Араларында 3 бала бар. Балаларының үлкені биыл 1 сыныпқа барады. Кішісі анасының өлімінен кейін 3 жасқа толды. Ажырасқандарына екі жылдан асқан. 

Прокурор айыптау актісінде сотталушының жәбірленушіні 2 минут бойы тұншықтырып тұрғанын айтты.

“Кіре беріс бөлмеде айыпталушы ажырасып кеткен жұбайы Сағымбаевамен қайтадан қосылғысы келіп, сөйлесіп тұрған сәтінде әңгіме келіспеушілікке айналған. Сағымбаева өз кезегінде қайта қосылу туралы ұсыныстан бас тартқан. Айыпталушы бас тартқан сөзіне ызаланып, аса ауыр қылмыс жасауға себеп қылып, ашуға салынып, адам өлтіру, яғни, басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатында өзіне теріс қарап тұрған Сағымбаеваның артынан жақындап келіп, оң қолымен Сағымбаеваның мойынын құшақтап, қысып, тұншықтырып, қасақана қазаға ұшырату арқылы қылмыстық ойын аяғына дейін жеткізу мақсатында жәбірленуші Сағымбаеваның тыныс алуы тоқтағанға дейін 2 минут аралығында оң қолымен тұншықтырып, қысып ұстаған. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес қайтыс болуы себебі механикалық асфиксия деп танылды”, – деді мемлекеттік айыпталушы. 

Жәбірленуші тарап соттан істі тез бітіруді, әділ үкім шығаруды сұрады.

“Жазасын алсын, мазамыз кетті. Жалғыз қызымды өлтірді. Балаларын ойламады”, – деді марқұмның анасы. 

Үш бала қазір нағашы апасының тәрбиесінде.

“Айбанудың денесін бірінші біз көрдік. 6 жастағы қызы телефон соқты. Мама дәлізде тұрмай жатыр деп хабарласты. Киініп, бірден шықтым. Дүкенге кеткен жолдасым алдымнан шықты. Айбанудың тұрмай жатқанын айтқанымда бірден жүгіріп кетті. Мен кіргенімде жолдасым “өліп қалыпты” деді. Жүгіріп келіп құшақтадым. Балалар бақырып жылап жүрді. Сол жерде жедел жәрдем, полиция шақырдық”, – деді марқұмның нағашы апасы Эльмира Сағымбаева. 

Сотта айыпталушының қорғаушысы ұсыныс айтып, биологиялық, психологиялық сараптама жүргізген мамандарды сотқа шақыруды сұрады. Судья қорғаушы тараптың пікірін қанағаттандырды. Куәгерлерден жауап алу аяқталған соң сотқа сараптама қорытындысын әзірлеген мамандар шақырылады. 

Айыпталушыға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен қозғалды. “Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату” бабында сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Түрік әлемі кино фестивалі үлкен назар аударуда
Астанада 7-сынып оқушысы төртінші қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарып қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу