Бейбіт халыққа оқ атқызған Бектанов па?

Oinet.kz 13-01-2023 647

image.png

5 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында сөз алған Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша соттар 1221 адамға қатысты іс қарап, олардың 1 205-ін әртүрлі жазаларға кескен. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғандарға рақымшылық жасау қажеттілігін атап өткен болатын.  Рақымшылық 1095 адамға қолданылған.

Атап айтқанда, сот ауыр қылмыстар үшін сотталған 1001 адамның жаза мерзімін қысқартқан. Заң аясында, арандатушылардың айтқанына көніп, жаппай тәртіпсіздік кезінде, қылмыс жасағандар – жазадан босатылған.

 Естеріңізде болса, оқиға кезінде ақпарат құралдарында  содырлардың екі әскеридің басын кесіп тастағаны қайта-қайта хабарланған болатын. Мұны қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүше мемлекеттердің жиынында да айтқаны есте қалыпты. Осы мәселенің анық қанығын журналистер Мәжіліс қабырғасында Бас прокурордың өзінен сұрап көрді. 

– Қаңтар оқиғасы басталған кезде әртүрлі ақпараттар шықты, арасында жалған ақпарат та болды. Сегіз қалада көп ғимарат жанып жатты, әкімдіктер өртеніп жатты. Әртүрлі дереккөзден әртүрлі ақпараттар түсті. Арасында дұрыс емес ақпараттар да болды. Сол себепті біз басы кесілгендер туралы ақпаратты тексердік. Бірақ ондай тұлғаларды таппадық. Тергеу барысында толық тексердік, бірақ ондай фактіні таппадық,– деді Берік Асылов.  Ал енді естіген адамның жағасын ұстатқан мұндай жалған ақпаратты тарату кімге керек болды?  

Қазір қаңтар оқиғасы кезінде теледидардан «ескертусіз атып өлтіруге» бұйрық берген Тоқаевтың әрекетін әркім әрқилы түсіндіріп жатыр. Бас прокурор жаппай тәртіпсіздік жасаушыларды ату Тоқаевтың әйгілі бұйрығына дейін іске асқанын мәлім етті. 

Ал жаңа жылдың алдында Мәскеуде белгілі журналист-жазушы Леонид Млечиннің «Трагический январь» деп аталатын кітабы жарық көрді. Кітапта бұған дейін жарияланбаған біраз мәселелер келтірілген көрінеді. «4-6 қаңтар аралығында күштік құрылымдар Тоқаевқа тиісті ақпараттарды бермеген. Президентті жаппай тәртіпсіздіктермен, терроршылардың санымен, жақын арада олардың Ақордаға шабуыл жасайтындығымен қорқытқан. Президент бандиттерге, күштік құрылымдардағы сатқындарға қарсы жалғыз күрескен»,– деп жазыпты Млечин өзінің еңбегінде. 

Ақордадағы қызметкерлердің жазушы-журналистке айтқан әңгімелеріне қарағанда, Тоқаев осы күндері халыққа арнаған үндеулерін өзі жазған, оны ешкім түземеген. Осындай қиын сәттерде Тоқаев өзінің атышулы «открыть огонь на поражение» деген бұйрығын шығаруға мәжбүр болыпты. Бірақ Президент  тек бағынудан бас тартқан бандиттерді атыңдар деген. Себебі бандиттер әскерилерге шабуыл жасап, дүкендерді тонауды жалғастыра берген. Ал сол кездегі Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, қажеттілігі болмаған жерде күш қолданыпты. Сонда жазушы-журналистің жазуынша, бейбіт  халыққа оқ атқызған Бектанов болғаны ма?  

«Кейінірек Бектанов тұтқынға алынды, қазанда оның ісі әскери сотқа түсті. Қазір Тоқаевты қарсыластары бейбіт демонстранттарға қарсы  қатыгездік көрсеткені үшін айыптап жатыр. Алайда енді бәрі белгілі: президент сол бір қиын кезеңде дұрыс шешім қабылдап, елді хаос пен бөлінушіліктен сақтап қалды»,– деген Млечиннің ойынша,  Тоқаев  қаңтар  оқиғасынан кейін Қазақстанның тарихы түгілі аймақта болып көрмеген теңдесі жоқ демократиялық реформалар жасапты. Млечиннің кітабын әлі қолға алып көргеніміз жоқ. Бірақ көптеген ақпарат құралдары «Трагический январьдың» жарнамасын осылай жасап жатыр. Қаңтар оқиғасының шындығы әлі ашылған жоқ. Бірақ әркімнің өз шындығы, өз әділдігі барын да ұмытпаған жөн. Қаңтардағы қаралы күндер туралы мүмкіндік берсе, Мұрат Бектенов пен ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов  қандай шындықты айтар еді?

Б.ЕРНАЗАР, "Рейтинг" газеті

Салалық заңдардағы Елбасы туралы 20-дан астам норманың күші жойылады
Қожабаев қамалды. Ендігі кезек кімдікі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу