Полицейлер наубайханадан телефон ұрлаған тұрғынды ұстады
Сайрам аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші күндізгі уақытта өзі жұмыс жасайтын Ақсукент ауылында орналасқан наубайханада тұрған «LG Q7» маркалы телефонын белгісіз біреу жасырын жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 72 000 теңге. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сайрам ауданының полицейлері ұрлық қылмысын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп жетті. Жақын аймақтарды жіті тексеріп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Көрген-білгендерден сұрастырды. Соның нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталып, ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Анықталғандай орта жастағы ер адам дүкенге өзіне қажетті зат алу үшін кірген. Содан қараусыз тұрған ұялы телфонға көзі түсіп, арам ойын жүзеге асырған. Одан өзгенің мүлкін сатуға тырысқанымен, сайрамдық полицейлердің қырағылығы нәтижесінде күдікті дер кезінде ұсталып, құрықталған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ескертеді: мүліктеріңізге сақ болып, қараусыз қалдырмаңыздар. Адам көп шоғырланатын аймақтарда құнды заттарыңызға берік болып, сақтық шараларын жасаңыздар. Тұрғын үйлерді, ғимараттарды ашық қалдырмай, бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі