Полицейлер бейнебақылау камерасының көмегімен автокөлік бөлшегін ұрлаған күдіктілерді ұстады
Түркістан қалалық полиция басқармасына Алматы қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның Түркістан қаласындағы пәтерінің алдында тұрған өзіне тиесілі «Toyota Fortuner» маркалы автокөлігінің «катализаторын» белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 750 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен оқиға орнына жедел жетті. Олар жақын аумақтарды түгел тексеріп, бейнебақылау камерасын қарап шықты. Нәтижесінде, полицейлер тұрғын үйдің камерасынан 2 күдіктінің бейнесін байқады. Содан күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай екі дос ақшадан қысылып, көліктің катализаторын ұрлаған. Бұдан бөлек тағы бір көліктің катализаторын жымқырғаны белгілі болды. Олар ұрлаған затты сатып, қолға түскен ақшаны бас пайдаларының қажеттіліктері үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден машинаның бөлшегі алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарға бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі