«Hollywood» емес, «Түлкібасы - құт мекен»

Oinet.kz 05-04-2022 799

Әлқисса, 1995 жылы наурыздың соңына таман тәуелсіздік алған  елдер журналистерінің делегациясы құрамында АҚШ-қа барудың сәті түскен-ді. Солтүстігіндегі суық өлке - Миннесота штатында бірер күн болып, оңтүстігіндегі ыстық жерге - Калифорнияға ұшып келдік. Өздеріңізге белгілі, Лос Анжелестің құрамына кіретін Голливуд АҚШ киноөндірісімен тығыз байланысты. Бұл қалада неше түрлі киностудиялар бар және дүние жүзіне танымал киноактерлер тұрады. Мұнда әлемге әйгілі «Даңқ саяжолы» – Голливуд бульвары мен Вайн-стриттегі танымал адамдардың есімі 2600 жұлдызбен айшықталған тротуарды да көрдік. 

Screenshot_13.jpg

Бізді бірден қала қонақтары ат басын жиі бұратын, 1923 жылы тұрғызылған Голливуд таңбасына саяхатқа алып барды.  Қала құрылысшылары жарнама қою үшін 18 ай ғана тұрады деп, сол кездегі бағамен 21 мың АҚШ долларына баннер қойған екен. Алғашқы атауы - “HOLLYWOODLAND”.  Кейін, 1949 жылы “LAND” қосымшасы алынып тасталған. Әріптерінің биіктігі бастапқы кезде қазіргісінен 1,5 метрге биік, яғни - 15,2 метр болыпты. Ағаш пен құбырдан жасалып, бекем қондырылыпты. Шырақшы түнде шамдарын жағып тұрған екен. Ал ұлы депрессия тұсында күтім қожырап, мыстан жасалған қаптамалары сатылып та кетіпті. 1932 жылы бұл жерде бір жас актриса өзіне қол жұмсап, шырақшы көлігімен апатқа ұшырап, қайғы орнындай көрінген соң, алып белгіні алып тастағысы келгендер шығыпты. Бірақ қала халқы оған қарсы шыққан ұқсайды. Сөйтіп, 1973 жылы бұл таңба “Лос-Анжелестің мәдени және тарихи ескерткіші” мәртебесін алады. Арада оншақты жыл өткенде әріптері құлап, тоза бастайды.  Ескерткішті сақтап қалуға атышулы “Плейбой” журналының негізін қалаушы Хью Хеффнер көмекке келеді. Ол әрбір әрпін аукционда 28 мың долларға сатып, меншікке айналдырады. Кейін дәулетті адамдардан көп қаржы жинап, орнына тұрғын үй салғысы келгендерден де құтқарып қалады.  1984 жылы жазғы Олимпиада өткенде,  түнде жанатын жарығы қосылады. 

Қазір бұл таңбаға жол жабық, алайда қауіпсіздік шарасы үшін күндіз-түні видеобақылау орнатылған. Бір қызығы - бұл таңбаның авторлық құқығы сақталған, оны түрлі мақсатқа пайдалануға, суретін рұқсатсыз түсіруге болмайды. Фото үшін - 60 доллар, видеотүсірілім үшін - 625 доллар талап етіледі. Оны қадағалайтын арнайы компания да бар. Міне, өркениетті елде туристерді тартудың осындай түрлі тәсілдері қолданылады.

Ал бізде қалай? Еліміздің

табиғаты тартымды, климаты тәуір өңірлерінде туристер үшін есте қаларлық көзайым обьектілер бар ма? 

Алматыдан Шымкент-Түркістан бағытында әуе, темір жол, автомобиль көлігімен сапар шеккен жолаушы көзіне тау бетіндегі “ТҮЛКІБАСЫ - ҚҰТ МЕКЕН” жазбасы түседі. Оның Америкадағы әйгілі

Hollywood (Голливуд) жазуы сияқты өзіндік қызық тарихы бар. Сонау 2004 жылы аудан әкімі болып тағайындалған соң, мың сан шаруа қатарында жастарға туған жердің тарихын, байлығын, қадірін ұқтыру шараларын ұйымдастыра бастадық. Елден шыққан ғалымдарды, айтулы тұлғаларды аудандағы мектеп оқушыларымен жүздестіріп, мамандық таңдауына, ғылым жолына түсуіне бағыт-бағдар беріп,  білім саласына зор ықпал етуге тырыстық. Сонымен бірге елдің басын біріктіретін, бірлігін арттыратын тың жобаларды ойластырдық. Ол әсте ұлттық мерекелерді атап өтумен және түрлі мерейтойлармен шектелмесе керек. Әрине, тұрғылықты халық қатысқан іс-шара, қолдан тұрғызылған, тер сіңген нәрсе жұртты жақындастыра түседі. Мақсатты еңбектің көзге көрінетін нәтижесі жадты жаңғыртып, қоғамдық санаға қозғау салады. Ол үшін бұрыннан дәстүрге айналған жалпыхалықтық сипаттағы сенбіліктің өзін басқаша ұйымдастыру керек болды. Сонымен, 2005 жылы  ауданымыздың ізгі мұратын, миссиясын анықтай түсетін ұғымды көрнекі жерге, Бесжал таудың бөктеріне “Түлкібасы - құт мекен” деп жазып қоюды ұйғардық. Жоба әбден пысықталып, орналасатын жері анықталып, жоспар бекітілгеннен кейін аудан тұрғындарымен кеңесіп, ашық кездесу өткіздік. Ортақ жұмыс тәртібін белгілеп, әрбір ауыл округіне бір-бірден әріп бөліп бердік. Өйткені әрбір әріптің биіктігі - 35 метр, яғни “Hollywood” жазуындағы әріптің биіктігінен екі жарым есеге жуық ұзын болып шықты. Ал әріптің ені - 22 метр, қалың жолағы - 4,5 метр әріпті жазу оңайға соқпады, әжептәуір еңбек сіңіруді қажет етті. Оның үстіне, сол кезде ауданда қалтасы қалың демеуші де, қолымызда айтарлықтай қаржы да, биік аспаннан қарап, жайластыруға мүмкіндік беретін дрон да жоқ болатын. Аудан архитекторы, марқұм Болат Сыздықбаев бастаған шығармашыл топ таңбаны жазу жолында тынбай ізденді. Әуелі тау бөктеріне сызылған жазу орнын  30-40 см қазу қажет болды. Сол жазу оймасын аудандағы екі зауыт шығаратын әкпен (известьпен) толтыруды ұсынды. Біз осындай тиімді амалдың ойлап табылғанына риза болдық. Біріншіден, ол біршама уақытқа шақталған; екіншіден, жауын жауған сайын ағарып, алыстан жарқырап көрінетіні айқын еді. Алайда, 60 тоннаға жуық әкті тау қырқасына шығару ұйымдастырушыларға, сенбілікке қатысушыларға едәуір қиындық туғызғаны рас. Көпшілік талқысы ортақ міндетті шешуге қатысты түрлі жұмыс тәсілдерін ортаға салды. Тау биігіне құрылыс салып, тәжірибе жинақтаған Қытай еліндегі өрісте жайылатын әрбір қойдың үстіне қос кірпіш жүктеп жеткізетін әдіс те, өзге де оңтайлы ұсыныстар қарастырылды. Дегенмен, әкті тауға асарлатып тасу ”қол жалғау” әдісімен-ақ жүзеге асты. Бұл - халқымызда бұрыннан бар дәстүр. “Көп жұмылса, тау қопарады” дегеннің растығына сол кезде тағы бір көз жеткіздік. Бүгінде аталған жазу маңынан “Батыс Еуропа - Батыс Қытай” күре жолы, Алматы - Шымкент темір жолы өтеді. Ауданымыздың ерекше символы (рәмізі, визит картасы) ретінде жастар үйленген кезде немесе құрметті қонақтар келгенде естелік суретке түсетін орынға, көрікті жерге айналғаны - ортақ мақтаныш. Осындайда Оңтүстік Кореяның астанасы - Сеулдің тарихи бір қақпасын қайта қалпына келтіруге барлық қала халқының қатысқаны туралы тарихи оқиға еске түседі. Оның тағылымы - тұрғындардың басын қосып, бір мақсат, бір мүддеге біріктіретін істің бәрі сол жердің ғана емес, жалпы бірлікті, еңбекті қадірлейтін, отансүйер адамзат үшін ерекше мәнге ие қадамға айналады. Игі істі естіген, көрген кісі бойында құрмет сезімі туады. Түркістан өңіріндегі осы белгінің де ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы айрықша деп ойлаймыз. Өйткені, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды қазақтың біртуар перзенттері туған өлкенің, дүние жүзіне әйгілі, тұмса табиғатты Ақсу-Жабағылыдай қорығы бар өлкенің әлемдік туризм картасынан өз орнын ойып алатын жөні бар. Оған тек қаржы ғана емес, халқымыздың сүйіспеншілігі, қоршаған ортаға деген жаңа көзқарасы қажет.

“Түлкібасы - құт мекен” таңбасы бірнеше ән-жырдың да дүниеге келуіне себеп болды. Жалпы, туған жерге деген махаббаттың белгісіне айналған көрікті таңбаға бүгінде ауданның ғана емес, облыстың әрбір тұрғыны ерекше сағынышпен, құрметпен әрі мақтанышпен қарайды.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты

Баян Алагөзованың қызы күйеуіне қызмет жасайтын қыздарды сынға алды
Шымкенттік оқушылар қоржынында 10 жүлде – NIS-тің желілік олимпиадасы аяқталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу