Мегаполис кәсіпкерлері тың бастаманы қолдады
Бүгін мегаполистің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтың төрағалығымен өткен шараға мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес, қоғам, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары, сондай-ақ корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді енгізуге бағытталған шаралар талқыланды.
Мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов өз сөзінде бизнесті заңсыз араласудан қорғауға назар аударды. «Бизнес пен инвестицияларға қатысты кез келген заңсыз әрекет кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданатын болады».
Сонымен қатар, кәсіпкерлер беделін сақтай отырып, адал бизнес жүргізуі керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Өтеев елімізде парасатты бизнесті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін Тұжырымдамада сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу бойынша шаралар кешені көзделген.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ішкі бағдарламаларын іске асыру және басқа да шаралар жеке секторды адал болуға ынталандыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Шаттық Өтеев.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Серікбаев 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырып, түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әзірленген шараларға кеңінен тоқталды.
Корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу шаралары егжей-тегжейлі көрсетілді.
Құжат жобасын талқылау барысында мегаполистің бизнес өкілдері тұжырымдамаға қолдау білдірді.
Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды өз еркімен енгізуге бағытталған шаралар блогын мақұлдап, бұл өз кезегінде бизнесті тиімді дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Айта кету керек, кездесу барысында мегаполистің 100-ден астам кәсіпкері қатысты.