Ұлттық чемпионаттың үздіктері марапатталды

Oinet.kz 29-12-2021 1081

Бүгін Жастар ресурстық орталығында «WorldSkills-Kazakhstan-2021» ұлттық чемпионатында және «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» байқауында, сондай-ақ қалалық пікірсайыс турнирінде жеңімпаз атанған арнаулы оқу орны студенттерін марапаттауға арналған «Білімді жас – Қазақстан болашағы» атты іс-шарасы өтті. 

image.png

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, жүлделі орыннан көрінген колледж студенттерін құттықтады.

— Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен құттықтаймын. Біз бақ қонған халықпыз. Дара жолымызды таңдаған ұлы дала ұрпағымыз. Осыдан оншақты жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Атырауда мұнай, газ саласына арналған колледж ашылған болатын. Сол жылдары арнайы іссапармен Канадаға сапар шегіп, Оңтүстік Альберта колледжіне бардық. Бұл арнаулы оқу орнында көптеген техникалық мамандар даярланады. Сонда оқу ордасының басшысынан колледж түлектерінің келешегі жайлы сұрағанымда «жұмыс берушілер біздің түлектерге кезекке тұрады» деп жауап берді. Сондықтан біз де техникалық және басқа да салалар бойынша мамандықты игеруде шеберлікті арттыруға, кез келген кәсіптің нағыз маманы болуға ұмтылуымыз керек. Елімізде колледждерді арнайы жаңа бағдарламамен оқыту ісі қолға алынды. Оған Шымкенттен 7 колледж еніп отыр. Тәуелсіздік іргетасының мықты болуы өскелең ұрпақтың білімі мен білігіне, патриоттық тәрбиесіне көп байланысты, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Шыңғыс Жұмабекұлы «WorldSkills-Kazakhstan-2021» ұлттық чемпионатында 8 кәсіп түрі бойынша сынға түсіп, жүлделі орыннан көрінген жеңімпаздарды алғыс хатпен марапаттады.

Іс-шара соңы жас өнерпаздар әзірлеген мерекелік концертке ұласты.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

ФОТО Серік ҚОСАЕВ

№2 Оңалту орталығына «E-HELPER» апппараты орнатылды
Шымкент: Қоғамдық кеңес төрағасы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу