Жұмабек Кенжалиннің елжандылық мұраты ұлықталған шара
Кеше Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығына орай əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика жəне қоғамдық медиа кафедрасы мен «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен ІІ Жұмабек Кенжалин оқулары аясында «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: тəуелсіздік тынысы» атты Республикалық ғылыми-тəжірибелік конференция болып өтті.
Шараны журналистика факультетінің деканы Мадиев Сансызбай Шарапиұлы ашып, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жұмабек Кенжалиннің қазақ баспасөзін дамыту жолында атқарған толымды қызметіне тоқталды.
Конференцияға елімізге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Жұмабек Кенжалин сияқты қазақ журналистикасының жампозы туралы тұшымды естеліктер айтты.
Алматы қаласы əкімінің кеңесшісі Мамай Ахет өз естелігінде Жұмабек Омарұлының еліміздің тәуелсіздікті алғаш алған жылдарында Алматы қаласының ономастика комиссиясының мүшесі болып, ұлтымыздың танымал тұлғаларының есімдерін жаңғыртуға белсене араласып әрі күрделі мәселенің күрмеуін өзіне тән бекзадалықпен шешуге ат салысқанын атап өтті.
«Ақиқат» журналының бас редакторы Дəуіржан Төлебай Жұмабек Кенжалиннің салалық журналистиканы дамытуға қосқан қажырлы еңбегіне тоқтала келіп, қазақ тілінде тұңғыш рет «Экономика» атты салалық газетті шығарғанын ерекше бағалау керек деді.
Конференция қонағы техника ғылымдарының докторы, профессор Бақдəулет Құмар адал достың үндемей жүріп ордалы шешімдердің түйінін шешетін әрі нағыз тыңғылықты істің үлгісі болғанын үлкен толғаныспен жеткізді.
Жұмабек Кенжалиннің ұлы, Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының бас редакторы Дастан Кенжалин де сөз алып, әкесінің қазақ журналистикасында елдік мұрат жолында жасаған еңбегінің жоғары бағаланып, жас ұрпақтың жадында қалар шараның ұйымдастырылып жатқандығын ерекше атап өтті.
Конференция барысында ЮНЕСКО, халықаралық журналистика жəне қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова журналистика факультетінің түлектері арасында елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар аз емес, бұл ретте Жұмабек Кенжалиннің орны ерен екендігіне тоқталып, шараға қатысушыларға өз алғысын білдірді.
«Қырық жыл терін төккен баспасөзге, Хас дүлдүл, ардакүрең қаламгер» (Бақытжан Тобаяқов) Жұмабек Кенжалин ағамыздың есімі қазақ журналистикасының тарихында ешқашан өшпек емес!
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің доценті
Орынтай Ошанова