«Shymkent önimderi — 2021» көрмесіне 100-ге жуық компания қатысуда

Oinet.kz 19-11-2021 593

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімдігі  ұйымдастырған «Shymkent Önımderı — 2021» атты жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі басталды. 

image.png

Үш күн бойы жалғасатын көрменің мақсаты — жергілікті тауар өндірушілерді тұтынушыларға кеңінен таныстырып, олардың ісін ілгерілетуге көмектесу.  Бұл шараға өңдеу өнеркәсібі бағытында жұмыс істеп, дайын өнім шығарып жатқан 100-ге жуық шымкенттік компания қатысуда. Олардың арасында құрылыс материалдарын, жиһаз, медициналық құрал-жабдықтар өндіретін кәсіпорындар бар. 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көрмені аралап, ұсынылған тауарлармен танысып шықты. 

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемін 1.5 есеге, ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыруға тиіспіз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бүгінде Шымкент қаласында жергілікті тауар өндірушілерге жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі көрме соның бір айғағы. Бұл іс-шараға түрлі мемлекеттік органдардың, жобалаушы және мердігер мекемелердің өкілдері және өзге де әлеуетті сатып алушылар қатысуда. Мұнда тауар өндірушілер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, өзара тиімді келісімдер жасау мүмкіндігіне ие, — деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов. 

Көрмеге қатысушы компаниялардың бірі — «MedCamfort» ЖШС-і. Бұл кәсіпорын медициналық жиһаз бен құрал-жабдықтар өндіреді. 

— Біздің кәсіпорын 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде 50 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Кез келген емхана мен аурухананы медициналық құрал-жабдықтар және жиһазбен толық жабдықтай аламыз. Әсіресе, кушеткалар мен төрт функционалды автоматтандырылған кереуеттерге сұраныс жоғары. Өндірісті кеңейту мақсатында «Жұлдыз» индустриалды аймағынан үлкен жаңа зауыт салып жатырмыз, — дейді «MedCamfort» ЖШС-інің атқарушы директоры Жадыра Әнуарбекқызы. 

Айта кетейік, көрменің аясында түрлі байқаулар мен экспортты ілгерілету жөніндегі кеңес өткізіледі. Онда тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, экспортқа шығу барысындағы проблемаларды кәсіпкерлермен бірлесіп талқылау жоспарланған.

Ардагерлер мен жастар жарысты
Жастар театры "Ыбырай" пьесасын сахналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу