«Бұл қандай ырым»: Сәби жатқан бесікпен атқа шапқан әженің әрекеті елді шошытты (видео)
Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа. Бір елде тұрып, әр өңірдің салт-жоралғысын түсінбей жатамыз. Қазақ ырымшыл халық. Жақсылық болсын деген ниетпен түрлі ырым амалдарын жасайды. Алайда кейбірі қазаққа жат ырымдар деп сын тағады.
Желіде тағы бір салт-жорғалғының видеосы тарады. Бесікке салу қазақта бар. Ал үлкен әже-апаларымыздың бесікке мініп, атша шапқаны бар ма? Видео көптің талқысына түсті. Бірі мұны бұрыннан бар деп қолдаса, енді бірі ерсі деп шошыды.
Видеода әжей бала жатқан бесікке мініп атпен шапқандай көрініс көрсетті. Маңайдағы адамдар шуласып, қошемет білдірді. Мұны әр оқырман өзінше түсіндіріп көрді.
Ырымның тарихына сенсек, сәбиге бесікті нағашы әжесі сатып әкеп береді. Оған жасы келген қариялар мініп, атпен шапқандай болады. Сонда бала аман болып, жасы ұзақ болады деп ырымдайды.
Отбасында бала шетіней берсе, бала өлімі тоқтасын деген ниетпен де осылай ырымдайтын көрінеді. Бала ұзаққа шапсын. Арманы орындалсын деп те ырымдап жатады.
Бұл ырымның өз шарттары бар деседі. Алдымен бесікке 6 сырт киім жабады сосын ұнның қабын жауып, үстіне мініп осылай үлкен әжелер, яғни бесікке салған адам шабады.
Енді бір өңірде бесікке мінген әжей “Қоқанға барамын” деп шабады. Атасы “тастап кет немеремді” деп ақшасын береді екен.
Дереккөз: Stan.kz