Тойда ұлттық киіммен арақ құйғандар жұрттың наразылығын тудырды (видео)
Тойда қазақ көйлекпен арақ құйып тұрғандар халықтың ашуын келтірді. Желі қолданушылары ұлттық киімді қорлады деп айыптап жатыр. Мұны бірі намыссыздыққа баласа, бірі ақша табудың жолы деп көрсетті.
Той үстіндегі тарту. Қазақы дәстүрді аяққа таптаған тағы бір әдет қалыптасты. Бұл көрініс көптің ашуын келтіріп, ызасына тиді.
“Қымыз немесе шұбат құйып жүрсе түсінер едім. Ұлттық киімді бүйтіп қорлауға болмайды. Ұят! Ұят! Ұят!”, – деп жазды Серік Абас-шах.
Продюсер жүктеген видеода той үстінде ұлттық киім киген қыздың сусын, шарап, өзге дәмдерді ұсынып тұрғанын байқауға болады. Той қонақтары оның жанына келіп, өзі қалаған дәмнен ауыз тиеді.
Желі қолданушылары мұны ұлттық киімді қорлау деп намыстанды. Той қонақтарының намыссыздығын айтып талқыға салды. Енді бірі ақша жасаудың жеңіл әрі арсыз жолы деп дөп басты.