«Директорға ай сайын жалақымнан 30-40 мың теңге беріп тұрдым» - Атыраулық жас ұстаз

Oinet.kz 17-09-2021 4332

Атырау қаласындағы №38 мектептің мұғалімі Н.Құлбаева ай сайын мектеп директорына 30-40 мың теңге беріп отырған. Кейін жас ұстаз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыз жазғанымен, қылмыстық іс жабылып қалады. Бұл туралы маман Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Screenshot_12.jpg

2020 жылдың ақпан айында 26 жастағы ұстаз Атырау қалалық №38 мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрады. "Балаларға білім беремін" деп қуанып жүрген жас педагогтың қуанышы су сепкендей басылады – мектеп директоры жұмысқа алғаны үшін 90 мың теңге сұрайды.

“Бір жылға уақыт ішінде 620 мың теңге бердім. Әр ай сайын жалақымнан 30-40 мың теңгені апарып беріп отырдым. Хатшысы арқылы сұрайтын болды. Бермей қалсам, жұмыстан шығуға арыз жаз дейді. Жұмысқа орналасу үшін сұраған 90 мың теңгені бермей қалғанда, кабинетіне шақырып алып, жұмыстан шығуға арыз жаз деді. Үйге келіп болған жайтты анама айтып едім, ол да ақшаны не үшін беру керектігін түсінбеді. Кейін директор шақырып алып, ақшаны әкеліп бер де, жұмысыңда жалғастыра бер деді. Үйіне 90 мың теңге апарып бердім", – дейді жас ұстаз.

Парақорлықтан шаршаған Құлбаева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыз жазады. Аса маңызды істер жөніндегі тергеуші ҚР ҚК 366 (Пара алу) бабымен қылмыстық іс қозғап, ұстазға жасырын камера мен диктофон береді.

“Құлбаева мен мектеп директоры арасындағы әңгімеде, мұғалім жалақысының барлығы емес, тек 70 мың теңге түскенін айтады. Директор осы ақшаны бөліп, жартысын ертеңге дейін өзіне әкеліп беруін, өйткені жақын уақытта еңбек демалысына шығатынын айтады. Әңгіме барысында директор ақшаны бірінші жәшікке тастап кетуін сұраған кезде, Құлбаева өзінің банк карточкасы анасында екенін, сол себепті ақшаны кешке аударатынын айтады, директор бұл туралы ешкімге тіс жармауын талап етеді”, – деп жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ғибат Қуқатовтың Атырау облыстық білім басқармасының басшысына жазған ұсыным хатында.

Тергеу амалдары кезінде директордың жас ұстаздан ақша алғаны жартылай ғана дәлелденді. Алайда заңсыз алынған ақша көлемі заңға сәйкес 200 АЕК жетпегендіктен, қылмыстық іс қысқарып қалады. Яғни пара алғаны рас, бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартылмады. Оның бұл ісі мемлекеттік қызметкерлердің атына кір келтіру болып табылатындықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық Білім басқармасының басшысына №38 мектеп директорын жұмыстан шығару туралы ұсыным хат жібереді. Тағы бір қызығы – мектеп директоры жұмыстан шығарылмай, қатаң сөгіспен құтылады.

“2 қыркүйек күні №38 мектеп директорына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұсыныма сәйкес қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды”, –  дейді Атырау қалалық білім бөлімінің өкілдері.

Атыраудан әділдік таппаған жас ұстаз енді ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетовке және премьер-министр Асқар Маминге хат жолдамақ.

Бекболат Тілеухан халық Назарбаевқа опасыздық жасағанын айтты
Мұрағаттан Түркістан тарихына қатысты тың мәліметтер табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу