Жұмыспен қамту көрсеткіші жақсарды
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жұмыссыздықпен күрес мемлекет тарапынан қарқынды жүргізіліп келеді. Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Сондықтан бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Атап айтқанда, «Кедейлік және жұмыссыздықпен күрес», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар жүйелі жүзеге асып, жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Шымкент қаласында жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Статистикаға сүйенсек, 2011 жылы шаһарда 1941 азаматқа жұмыс ұсынылған. Ал 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш 20,4 есеге көбейді. 2021 жылдың қаңтар айынан бері қалада 16 768 адам мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, жұмыс тапқан. Тағы бір дерек, Шымкентте 2013 жылы 60 тұрақты жұмыс орны құрылса, 2021 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 3599 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, 60 есеге көбейген.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте әлеуметтік сала толыққанды цифрлы жүйеге өтті. Бұл бағыттағы кез келген қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асады. Соның ішінде жұмыс іздеген азаматтар бұрынғыдай табанынан тозбайды, портал арқылы қай мекемеде бос орын бар екенін көріп отырады.
– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 26 түрі автоматтандырылған. Яғни, кез-келген адам «Egov» порталы арқылы өзіне керек қызмет түрін электронды түрде ала алады. Оның ішіне азаматтық хал актілер бойынша қызметтер, жұмыссыз ретінде тіркелу, қандас мәртебесін беру және тағы басқалары кіреді. Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Жұмыспен қамту орталығы» халыққа қызметті «Open Space» форматында көрсетеді, – дейді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Тарихқа шегініс жасасақ, 1990 жылдардағы елдегі экономикалық дағдарыс Шымкенттің де өндіріс орындарының тұралатқаны мәлім. Жаппай өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық жайлап, бұл халықтың күнкөрісінің нашарлауына әкеліп соқты. Ең қиын кезеңде халыққа кәсіппен айналысып, нәпақа табу тығырықтан шығатын жалғыз жол болды.
Жас та тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын қайта құрып, ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Мұндай күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі он жылдықта қабылданған реформалар өз ықпалын тигізді. 2000 жылдан бастап Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. «2000-2002 жылдары кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес» жөніндегі бағдарлама қабылданып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдегі жұмыссыздық Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешілуде.
Биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының төртінші жылына қадам бастық. Бағдарламаның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, шағын несие беру арқылы ауыл және қала тұрғындарын өзін өзі жұмыспен қамтуға ынталандыру.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 1,4 млн-нан астам отандасымыз жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның 783 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Сөйтіп, жыл соңында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. 649 мың адам бағдарлама қатысушысы болса, үштен бірінен көбі – жастар. 43 пайызы – әйелдер. 319 мың адам тұрақты, ал 210 мың адам субсидияланған жұмыспен қамтылған. Тәуелсіздік жылдары ішінде айқын міндеттер көзделген жүйелі жобаның шарапатын шымкенттіктер де сезініп келеді. Бағдарлама білім алуға мүмкіндігі болмаған жастардың тегін оқуына, кәсіби курстардан өтуіне, мамандық бойынша тәжірибе жетілдіруіне жол ашты.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 16 мыңнан астам адам әлеуметтік шаралармен қамтылса, 5177 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Екі мыңға жуық түлек жастар тәжірибесі бойынша, 2832 адам қоғамдық жұмысқа жолдама алып, 260 жұмыссыз азамат әлеуметтік жұмыс орындарынан жұмыс тапты. Шаруасын дөңгелеткісі келген 41 шымкенттік шағын несие, 584 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. 1900 азамат «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданды.
Мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланған кәсіпкердің бірі – Гүлжазира Рысқұлова. Үш апталық курстан өткен ол 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты иеленіп, жиһаз шығару кәсібін жолға қойды. Төрт бала тәрбиелеп отырғанына қарамастан ісін ілгерілуге үлгеріп жүр.
– Грант есебінен құрал-жабдық сатып алып, арнайы цех аштық. Шүкір, тапсырыс толастаған емес. Сұранысқа сәйкес түрлі үлгідегі жиһаз шығарамыз. Мұнымен тоқтап қалмай, шеберхана құру ойда бар, – дейді «Бастау бизнес» жобасының түлегі.
Аталған бағдарлама аясында былтыр кейіпкеріміз сияқты 4828 адам қайтарымсыз грант алды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын жобаға 2820 адамға жолдама берілді. Мемлекеттік қолдау шаралары биыл да қарқынды жалғасын тапты.
Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқуға осы жылы 2500 шымкенттікті бағыттау жоспарланды. Ол – арнайы білімі жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Осы орайда 30-дан астам мамандық тізбесі бекітілді. Олардың қатарында дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқалар бар. Оқуға тартылғандарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді.
Статистикаға сүйенсек, мегаполис халқының 239 мыңнан астамы – жастар. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы бүгінде мыңнан астам бағдарлама қатысушысына жолдама берілді. Олардың қатарында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері, кадастр, техник мамандар бар. Жыл соңына дейін 2500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін тілек білдіруші enbek.kz порталында электронды цифрлы қолтаңба арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайындағы жұмыспен қамту орталығына бара алады.
– Кейбір жастар диплом алғасын мамандығы бойынша жұмыс таппай, уақыт жоғалтады. Жұмыс тәжірибесін жинау үшін мемлекет 6 айлық «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырады. Ол бағдарлама мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргеніне 3 жыл толған және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған. Биылғы жалақы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Бұл дегеніңіз – 72 мың теңге, – дейді қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаев.
Шымкентте жуырда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды. Жоба шартына сәйкес жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жоғарғы оқу орны немесе колледж түлегін 2 жылға жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасады. Экологиялық үстемеақы төлемін қоспағанда жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Жұмыс беруші жұмыс көлемі мен күрделілігіне қарай қажетінше өз қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілейді. Еңбекақының алғашқы біржылдық бөлігін мемлекет субсидиялайды. Қазіргі таңда 50-ге жуық жас бағдарлама аясында қала аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда жұмысқа орналастырылды.
Жалпы, Шымкентте 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асырылуда. Ресми мәліметтерден тұрақты жұмысқа орналасушылар қатарының артқанын байқаймыз. Шағын несие алып, кәсібін өрге домалатамын деушілерге де қолбайлау жоқ. Мемлекет тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға, олардың жеке іс бастауына немесе жаңа мамандық игеріп, екі қолға бір күрек табуына барынша жағдай жасауда. Мысалы, электронды еңбек биржасының қолданысқа енгізілуі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты жеңілдете түсті. Жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарының көмегінсіз-ақ enbek.kz порталына кіру арқылы кадр таңдай алады. Ал жұмыс іздеушілер порталға тегін тіркеледі. Сайттан еліміздің кез келген өңіріндегі, қаласындағы, бос жұмыс орнын көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұрын айлап іздейтін жұмыс орнын енді екі апта ішінде табуға мүмкіндік бар.
– Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан шет қалған емес. Олар қоғамдық бірлестіктерде белсенділігімен көзге түсіп жүр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты, жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалуда. Сонымен қатар, Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларымызда қала тұрғындарына ұдайы пайдалы ақпарат ұсынып келеміз, – дейді Сұңғат Абдуллаев.
Кез келген мемлекеттегі жұмыссыздық мәселесінің белең алуы қоғамға қауіпті. Өйткені ол – кедейшілік деңгейінің артуына түрткі болатын басты себеп. Ал халқын кедейлік жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Сол себепті мемлекетіміз егемендікке қол жеткізгелі бері жұмыссыздықты азайтуды саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, сәт сайын түрлі бағдарламаларды қолға алып, оның жүйелі жүзеге асырылуына күш салып келеді.
Әлем елдерін сынаққа алған пандемия кезінде Қазақстан Үкіметі осындай сын-қатерге жауап ретінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған» жол картасын әзірледі. Ол бойынша еліміздің әр аймақтарында инфрақұрылым, инженерлік-көлік нысандарын жөндеу, абаттандыру шаруасына мейлінше көп жұмыс күшін қажет ететін объектілер анықталып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалақы мөлшері бекітілді. Бұл, әсіресе, қалада жұмыстан қысқарып қалған немесе орналаса алмаған жастардың өз өңірлеріне барып қызмет жасауына ықпал етті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, бағдарлама аясында өткен жылы 239 мың жұмыс орны құрылды. Оны орындауға 2 млрд 400 млн АҚШ доллары бөлінді. Жұмыспен қамту шаралары биыл 1 млн 200 мың адамға шарапатын тигізеді деп күтілуде.
Жалпы айтқанда, 2017 жылы екпін алған «Еңбек» бағдарламасы осы уақыт аралығында ел игілігіне айналып үлгерді. Ордалы отыз жылды артта қалдырған мемлекеттің қолдау шараларына шымкенттіктер де бір кісідей атсалысып, белсенділік танытып жүр. Жүйелі жобалардың қай-қайсысы да қазіргідей дағдарыс жағдайында ел экономикасының дамуына әсер етіп, халықты еңбекпен қамтуға және жұмыссыздар санының кемуіне оң ықпал етеді.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ