Теріскейлік түлектер жалғызбасты анаға баспана тарту етті
Созақ ауданы, Созақ ауылының 1984 жылы туылған жастары қайырымдылық іс жасады. Яғни, осыдан 20 жыл бұрын «Созақ» мектеп-гимназиясынан түлеп ұшқан түлектер жалғызбасты анаға тұрғын үй салып берді.
Төрт бөлмелі үйде ауыз су, жарық және жылу жүйесі орнатылған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ауласы да әрленіп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа баспанаға ие болған жалғыз басты ана Саламат Ералиева қуанышымен бөлісіп, жерлестеріне алғысын білдірді.
--- Бірлік бар жерде берекелі тірлік болады. Ауылымыздың жігіттері 20 жылдық кездесулеріне орай жаңа баспана тарту етіп, үлкен қуанышқа бөледі. Еркебұлан, Сәбит, Нұрлан, Қасымбек, Айдар, Өскен, Жандос, Әмірәлі, Жасұлан, Жомарт, Мұхтар, Әлмет және тағы басқа да жігіттер күнделікті құрылыстың басы-қасында жүрді. Әрбір қыштың қалануын, құрылыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуін бақылады. Қажетті заттармен де қамтамасыз етті. Баршасына рахметімді айтамын. Алла разы болсын! – дейді жаңа үйге ие болған Саламат Ермаханқызы.
Мектепті 2001 жылы бітірген түлектер ауылда футболдан жарыс ұйымдастырды. Сондай-ақ, өмірден ерте қайтқан сыныптастарының рухтарына құран бағыштады. Іс-шараның баршасы да карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.
--- Жалпы Созақ ауылында мектеп бітіруші түлектер 20 жылдық мерекелеріне орай демеушілік жасап, туған жердің түлеуіне өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, былтырғы жылы салынған бір үй көп балалы жалғыз басты анаға берілді. Ал, түлектердің қолға алуымен биыл ауылымызда үш үй бой көтеруде. Алғашқы баспананы «Созақ» мектеп-гимназиясын бітірушілер табыстады. Екіншісін, Ә.Науаи атындағы мектептің түлектері салып жатыр. Үшіншісін Көктөбе елдімекенінің жастары мен тұрғындары қолға алып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына орай ауылда 4 отбасы қамқорлыққа алынған болатын. Қазір ауыл жастарының қолдауымен төртеуі де үйлі болуда – дейді Созақ ауылының әкімі Аяпов Батырхан.
Созақтық түлектердің қолға алуымен бұдан алдын ауылдың кіре-берісіне киіз үй мен арка және ауыл орталығына Бәйтеректің мүсіні салынған болатын. Ал, былтырғы жылдан бері түлектер жерлестерін баспанамен қамтуды қолға алып отыр.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ