Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Алатау етегінде жатқан Түлкібас ауданын бекерге «екінші Швейцария» деп атамаса керек-ті. Бұған дейін аудан шекарасының маңындағы тұмса табиғат ішінде демалыс аймақтары көптеп салынып, туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Халқы еңбекқор, жаңалықты жатырқамай тез қабылдайтын Түлкібастың ауыл шаруашылығында, кәсіпкерлік саласында да жетістіктер жоқ емес.
Соңғы жылдары Түлкібаста халық демалатын нысандарға баса көңіл бөліне бастады. Әсіресе, бүкіл аудан тұрғындары демалатын орталық саябақты қайта жаңғыру көпшіліктің көкейіндегі талап-тілекпен дөп келді.
Арбат халықтың сүйікті орнына айналды
Өткен жылы Түлкібасқа әкім болып келген Нұрлан Байғұт алдымен осы саябақты қайта түлетуді қолға алды. Нәтижесінде қысқа мерзімде саябақ ішіндегі скамейкалар жаңартылып, түрлі аттракциондар құрылып, жаттығу алаңқайлары салынды. Төңіректе халыққа ойын-сауық тұрғысында қызмет көрсету нүктелері ашылды. Стадион маңынан басталған әрлеу жұмыстары Тұрар Рысқұлов көшесіне дейін созылды. Яғни Мәдениет сарайының алды Арбатқа айналды. Арбат – халық күйбең тіршіліктен бір сәт арылып, бой жазып ой сергітетін мәдени демалыс ошағы. Сонымен қатар туристік орын десек те болады. Себебі арбатты тамашалау арқылы туристер қала тұрғындарының ділі мен дінімен, руханиятымен, мәдениетімен танысады. Жергілікті халықты жақыннан біле түседі. Болмысына бойлайды.
Бүгінде Түлкібас арбаты аудан тұрғындарының жиі жиналатын орнына айналды. Жұмыстан соң жергілікті тұрғындар кешкі самалмен Арбатқа қарай ағылады. Бұл жерден еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жүр. Әсіресе, қол ұстасқан балаң ғашықтар мен бала жетектеген жас отбасыларды көптеп кездестіруге болады. Осыдан-ақ арбат жастарды өзіне баурап, көңілдерінен шыққанын бағамдаймыз.
Ымырт қараңғылығы үйіріле бастаған шақта Арбаттан дуылдаған у-шу естіледі. «Жас жүрген жер – мереке демекші, жастар ән айтып, би билеп, төңіректі думанға бөлейді. Арбат арқылы ауданда ішкі туризм дамып отыр десек болады. Жан-жақтағы ауыл тұрғындары міндетті түрде аудан орталығындағы Арбатқа соға кетуді әдетке айналдыруда. Сонымен қатар көршілес аудан тұрғындары да Түлкібасқа жол түскенде Арбатқа «Қалай екен өзі» деп бір бас сұға кетуде. Арбат маңындағы дүңгіршектерінде сауда қызып жатқанын да айта кету керек. Олар түскен табыстан салық төлейтінін ескерсек, бұл да экономиканың дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Орталық саябақ, Арбаттан бөлек, Тұңғыш Президент саябағы аумағында да жөндеу жұмыстары жүргізілді. 7,2 гектар аумақты алып жатқан саябақ аумағындағы аяқжолар мен су бұрқақтары толығымен жөндеуден өтіп, қосымша жаңа орындықтар орнатылып, «Стрит воркаут» пен ойын алаңшасы бой көтерді. Саябақ маңында балабақша, мектеп, жаңа тұрғын-үй алабы барын ескерсек, бұл локацияда өмір сүретін тұрғындар өте көп. Саябақтағы жөндеу жұмыстары бітсе мұнда келушілер қарасы мол болмақ.
Тек жөндеу жұмыстары емес, саябақта тазалық жұмыстары да жоғары қарқында. Жақында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен, аудан әкімінің өзі бастап баруымен жүзеге асқан сенбілік барысында көп жылдардан бері бояу көрмеген, саябақ қоршауы мен орындықтар және тұрғындар демалысы үшін жасалынған дүниелер сырланып, түнгі жарықтандыру шамдары реттелді. Саябақ тап-таза кейіпке еніп, аудан тұрғындарына қуаныш сыйлауда.
Өз кәсібін ашамын дегендерге қолдау көп
Түлкібаста кәсіпкерлік саласы да кең қанат жаюда. Әсіресе мал шаруашылығында жетістік көп. Түлкібас – жауын-шашын мол түсетін аудан болғандықтан мұнда шөбі шүйгін жайылымдық жер мол. Егін егуге топырағы өте құнарлы. Жем-шөптен мәселе жоқ жерде мал өсіру, оны баптау өте қолайлы. Осыған орай ауданда үй іргелік шағын қораларды айтпағанда ірі қара және жылқыны бордақылаумен айналысатын 76 шаруашылық бар. Мұнда 2000 бастан астам ірі қара мен жылқы бордақылануда.
Аудан әкімдігінің қолдауымен бұл бағытта зәкірлік жобаларды іске асыру жұмыстары жүйелендіріліп келеді. Атап айтқанда, Шұқырбұлақ ауылының маңындағы «Адал» шаруа қожалығы жаз айларында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 800,0 млн тенге несие алуға құжаттар өткізуде, несие алған жағдайда 1000 бас ірі қара мал бордақылауға қойылмақ.
Кәсіпкер Шералы Өмірәлиев осыдан 5-6 жыл бұрын өз қаржысына 10-15 бас жылқы алып, мал бордақылау кәсібін бастаған болатын. Бүгінгі таңда кәсібінің-нәсібін көріп отыр. Бордақы басын жыл санап арттыруда. Яғни, 70 бас ет бағытындағы «Ақ бас» ірі қараны, 250 бас «Қазақы қой» және 30 бас жылқы бордақылап, етінің әр келісін 1900-2000 теңгеден ауданның сауда қатарларына өткізуде. Мал бордақылауда отбасық кәсіпке айналдырып, үлкен жанұясының барлық мүшелерін жұмыспен қамтып отыр. Еңбекқор Өмірәлиевтер отбасы Үкіметке алақан жаймай, өз кәсіптерін өздері дөңгелетіп, көпшілікке үлгі болуда. Мемлекет тарапынан жұмыс істеймін, өсіп-өнемін деген азаматқа барынша қолдау көрсетілетіні белгілі. Тұрғындар тек масылдық психологиядан арылса болғаны. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демекші, Өмірәлиевтер отбасы кәсіптерін бұдан әрі дамытып, биік белестерді бағындыруды көздеп отыр. Оларға аудан әкімдігі тарапынан көмек көрсетіледі.
Балық шаруашылығының болашағы зор
Ауданда майда өзен-көлдер көп. Өзен-көл көп жерде балық шаруашылығымен де айналысуға мүмкіндік бар. Жаскешу ауылдық окуругіне қарасты «Юлдуз-2» шаруа қожалығы балық шаруашылығын қарқынды түрде жүргізуде. Осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастаған қожалық 6 га аумақта орналасқан жасанды су тоғанына 14 мың 5 жүз сазан, карп және дөнмандай (толстолоб) балықтарының шабақтарын жіберген-ді. Қазіргі таңда кәсібінің алғашқы жемісін көре бастады. Атап айтқанда, айына орта есеппен 300 келіге жуық балықты аудан аумағындағы және Шымкент қаласының сауда қатарларына өткізуде.
Балық шаруашылығың болашағы зор. Кеңес Одағы кезінде бір күнді арнайы «балық тағамдарының күні» деп белгілеп, сол күні бүкіл Одақта халық таңғы, түскі және кешкі асқа тек балықтан дайындалған тағамдарды тұтынған. Себебі балық өнімдері – денсаулыққа өте пайдалы. Балық құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер өте көп. Оның құрамында адамның есте сақтау қабілетін жақсартатын, сәби сүйегін қатайтатын элементтер мол болғандықтан, дәрігерлер балық өнімдерін жас балаларға тұтынуға кеңес береді. Осыған орай ел ішінде балыққа деген сұраныс мол. Сондықтан да түлкібастық кәсіпкерлерге балық шаруашылығымен айналысу – кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндіктер есігін ашады. Себебі балық шаруашылығымен кез-келген аудан айналыса алмайды. Көп ауданда аталған шаруашылықты қолға алу үшін дәл Түлкібастағыдай қолайлы климат жоқ. Түлкібас осы артықшылығын тиімді пайдаланып, көптеген жобаларды жүзеге асыруды бастап кетті.
Бүгінде аудан көлемінде 7 шаруашылық балық өсірумен айналысуда. Жіліктеп айтатын болсақ: Арыс ауылдық округіне қарасты «First Fish Companу» ЖШС-гі балық зауыты, мұнда балықтың осетра, форель, сазан түрлерін өсірілуде. Ал Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Нұран құрылыс» ЖШС-гі балықтың карп, сазан түрлерін; Балықты ауылдық округіне қарасты «Сансызбай» ШҚ балықтың сазан; Келтемашат ауылдық округіне қарасты «Болат» ШҚ балықтың сазан; Жаскешу ауылдық округіне қарасты ЖК «Кадыркулов Н» балықтың сазан; Жабағылы ауылындағы «Талдыбұлақ» ӨК, балықтың сазан түрін өсіріп, жемісін көруде.
Бұл бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да аудан әкімдігінің тікелей бастамасымен басымдық беріліп, дамыту жоспарлануда. Оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктерде қарастырылуда. Балық жемінің 30 пайыз шығындары субсидияланып, заң аясында түрлі қолдаулар көрсетілуде.