Созақ пен Төлебидегі конференцияларда не айтылды?
Бүгін «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының кезекті ХХХVІІI (38) есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны «Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Салыхан Полатов Салыхан жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, жоспарлары сөз болды.
Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов «Жалпы алғанда 2019-2020 жылдары Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін күрделі болғанынан хабардарсыздар. Осындай оқыс оқиғалар өрши түскен кезеңдерде біздің партиямыз да шетте қарап қалған жоқ. Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен елдегі ахуалды тұрақтандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттікке келуімен саяси сабақтастық жалғасты. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде партиямызға деген сенім күшейе түсті», – деді.
2019 жылы партияның Созақ аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне 214 арыз-шағым түскен. Ол тиісті мекемелер мен құқық қорғау органдарына жолданып, арыз-шағымдардың 98-і оңтайлы шешілген. Ал 2020 жылы партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 315 адам жүгінген, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп. Қарау нәтижелері бойынша 98-і оң шешіліп, 217 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. 827 аз қамтамасыз етілген отбасыға «Біргеміз» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден үлестірілсе, ауыл әкімдері, бастауыш партия ұйым төрағаларының, мәслихат депутаттарының көмегімен 2020 жылдың 20 наурызы мен 10 шілде аралығында 945 отбасына «Біз біргеміз» акциясы аясында демеушілік көмектер көрсетілген. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы негізінде қолға алынған «Қамқорлық» жобасы арқылы 66 отбасының тізімі жасақталып, көмек беріліп жатыр.
Сонымен қатар бүгін «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалының да кезекті XХХVІ(36) есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны партияның аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар конференцияға облыстық мәслихат депутаттары Ғалымжан Елшібай және Әли Әміралиев қатысты.
Алдымен «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуаныш Қансейітов 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, саяси кеңестің алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, партия филиалы тарапынан тұрғындардың талап-тілектерін орындау бағытында жұмыстар жанданған. «Біргеміз» қоры арқылы және «Біз біргеміз» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілген. Партиялық жобалар желілік кестеге сәйкес орындалып, праймериз де жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сайлау нәтижесінде аудандық мәслихатқа жігерлі, жалынды азаматтар келген.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша партияның аудандық филиалының Саяси кеңесі сайланды. Сондай-ақ партияның Түркістан облыстық филиалының XLI (41) есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар іріктелді.
Партия белсенділері 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бағытында да ақылдасты. Елге берілген әрбір уәденің уақтылы әрі сапалы орындалуы нұротандықтардың бақылауында болады.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі