Консерваторияда XIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті
Ағымдағы жылдың 27 наурыз бен 20 сәуір аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ҚР БжҒМ XIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өтті. Биылғы олимпиада қазақ дәстүрлі өнерінің дара тұлғасы, күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, академик Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына арналды.
- Республикалық студенттік пәндік олимпиада болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, дарынды білім алушыларды іріктеу және оларға шығармашылық серпін беруді көздейді. Сол себепті де биыл аталмыш олимпиада консерваториямызда он үшінші рет өткізіліп отыр. Болашақта да жалғасын табады деп сенеміз. Жүлделі орындарға ие болған студенттерді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін, - деді сөзінде консерватория ректоры Арман Жүдебаев.
Онлайн олимпиада «Гуманитарлық ғылым және өнер» бағытында ұйымдастырылып, 7 мамандықты (17 аталымды) қамтыды. Олар: «Вокалдық өнер», «Аспаптық орындаушылық», «Арт-менеджмент», «Дәстүрлі музыка өнері», «Музыкалық білім беру», «Дирижерлеу» және «Композиция».
Биылғы олимпиада ерекше форматта өтті. Әлемде орын алған пандемияға байланысты үміткерлер онлайн форматта қатысып, қазылар алқасы қашықтан өз бағаларын беріп, мықталарды анықтады. Қатысушылар сайыс бағдарламасының бейнежазбасын алдын-ала монтажсыз жазып, You Tube желісіне жүктеп, сілтемесін ұйымдастыру комитетіне ұсынды. Яғни, қашықтықтан өткен олимпиаданың талаптары осындай болды.
ЖОО студенттерімен қатар, Қазақстан Республикасы музыкалық колледждері мен мамандандырылған мектептерінің қатысушылары арасында Республикалық кіші олимпиада өтті.
Республикалық кіші олимпиадасының әділ қазылар алқасының құрамына консерватория ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүдебаев Арман Әділханұлы төрағалық етті. Төраға орынбасары өнер-білім ордасының оқу әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Әбдірахман Гүлнар Бақытқызы болды.
Кіші олимпиада ҚР Білім және ғылым министрлігінің музыкалық оқу орындарында білім беру стратегиясына орай консерваторияның миссиясын іске асыру; Жастардың шығармашылық тұрғыдан өркендеуімен қатар ғылыми ізденістер мен зерттеулер жүргізу; Білім алушыларды жан-жақты біліктілікке баулу, дарынды жастарды анықтау; Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызға, дәстүріміз бен мәдениетімізге тарту, қоғам дамуы мен ой-сана, ақыл-өрісін тәрбиелеу; Республикамыздағы Арнайы орта оқу орындары (Мамандандырылған музыка мектептері, колледждер) қатысушылары арасында достық қарым-қатынастың орнауына, игілікті бастамаларды қолдаумен қатар, өзара бәсекелестік тудыруға ықпал ету міндеттерін көздейді.
«Вокалдық өнер» мамандығы бойынша үлкен олимпиада ҚР БҒМ КСРО халық артисі, Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдық мерейтойына арналса, аталмыш мамандық бойынша кіші олимпиада ҚазКСР Халық артисі, профессор Н.А.Шарипованың 90 жылдығына арналды. «Дирижерлеу» мамандығы бойынша олимпиадалар ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор Л.Айдарбекованың 70 жылдығына арналған.
XIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадасының ұйымдастырушылары жүлделі орындарға ие болған жастарды шын жүректен құттықтап, болашақта бәсекеге қабілетті білікті маман болатынына сенеді.