Бүгін Сәбит Мұқанов дүниеге келген күн
Осыдан 121 жыл (1900-1973) бұрын қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны Сәбит Мұқанов дүниеге келген. Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде туған.
Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Ол 1918 жылдың күзінде Омбы қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды.
Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М. Жұмабаевқа хатшылық қызмет атқарды‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады.
1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды.
1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды. С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды.
1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-1928) болды.
1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды.
1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарды.
1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді.
1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936-1937, 1943-1951) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-1941, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді. Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) секілді шығармалар осы жылдардың жемісі. «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды. Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен марапатталды.