Қызғалдақ жұлған азамат 9 млн теңге емес, 9 мың теңге шамасында айыппұл төлейді
Күні кеше Бәйдібек ауданында 6 тал қызғалдақ жұлған азамат 9 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Бұған халық наразы болып, билікке реніштерін жаудырды.
Осы шуға байланысты табиғат жанашыры Қайрат Кәрібаев Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді. Оның жазуынша, кінәлі 9 млн теңге емес, 8 мың теңгедей ғана төлеуі мүмкін:
- Елді дүрліктірген 9 млн теңге айыппұл туралы бес тиынымды қоспасам болмады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу..." деп жазылған.
Тұра тұрыңыз! Тағы бір қайталап оқып шығайық. "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу".
Оқып шықсаңыз, бұл жерде ҚЫЗҒАЛДАҚ деген сөз жоқ екенін байқаған шығарсыз? Әлгі өсімдіктер мен жануарлар тізімінде ҚЫЗҒАЛДАҚ та бар. Демек, 9 млн (негізі 8 751 000 теңге) ол айыппұлдың ең жоғары мөлшері. Бұл сома архар, қарақұйрық, ақбөкен, аю, барыс т.с.с. жабайы аңдарды атып алған жағдайда ғана тағылатын штраф. Коэффициент бойынша әр Грейг қызғалдағына 0,5 АЕК (1 АЕК - 2917 тг) айыппұл жазылады. Біздің жағдайда бұл 8 751 тг.
Енді, 9 млн теңге деген сан қайдан шықты? Ол сома оқырман мен көрермен назарын аудару үшін жазылатын тақырып. Сіз бұл соманы көзіңіз шалып, мақаланы немесе сюжетті қызығып оқисыз/көресіз. Осылайша, ақпарат құралдары рейтінгін көтеру үшін өз мақсатына жетеді. Просмотр бар!
Пойыздың алдына түсіп жүгіре бермей, қандай да болсын ақпаратты қабылдағанда, әр сөзге мән беріп отырыңыз.
"6 қызғалдақ жұлған азамат 9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін". Осы жерде - МҮМКІН - көпшілік мән бере бермейтін сөз. Қоғам екі тарапқа бөлініп, қызыл кеңірдек боп айқайласқаннан ештеңе өзгермейді. Соны есте сақтайық!
Сонан соң, қызғалдақ (тюльпан) пен итқызғалдақ (мак) екі түрлі өсімдік екенін ажырата білу керек.
Туған жеріміздің табиғат алуантүрлілігін сақтап қана қоймай, оны қорғау - әрбір қазақстандықтың МІНДЕТІ! Біздің жерді қытайлық, португал, еврей, замбиялық т.б. келіп қорғамайды. Оны өзіміз қорғап, сақтаймыз, - деді табиғат жанашыры.